Көгілдір отынның көп қажеттілігін түсінген ел-жұрт кей елді мекенге газ жетемін дегенше тағатсыздана күтіп, шыдамсыздық танытып жүр.
“Сабалақ” елді мекені қала іргесіндегі саяжай болғанымен соңғы уақыттары ауылдардан көшіп келген, немесе қаладағы көп қабатты үйлерден жерге түскен жандардың жаз жайлауы, қыс қыстауына айналды. Бүгінде “Сабалақ” елді мекенінде халық саны жыл сайын артып, жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салынуда. Бұл – бір жағы.
Бүгінде ойын-сауық, демалыс орындарын ашып, табыс табамын деген кәсіп иелері үшін де “Сабалақ” саялы жер болып тұр. Саяжайға кіреберіс жолдары теп-тегіс көше, жарығы бар, аяқ су, ауыз суы бар мекен, расында да қызылордалықтар үшін жаз бойы тынығу, демалыс аймағы. Мұнда бір емес, бірнеше су бассейндері бар демалыс орындары орналасқан. Әрі саяжай иелері қала базарларын табиғи жеміс, көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Мал ұстауға да қолайлы.
“Сабалақ” тұрғындары негізінен үкіметтен жәрдем күтпей, өз күндерін өздері көріп жүрген тұрғындар. Олар үшін қыс қамы көмір тасып, отын бұтап, от жағу, әрине қала іргесінде тұрып, өте қиын тірлікке айналғаны да рас.
Соңғы 3 жылдың ішінде “Сабалақта” 5 млрд. теңге жуық қаржыға ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылды.
Жергілікті билік жол, ауыз су желісін тартып, бірқатар көшелерге жарық жүргізіп, қоғамдық көлікті реттеп қойғанымен, тұрғындардың табиғи газға деген сұранысы күн тәртібінен түскен емес. Тіпті, кейбіреулер жергілікті биліктің кемшілігін тауып, мінеу үшін де “Сабалаққа” газ керектігін сөзге арқау ететіні де жасырын емес.
“Сабалақ” тұрғындарының мәселесіне жіті қараған аймақ басшысы халықтың сұранысын қанағаттандыру мақсатында тиісті салаға мәселені жедел шешу туралы тапсырма беріп, демеушілік есебінен 53 млн. теңгеге жоба сметалық құжаттама әзірленді. Нәтижесінде, республикалық және облыстық бюджеттен жобаны жүзеге асыруға 3,2 млрд. теңге бөлініп, 2024 жылы елді мекенді газдандыру жұмыстары басталды.
Мердігер мекеме «Сырэнергогазстрой» ЖШС арқылы 3 кезеңнен тұратын жоба аясында 100 шақырымға жуық газ құбыры тартылып, 1 газ реттеуіш пункті мен 5 шкафты газды реттеу пункті орнатылды.
Қазіргі таңда пайдаланушы мекемелер тарапынан тексеру және қабылдау жұмыстары аяқталып, елдімекенге жеткізуші газ құбыры жоғары қысымды газ желісіне қосылды. Жыл соңына дейін барлық жұмыстар аяқталып, 1670 абонент көгілдір отынға қосылуға қол жеткізеді.
Аймағымызда 2021 жылдың соңында газдандыру деңгейі 67 пайыз болатын. Атқарылған ауқымды жобалардың арқасында 2022-2025 жылдар аралығында 63 млрд. 600 млн. теңгеге 77 жоба жүзеге асырылып, биыл облысымызда газдандыру көрсеткіші 83 пайызға жетті.
“Сабалақ” елді мекенінің тұрғыны Өтембетов Бақберген:
– Облыс, қала әкімшілігінің бастамасымен, қолдауымен “Сабалақ” халқына біраз жылдан бері күткен көгілдір отын келді.
Көгілдір отын – осы уақытқа дейін қаншама жылдар бойы “Сабалақ” тұрғындарының аңсаған армандарының бірі еді. Бүгінгі күні осы көгілдір отын келетін құбыр тартылып, газдың алды келіп жатыр.
Көгілдір отын әкелуге көп жұмыс жасаған мердігер мекеме жұмысшыларына, басшыларына да рахмет айтамыз. Халыққа көмір әкеліп жеткізудің өзі оңай болған жоқ. Кешегі күнге дейін жол жағдайы өте қиын болды. Елді мекендегі көшелерге де бірте-бірте жарық тартылып, қиыршық тастар төселіп, бір жобаға келіп қалды. Халықтың еңсесі көтеріліп қалды. Енді осы тұрғанда қуанғаннан айтарға сөзіміз жоқ. Көп іс атқарылды.
“Сабалақ” елді мекенінің тұрғыны Бекенов Есенгелді:
– Үш-төрт жылдан бері ертең, арғыкүні болады деп күткен газымыз елді мекенге кірді. Облыс, қала әкімшілігіне рахмет айтамыз. Халықтың қамын ойлап, жүгіріп жүрген еңбектері қайтты.
Жылдан жылға “Сабалақ” өзгеріп келеді. Бұрын ештеңе жоқ, әр жерде 3-4 үй еді. Қазір қалың ел болды. Көшелерге тас төселді, жарық жүріп жатыр. Мұның бәрі әкімшілік жігіттерінің көп жүгірген еңбегінің арқасы деп түсінемін. Енді газ келіп, көмірден, күлден құтылып, келіндеріміз, қыздарымыз қуанып жатыр. Осыған атсалысқан жандардың бәріне рахмет.