Сырдың бас шаһары Қызылорда қаласының жыл сайын қарыштап даму үдерісі күнделікті көз алдымызда көрініс беріп келеді. Көк желекке көмкерілген көрікті көшелер, қызылды-жасылды жарықшамдар, әсем де заманауи зәулім ғимараттар осы сөзіміздің айқын дәлелі.
Сырдария өзенінің шығысынан батысына дейін жағалай қоныстанған құтты мекенде қарқынды даму процесі үздіксіз жүргізіліп жатыр. Сүйікті қаламыздың тәуелсіздік жылдарынан бергі даму тарихы мен әлеуметтік-экономикалық реформаны тереңдету бағдарламасын жүзеге асырудағы жүйелі жұмыстары оң өзгерістерге жол ашты.
Биыл ғана ғасырлық ғаламат тойын өткізген Сыр шаһарына келген көптеген қонақтар қаланың қазіргі келбетіне тамсанып, оң бағасын беріп жатты. Бұл да осынау өтпелі кезеңде қала өмірінде көптеген оң өзгерістер орын алғанын аңғартса керек.
Әрине, қай кезде де жетістіктермен қатар, кемшіліктер де бой көрсетіп тұратыны заңдылық. Дей тұрғанмен, күнделікті қала тұрмысын, ірілі-ұсақты олқылықтарды қалпына келтіруді қатаң бақылауда ұстап, ұдайы мониторинг жұмыстарын жүргізу кемшіліктерді рет-ретімен шешуге жол ашатыны сөзсіз.
Қала тазалығына тәртіп қатал
Қала келбеті бірінші кезекте сыртқы бейнесі мен көше тазалығына тікелей байланысты. Тазалық демекші, соңғы кездері өңіріміз тазалығы жағынан еліміз бойынша көш басында тұрғаны көңілге мақтаныш сезімін ұялатады. Көрші облыстардан келген қонақтар мен жолай өткен жолаушылар қаламыздың тазалығына қызыға қарап, тамсанып, сырбойылықтардың ұқыптылығына үздік баға беріп жатқаны көңілге қуаныш, бойға жігер сыйлайды. Бұған дейін Қызылорда десе аптап ыстық мен аңызақ желі көз алдына елестейтін өзге өңірдегі ағайындардың да көзқарастары өзгере бастағаны байқалады. Бұл бірінші кезекте еселі еңбек пен жүйелі жұмыстардың нәтижелі жемісі деп айтуға толық негіз бар.
Дегенмен де, бүгінгі жетістігімізге тоқмейілсіп, ертеңгі күнімізге жауапкершілік танытпауға әлі ерте. Алда қыруар шаруа, жарқын болашаққа жол ашатын жүйелі жоспарлар тізбектеліп тұр. Соған сәйкес, жүйелі жұмыс пен табанды тәртіп бір сәтке де толастамауы тиіс.
Бұл тұрғыда Қызылорда қаласы әкімінің тарапынан жоспарлы жұмыстарды жүйелі жүргізу қатаң сұралады. Оның ішінде қала орталығының сыртқы бейнесін сақтау, тазалық талаптарын ұстану жоғары маңызға ие. Соған орай арнайы топ рейд жұмыстарын үздіксіз жүргізіп тұрады.
Бұл жолы қала орталығының сыртқы бейнесін сақтау мақсатында арнайы жұмысшы топ кезекті рейд жүргізіп, жетістіктерге оң бағасын берсе, кемшіліктерді қалпына келтіруге қатал тәртіп қойды. Оның ішінде тексеру барысында бірқатар нысандар маңына заңсыз қоқыс тастау секілді тәртіп бұзушылықтар бой көрсетіп қалды. Мұндай келеңсіздік орын алған нысандарға ескертулер беріліп, хаттамалар толтырылды. Олқылықтарды заң аясында жедел шешуге талап қойылды.
Атап айтқанда, рейд барысында қала аумағындағы «Шишка» кафесі, «Бумер Сервис», «Бункер Kiver Club», сол сияқты бірнеше асхана аумақтары мен «Blade Barbershop» нысандарындағы кемшіліктер көзге ілікті. Аталмыш нысан иелеріне ғимараттың сыртқы бейнесі қала көркіне кері әсер ететіні кеңінен түсіндірілді. Кемшіліктерді қалпына келтіру талабы қойылып, әрдайым өздеріне тиесілі аумақты таза ұстау талабын сақтау қажеттігі ескертілді.
Сонымен қатар, Жұмысшы топ өкілдері қаланы аралау барысында А.Пушкин, Т.Жүргенов, Ғ.Мұратбаев пен А.Иманов және Ж.Қизатов көшелерінде тазалық тәртібін сақталмағанын анықтады. Яғни, аталмыш көшелерде тазалық тәртібін сақтамай, құрылыс қалдықтарын жол бойына тастау фактілері әшкереленді. Соған орай тазалық талаптарын бұзған үй иелеріне ескерту жасалып, заң аясында хаттамалар толтырылды.
Кезекті рейд барысында қаладағы Т.Есетов көшесі бойындағы тұрғын үй қақпасына ілінген тозығы жеткен билборд назарға алынып, жол бойының сәнін қашырып тұрған сыртқы жарнама дереу алынып тасталды. Сондай-ақ, заң бұзушылыққа жол берген бірнеше тұрғын үй, құрылыс материалдарын бей-берекет тастап, жаяу жүргіншілер жолын бөгеу, кәріз құдығының бетін ашық қалдырып, балалар өміріне қауіп төндірген жағдайлар белгілі болды.
Жалпы қала аумағында сыртқы келбетін сақтау бағытындағы бақылау шаралары үздіксіз жүргізіліп келеді. Әрбір рейдте жұмысшы топ кәсіпкерлер мен тұрғындарға қала аумағында тазалық сақтау шараларын, тұрмыстық қалдықтарды арнайы орындарға шығару және абаттандыру талаптарын орындаудың маңыздылығын кеңінен түсіндіреді.
Мал базарынан маза қашты
Қала аумағындағы мал базарына қатысты мәселе де көпті толғандырып тұр. Нақтысы, КБИ мөлтек ауданында орналасқан «Бұлан» мал базарындағы келеңсіздіктер халық тарапынан жиі көтеріліп келеді. Жергілікті жұртшылықтың шағымы әкімдік назарынан тыс қалмай, соған орай арнайы рейд те ұйымдастырылды. Бұл жолғы тексеру жұмыстары көптеген кемшіліктердің бетін ашып, тұрғындар талабын еселей түсті.
Негізінен аталмыш мал базарына қатысты халықтың шағымдануына бірнеше себеп бар. Алғашқысы, мал базарының ветеринариялық-санитарлық нормаларға сай келмейтіні сөз болса, келесісі аталмыш орынның тұрғын үйлермен жапсарлас орналасуы, төрт түлікті тиеген жүк көліктерінің тұрғындардың мазасын алуы және көлік кептелісінің орын алуына себеп болуы тұрғындарды ашындырып тұр. Соған орай халық тарапынан мал базарын қаланың сыртына көшіру бойынша талаптарын қоюда.
Рейд барысында базар маңына жиналған халықтың қарасы қалың болды. Жергілікті жамағат жұмысшы топқа базарға қатысты базынасын жайып салды. Тұрғындардың айтуынша, елдің тыныштығын бұзған жүк көліктеріне қатысты түйткілден өзге, жаз айдарында кененің шамадан тыс көбейіп, әсіресе балаларының қауіпсіздігіне алаңдайтынын тілге тиек етті. Сондай-ақ, өкпені қабатын күлімсі иістен ала жаздай терезелерін ашып отыруға мәжбүр болатынын жеткізді.
«Күн жылынып, жер қарағаннан жайбарақат тұрмыс кешуді ұмыттық. Ала жаздай күлімсі иістен тұншығамыз. Тереземізді ашуға мүмкіндік болмай қалды. Оның үстіне көше бойына шашылған мал тезегі мен сабан қалдықтарынан аяқ алып жүре алмайтын күйге жеттік. Жұбайым да мүмкіндігі шектеулі жан. Сасық иістен оның да денсаулығы сыр беріп, жедел жәрдем қызметіне жиі жүгінетін болдық. Жағдайымыз қиындап кетті. Бұл мәселе жедел шешілсе нұр үстіне нұр болар еді», – деп мұңын шақты қала тұрғыны Жорабек Маткосов.
Негізінен санитарлық-эпидемиологиялық талап бойынша ауыл шаруашылығы жануарларын сату нысаны тұрғын үйлерден 300 метр қашық орналасуы міндеттелген. Бұл тұрғыда «Бұлан» базарының бұл талап үдесінен шықпайтыны айтпасам да түсінікті. Сондықтан базарды қауіпсіз аймаққа көшіру қажеттілігі өздігінен сұранып тұр.
Өз кезегінде қалалық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Мейрамбек Әжібеков халықтың шағымы назардан тыс қалмайтынын, базарды көшіруді тиімді тетіктері қарастырылатынын тілге тиек болды.
Рейд барысында жұмысшы топпен кездескен базар бастығы Қылышбек Күзембаевтың да өз айтары бар екен.
«Негізі бастапқыда базардың орналасқан орны санитарлық талапқа сай болды. Мал базары жұмыс істеп тұрған алғашқы кездері тұрғын үйлер бұл жерден 300 метр қашықтықта болатын. Бірақ кейіннен базарға жапсарласа үйлер салына бастады. Жалпы қазірдің өзінде бұл аумақ халқының көпшілігі осы жерде мал базарының болуына қарсы емес. Сөзімен дәлел ретінде, қолымда тұрғындардың құжат түрінде берген келісім қағаздары да бар», – дейді базар бастығы.
Бір қызығы, тұрғылықты халықтың пікірі де екіге бөлінді. Бірі мал базарының шет аймаққа көшірілуін талап етсе, кейбіреулер атасынан бір мәрте ашылатын базардан нәпақасын тауып отырғанын жеткізіп, өзге жерге көшірілуін қолдамайтынын жеткізіп жатты. Әсіресе, қарсы тарапта малды бордақылап, базарға сатумен айналысатын кәсіпкерлердің үлесі басым.
Аталмыш жағдайға байланысты жұмысшы топ базар әкімшілігіне талаптарға сәйкес жұмыс жасауды түсіндірді. Дегенмен халықтың базынасы назардан тыс қалмады тиіс. Бұл тұрғыда Қызылорда қаласының жаңадан әзірленіп жатқан бас жоспарында тұрғын үй аумағында орналасқан мал базарын басқа аумаққа көшіру жоспарын енгізу қарастырылған. Соған сәйкес келешекте базарды тұрғылықты халықтың сұранысқа сәйкес қауіпсіз аймаққа көшіру мәселесі нақты шешімін табатын болады.
Жалпы қала әкімдігі тарапынан ұйымдастырылған рейд жұмыстары көптеген кемшіліктерді ретке келтіруге сеп болғанын байқадық.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ