ӘРБІР ЖҰМСАЛҒАН ТЕҢГЕНІҢ ТИІМДІЛІГІН, НӘТИЖЕЛІЛІГІН ҰМЫТПАУЫМЫЗ КЕРЕК

15 сәуір 2022

– Мемлекет Басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында айтылғандай халықтың әл-ауқатын көтеру біздің стратегиялық мақсатымыз. Әрине, өңір тіршілігі проблемасыз болмайды. Қазірдің өзінде түйткілді мәселелердің бірқатарымен таныспын, саралайтын боламын. Оларды өзектілігіне қарай кезең-кезеңімен шешетін боламыз. Бұл ретте, әрбір жұмсалған теңгенің тиімділігін, нәтижелілігін ұмытпауымыз керек.

Қазіргі дағдарыс жағдайында экономика салаларына инвестициялар тарту, салық базасын ұлғайту, саяси тұрақтылықты сақтау, жаңа жұмыс орындарын біздің негізгі бағытымыз.

Мүмкіндігінше, күріш алқаптарын қысқартпауға тырысамыз. Өндіріс пен қызмет көрсетудің арасындағы жұмысты үйлесімді ұйымдастырып, мемлекет тарапынан қолдау шараларын тиімді пайдаланып, барынша өзіміздің тауар өндірушілерімізді қолдауымыз керек. Азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру мәселесі де күн тәртібінде. Сонымен қатар алдағы уақытта көп қабатты тұрғын үйлер салуға республикалық бюджеттен көптеп қаржы тартатын боламыз. Менің алға қойған міндеттерімнің барлығы әзірленіп жатқан Қызылорда облысы әкімінің Іс-қимыл жоспарында қамтылатын болады.

Облыстық мәслихаттың кезекті XIV сессиясынан

ӘРБІР МӘСЕЛЕНІ ӨЗЕКТІЛІГІНЕ ҚАРАЙ КЕЗЕҢ-КЕЗЕҢІМЕН ОРНЫҚТЫ ТҮРДЕ ШЕШЕТІН БОЛАМЫЗ

19 сәуір 2022

«Әр азаматтың туған жеріне адал әрі жауапкер шілікпен қызмет етуі перзенттік парызы деп санаймын. Қашанда халық бірлігі сарай салып, қамал алғызған. Әрбір қолға алған ісімізді бірлікпен, асқан жауапкершілікпен атқарсақ ғана кез келген қиындықтан сыр бермей шығамыз. Бұл жолда Президент ұсынған «Жаңа Қазақстан» бастамасын қолдай отырып, әрбір мәселені өзектілігіне қарай кезең-кезеңімен орнықты түрде шешетін боламыз.

Облыс әкімінің төрағалығымен өткен жиынынан

БЮДЖЕТ ҚАРАЖАТЫ ТИІМДІ ЖҰМСААЛУЫ КЕРЕК

05 мамыр 2022

Мен білім, мәдениет, спорт саласының жанашырымын. Аймағымызда жаңа нысандардың бой көтергенін мен де қалаймын. Бірақ, бірінші кезекте тұрғындарға ауыз су, газ, жол инфрақұрылымдарын жеткізу, осы мәселелерді шешу маңызды.

Осы орайда, менің тапсырмама сәйкес жоба құжаттарының өзектілігі, тиімділігін және сәулеттік келбетінің үйлесімділігін қарайтын арнайы кеңес құрылды. Кеңестің құрамына елге белгілі қаржыгерлер, құрылысшылар, жобалаушылар, өз саласының білікті мамандары кіргізілді. Бұдан былай, бағдарлама әкімшілері, қала және аудан әкімдері жүзеге асыратын жобаларын осы кеңесте қорғайды. Кеңестің оң шешімін алғаннан кейін ғана жоба жүзеге асырылатын болады.

Облыстық мәслихатының кезектен тыс сессиясынан.

«ҚЫЗЫЛОРДА ТАЗАЛЫҒЫ» МЕКЕМЕСІНІҢ ЖҰМЫСШЫЛАРЫ ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕ ТЕГІН ЖҮРЕДІ

25 мамыр 2022

Күннің ыстық, суығына қарамастан адал еңбек етіп, қаланың тазалығын сақтап жүрген «Қызылорда Тазалығы» ЖШС жұмысшыларына құрметіміз ерекше болуы тиіс. Таңның атысы мен кештің батысына дейін көше аралап жүретін азаматтарға барынша қолдау көрсетілуі қажет. Сол себепті, 1 маусымнан бастап бұл мекеменің барлық қызметкерлерінің қоғамдық көлікте тегін жүруін ұйымдастыру керек.

Облыс әкімінің тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдауынан

МҰНАЙ ТӨМЕНДЕП КЕЛЕДІ

28 мамыр 2022

Аймақ экономикасының негізін мұнай-газ саласы құрайды. Дегенмен, қазіргі таңда белгілі себептерге байланысты бұл саланың дамуы төмендеуде.

Облыс аумағында перспективалы және мұнайлы-газды үш шөгінді бассейн орналасқан. Қазіргі таңда екі бассейнде геологиялық зерттеулер жүргізу мәселесі шешімін тапты. Бірақ, Сырдария бассейні бойынша жобалық құжаттар дайындалғанмен, қаражат бөлу мәселесі шешілген жоқ. Сондай-ақ, мұнай өндіру көлемін арттыру үшін өндіру және барлау ұңғымаларының тереңдігін 3 мың метрден астам тереңдікке ұлғайту қажет. Бұл шаралар өндірілетін мұнай көлемін 1,5 есеге, ал жобалық мұнай беруді шамамен 50%-ға арттыруға мүмкіндік береді.

Облыс әкімінің Энергетика министрімен кездесуінен

ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫП, ЖАҢА ЖОБАЛАР ӘКЕЛУ КЕРЕК

02 маусым 2022

Әрбір жобаның артында қаржы тұрады. Жобаларды уақытылы атқарсақ, тұтас аудан, қала халқының әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік туады. Өкінішке орай, былтырғы жылы жобалар тым аз жасалған. Соның салдарынан аймаққа бірнеше есе төмен қаржы тартылған. Сондықтан бюджет қаражатына қарап қалмай, демеушілер тартып, инвесторлармен жұмысты күшейту қажет.

Облыс әкімінің төрағалымен өткен жиыннан

МЕКТЕПТЕР БАЛА САНЫНА ОРАЙ САЛЫНУЫ КЕРЕК

08 маусым 2022

Демографиялық өсімнің нәтижесінде мектепке баратын балалар саны артып келеді. Соған сәйкес, біз мектептерге талдау жасап, нақты қажеттілікті шығаруымыз қажет. Қаладағы бірқатар мектептерді аралап шыққанда байқағаным, бала саны өте көп мектептердің аумағында бос жерлер бар. Ал, керісінше бала саны аз аймақтарға тым көп сыйымдылықтағы мектептерді салып қоямыз. Бұл дұрыс есептіліктің жоқтығынан туындайды.

Облыс әкімінің Жаңақорған ауданына сапарынан.

КЕҢЕСШІ ОРГАНДАР САНЫ ҚЫСҚАРДЫ

16 маусым 2022

Биылғы жылдың сәуір айында Мемлекет Бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппа­­раттың қызметін бюрократиясыздандыру туралы Жарлыққа қол қойды. Мұның негізгі іс-шараларының бірі – Үкімет, орталық және жергілікті атқарушы органдар жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың (ККО) санын екі есеге қысқарту.

Осы тапсырма шеңберінде Қызылорда облысының әкімдігі тұрақты жұмыс істейтін консультативтік кеңесші органдар мен комиссияларға аудит жүргізді, оның қорытындысы бойынша оларды оңтайландыру және қысқарту туралы шешім қабылданды. Қолданыстағы 113 кеңесші органның ішінде құру мақсаты жүзеге асқан және әрі қарай өзектілігі болмайтын 46 комиссия және кеңес таратылып, нақты қызмет жасайтын 67 орган жұмысын жалғастыруда.

Нәтижесінде облыс әкімдігі жанындағы ашылған консультативтік кеңесші органдар саны 2 есе мөлшерде қысқарып, қағазбастылықпен күрес шаралары сәтті түрде жүзеге асырылды.

СЕКСЕУІЛ КЕНТІН ГАЗДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛМАҚ

23 маусым 2022

Биыл ауылдық елді мекендерді газдандыру бойынша 13 жобаны іске асыру басталды, оның 7-уін осы жылы аяқтаймыз. Нәтижесінде, 15 мыңнан астам халқы бар 7 елді мекен табиғи газға қол жеткізіп, оны тұтынатын халық санының үлесі 68 пайызға жетеді. Биыл Сексеуіл кентін газдандыру жұмыстары басталады. Жобаны келесі жылы аяқтау жоспарда бар.

Арал ауданының 65 шақырым жолын жөндеуге 2,5 млрд. теңге қаржы қаралды. Бұл қаржыға Жаңақұрылыс ауылына баратын автомобиль жолының, Қызылжар мен Шөмішкөл елді мекендері арасындағы автомобиль жолының құрылысын саламыз. Сондай-ақ, Бөген-Ақлақ автомобиль жолы, Сазды, Қызылжар елді мекендеріне кіреберіс автомобиль жолы, Аманөткел ауылына баратын автомобиль жолы, Сексеуіл кентіндегі темір жол өткелінен №231 мектепке дейінгі көшеге орташа жөндеу жұмыстары бар.

Облыс әкімінің Арал ауданына іссапарынан

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған