Қалада орналасқан ескерткіштердің тазалығының да өзіндік орны бар. Соның ішінде «Тағзым» алаңының мағынасы зор. Мұнда келген әрбір тұрғын ерлікке тағзым етіп, отансүйгіштік деген қасиетке тәнті болады.
Олар да жас болды. Бойларында жас қайрат тұнып тұрды. Отан оларды ел қорғауға, бауырмалдық борышын өтеуге шақырды. Орындалмаған армандары қалды… Отбасы болсам, жар сүйсем деген мақсаттарына жетпеді. Бірақ, олардың ерліктері, есімдері мәңгілікке ел есінде.
Қызылорда қаласындағы «Тағзым» алаңы – ұлы рухтың ұлық орны. Мұндағы Тәжікстан-Ауғанстан шекарасын күзеткен, Ауғанстан соғысына, Чернобыль апатын жоюға, Семей атом полигонына қатысқан азаматтарға арнап қойылған ескерткіш көпшілік үшін ерлік ескерткіші саналады. Бұл ескерткіштер мемлекет қарауына алынған.
Ескерткіштердің тазалығы, «Тағзым» алаңының көгалдандырылуы, абаттандырылуы қаланың коммуналдық қызметі үшін осында есімдері жазылған ерлердің алдындағы тірілердің парызы десе де болады. «Тағзым» қай кезде де тазалықтың, әдеміліктің үлгісі. Мұнда серуендеуге, ескерткішке тағзым етуге келгендер алаңның тазалығына жауапты мекеме қызметкерлеріне, қала билігіне қай кезде де риза.