Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен кадрлық өзгерістерге орай актив отырысында Қызылорда облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы да таныстырылды.
Облыстық бірыңғай конкурстық комиссиясының шешімімен Қызылорда облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы лауазымына Ысмағұлов Болатбек Әбдулхайысұлы тағайындалды.
Облыс әкімі басқарма басшысын таныстырып, қызметіне сәттілік тіледі.
– «Болатбек Әбдулхайысұлы – түрлі басшылық лауазымдарда мол тәжірибе жинаған, мемлекеттік қызметте шыңдалған маман. Жаңа басшы тізгінін ұстаған күрмеуі қиын салада Мемлекет басшысы жүктеген және Үкімет бекіткен көрсеткіштерге қол жеткізу үшін ауқымды жұмыстар атқарылуы керек. Алда жылу беру маусымы, биыл жүйелерді жаңғыртуға республикалық бюджеттен 8,2 млрд. теңге бөлінді. Қазір қалада 9 шақырым жылу жүйелері ауыстырылуда. Ендігі кезекте осы бөлінген қаржыны тиімді, уақытылы және сапалы игеруіміз, басталған жобаларды мерзімінде тапсыруымыз керек», – деді облыс әкімі.
Актив отырысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев сөз алып, басқарма басшысын жаңа қызметімен құттықтады.