Ел үміті – жергілікті билікте. Үйде жарық жанбай қалса да, жылу болмай, су ақпаса да жұрт әкімді, әкімшілікті жағалайды. Әркім де жайлы баспанада тұрғысы келеді. Оны сатып алуға қауқары жоқтар тағы да әкімге мұң шағады. Баланы оқыту да әр адамға бір арман. Грант – елдің бәріне бірдей қолжетімді емес. Баласы грантқа түспеген ата-аналар келешегінен үміт етіп, баласын ақылы оқытады. Ақша жете бермейді. “Айналайынын” айтып, тағы да әкімге келеді.
Бұдан бөлек есік алдындағы тротуар нашарлап кетті, көше қараңғы, баға қымбаттап бара жатыр, мүгедектік берілмей жатыр, тағы да басқа мұқтаждықтарымен билікке маңдай тірейтін тұрғындарға әкім қабылдауы қолайлы болды. Ешқандай күзет, хатшы жоқ, емін-еркін кіріп, бетпе-бет отырып, мұңын шағып, мұқтажын айтуға келген жұрт үшін әкім қабылдау кезінде қолжетімді.
Өткен жетіде қала әкімі Нұржан Ахатов тұрғындарды қабылдап, мәселелері бойынша сұрақтарына жауап берді. Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдар тұрғын үй кезегі, жер, әлеуметтік көмек алу бағыттарын қамтыды.
Мәселелерге сала басшыларының талқылауымен заң аясында жауаптар берілді. Хаттамаға енгізілген сауалдардың бірқатары жедел шешімін тапса, кейбірі уақыт талабын қажет етеді. Айта кету керек, жыл басынан бері өткізілген жеке қабылдауларда 200-ге жуық азаматтың мәселесі сараланды.