Жалағаш аудандық сотына талап қоюшы Б. шартты жарамсыз деп тану және ақшалай қаражатты қайтару туралы арызбен жүгінген.
Талапкер мен жауапкер арасында 31.05.2024 жылы модульдық үйге монтаждық жөндеу жұмыстарын жасау туралы келісім жасалған. Талап қоюшы өз кезегінде жауапкердің банктік есепшотына 12 300 000 теңге ақша аударған. Келісімге байланысты жұмыстың аяқталу уақыты 45 жұмыс күн болып белгіленген.
Алайда аталған мерзімде жұмыс жүргізілмегендіктен талап қоюшы арада жасалған шартты бұзып 27.10.2024 жылға дейін ақшаны қайтару туралы талап қойған, алайда аталған мерзімде талап орындалмаған.
Сот отырысында тараптар татуласу келісіміне келіп, соттан бітімгершілік келісімді бекітуді сұрады.
ҚР АПК-нің 48-бабына сәйкес, тараптар істі татуласу келісімімен немесе дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісіммен не дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісіммен аяқтай алады, алайда бұл келісім заңға қайшы келсе немесе қандай да біреудің құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзса, сот талап қоюшының талап қоюдан бас тартуын, жауапкердің талап қоюды тануын қабылдамайды және тараптардың татуласу келісімін немесе тараптардың дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімін не дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімін бекітпейді делінген.
Судья тараптардың келісім шартын зерттеп, оларды тыңдай отырып, медиациялық келісім бекітуге жатады деген қорытындыға келді.
ҚР АПК 177-баптың 2-бөлігіне сәйкес сот бітімгершілік келісімін жасаудың құқықтық салдарын тараптарға түсіндіріліп, іс жүргізу тоқтатылды, мемлекеттік баж талап қоюшыға қайтарылды.
Жалағаш аудандық соты