Құрылыс алаңына айналған Қыхыдорда қаласында толымды тірлік көп. Қаланың қай аумағына барсаңыз да, қарқынды жұмыстың куәсі боласыз.
Сыр шаһарында сәт сайын жаңа ғимараттар бой түзеп, қала келбеті өзгеше сипатта өріліп келеді. Тұрғын үй, әлеуметтік орындар, білім спорт ғимараттарының сап түзеп жатқаны күнделікті көз алдымызда көрініс тауып жүр. Бұған қоса көпшілікке арналған мәдени-демалыс орындарын заман талабына сай жаңғыртып, безендіру жұмыстары да назардан тыс емес. Биыл ғана қалалық демалыс паркінің тотықұсша таранып, қайта жаңғыртудан өткізіле бастағаны осы сөзімізге толық дәлел. Сол сияқты қала аумағындағы демалыс орындарының көпшілігі жаңарған кейіпке еніп жатыр.
Сондай орынның бірі – қаладағы Президент атындағы парктің қайта жаңғыртудан өткізіліп жатқаны көпке мәлім. Құрылыс жұмыстарының қарқынына қарап, бұған дейін елеусіз қалған саябақтың сәні мен салтанаты келісетін сәті жақын қалғаны байқалады.
Жалпы паркті абаттандыру жобасын «Bi Global» ЖШС қарқынды түрде жүзеге асырып жатыр. Мәліметке сәйкес, саябаққа 3 аллея, 6 субұрқақ, 5 амфитеатр, 7 балалар ойын алаңы, 4 спорт және 4 workout, 7 демалыс аймағын салу жоспарланған. Бұдан өзге 4 фудкорт, теннис үстелдері, биіктігі 50 метр болатын айналмалы дөңгелек аттракцион, би алаңы, стритбол, вело және жүгіру жолақтары салынатын болады. Саябақты қайта жаңғырту жұмыстары мұнымен тоқтамайды. Сол сияқты сахна, сарқырама каналдары мен көпірлер, шахмат, баскетбол және футбол алаңдары, арқан саябағы мен модульдік санитарлық нысандар бой түзейтін болады.
– «Саябақ көп жылдан бері көзден таса қалып, жетімнің күйін кешіп тұрған демалыс орны болатын. Биылғы парктің қайта жаңғыртудан өткізілуі көптің талабымен ұштасып жатыр. Қазіргі таңда қыруар шаруаны көріп, көңіл тояды. Алдын ала белгілі болғандай, бұл орында көптеген демалыс, ойын-сауық орындары, тұрғын үй кешендері, қонақ үй ғимараты мен мәдени нысандар бой түзейтіні айтылып жүр. Соған орай қаламыздың көрікті орындарының қатары көбейіп жатқанына қуаныштымыз. Бұл парк қала халқы үшін келешекте демалып, мерекелік шараларды өткізуге таптырмас орынға айналатытына күмән жоқ. Құрылыс қарқыны бәсеңдемей, еселі еңбектің өтеуі қайтып, ел игілігін көретініне сеніммен қараймыз. Осынау игі жобаны жүзеге асырып жатқан жанашыр жандарға ризашылығымыз шексіз», – деп қала тұрғыны Сапармен Ерімбетов шынайы алғысын білдірді.
Қала әкімдігінің айтуынша, бұл орында жыл он екі ай жұмыс істейтін 300 орындық заманауи балалар тынығу лагері мен Ботаникалық білім беру орталығының да іргетасы қаланып жатыр. Аталмыш құрылыс алаңында бас мердігер «Alem Qurylys AQ» ЖШС жобаға сәйкес спорт блогын, іс-шараларға арналған event-аймақ, тұрғын корпустар, қонақ үй үлгісіндегі шағын ғимараттар салу жоспарланған. Мұнымен қоса дәстүрлі киіз үйлер, ашық бассейн, стадион, футбол алаңы және сахна орнатылатын болады.
Парктің қысқаша тарихына тоқталар болсақ, демалыс орны 2007 жылы ел игілігіне пайдалануға берілген болатын. Жалпы аумағы 64,5 гектарды құрайды. Алайда саябақты қайта жаңғырту жұмыстары көп жылдан бері өздігінен сұранып тұр. Өйткені әу бастан паркте балалар ойын алаңы, демалу орындықтары, жарықтандыру және халық қажеттілігін туғызатын тағы басқа да олқылықтар менмұндалап тұрды. Соған сәйкес Президент паркінің ат шаптырым аумағын қайта жаңғыртуға бағытталған тың жобаны жүзеге асыру бастамасы көптің көңілінен шығып тұрғаны аңғарылады. Осы арқылы халық қажеттігілін туғызған кемшіліктер толық ретке келтіріліп, паркті жайлы, заманауи демалыс орнына айналдыру көзделіп отыр.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарын жүргізу қарқыны бір сәтке де назардан тыс қалған емес.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ