«Гүлдей нәзік, болаттай берік» облыстық жұмысшы арулар фестивалі –аймақтағы жұмысшы қыз-келіншектердің кәсібилігі мен шығармашылығын көпшілікке танытқан шара. Фестиваль мақсаты – қарапайым еңбек адамдарының адал еңбегі мен жетістігін дәріптеп, өскелең ұрпаққа өнегелеу, олардың қоғамдағы рөлін насихаттау.
Фестивальдің аудандық кезеңі Шиелі ауданынан бастау алып, аймақ көлемінде ұйымдастырылды. Шараға механизатор, түйеші, кран жүргізуші, тігінші, аспаз, тазалықшы, технолог, қоймашы секілді түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген 60-тан аса қыз-келіншек қатысты.
Фестивальді қорытындылауға арналған салтанатты жиын 3 наурыз күні «Анаға тағзым» орталығында өтті. «1 наурыз – Алғыс айту күні» және «8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі» қарсаңында ұйымдастырылған шарада әр ауданнан арнайы келген жұмысшы арулар, алдымен, «Анаға тағзым» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, клуб-студиялардағы шеберлік сағаттарына қатысты.
Кәсіпқойлығы мен шығармашылығын шебер ұштастырып, аудандық кезеңде ерекше көзге түскен 12 қатысушыға фестивальда «Еңбегімен көрікті», «Құрыш білек», «Адал табыс», «Кәсіби шебер» секілді арнайы номинациялар берілді.
Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия, «Сыр елі облыстық әйелдер кеңесі» ҚБ және «Анаға тағзым» орталығының бірлесуімен өткен шарада жұмысшы арулар концерттік бағдарлама тамашалап, өздері де сахналанған қойылым көрсетті.
Ел экономикасының дамуына, қоғамдағы гендерлік теңдікті нығайтуға, отбасылық тұрақтылықты сақтауға үлес қосып жүрген жұмысшы әйел-аналарды ардақтауға бағытталған шаралар «Анаға тағзым» орталығының базасында тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.