Қызылорда облысының әкімдігі.
Арал ауданының әкімдігі.
«Қазақстан темір жолы ҰҚ АҚ» басқармасы.
Ауыл тұрғындары үшін ең қажетті мәселені айтпақшымын. Әңгімені тарқатып айтар болсақ біздер Қызылорда облысы, Арал ауданы, Қарақұм ауылдық округінің орталығы Абай ауылы, «Абай» темір жол стансасының тұрғындары өзіміз үшін, яғни округ тұрғындары үшін шешімін таппай отырған өте өзекті мәселені назарларыңызға ұсынамын.
2013 жылдан бастап ауылымыздың үстінен «Бейнеу – Жезқазған» темір жолы өтіп жатыр. Бұл жолдың салынуы аудан орталығынан шалғай орналасқан және құмның арасында тіршілік етіп жатқан ауыл халқы үшін пайдасы зор болды. Жұмыссыз жүрген ауыл жастары жұмысқа орналасса, бір жағынан алыс жерлерге қатынау мәселесі әжептәуір жеңілдеп, бүгіндері ел қуанышына айналып отыр.
Енді біздің негізгі айтпағымыз: ауыл орталығанан 1,5 шықырым шамасында Арал қаласы мен мал өрісі бағытында «Бейнеу – Жезқазған» темір жолының 868 шақырымында орналасқан Сексеуіл жол дистанциясына қарасты №2 темір жол телімі қарамағындағы «Абай» темір жол стансасының мамандандырылған шлагбауымды күзет қызметімен қамтамасыз етіліп отырған темір жол өткелі орналасып, ауыл тұрғындарының малының жайылымға өрісіке еш кедергісіз, қиындықсыз өтуін және де басқа көлік қозғалысын реттеп, қамтамасыз етіп отырған болатын.
Ең бастысы осы өткел маңында тәуліктің қандай уақытында болмасын темір жол салынғалы он жылға жуық уақытта техника, адам және малға қатысты бірде-бір рет де қайғылы жағдай орын алған емес. Бұл осы темір жол өткелінің арнайы мамандандырылған шлагбауымды күзет қызметінің арқасы екені тайға таңба басқандай көрініп тұр.
Олай болса біздер, Қарақұм ауылдық округінің тұрғындары, Темір жол басшылырының осы темір жол өткелін «Темір жол өткеліндегі қызмет пен оны жөндеуді ұйымдастыру туралы МТиК РК – нің 25 наурыз 2011 жылғы №168 санды және осыған қоса МИИР РК-нің 10 шілде 2019 жылғы №495 санымен бекітілген» Ережесінің №13 бабын алға тартып, өткелдегі кезекшілік күзет қызметін алып тастап, 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап күзетсіз, автоматтандырылған темір жол өткеліне айналдырғанына қатты наразымыз.
Өйткені бұл дегеніңіз алдағы уақытта темір жол өткелі арқылы өтетін мал, көлік қозғалысында бақытсыз жағдайлардың көптеп орын алуы әбден мүмкін деген сөз. Тіпті осы темір жол өткеліндегі ұйымдастырылған кезекшілік, күзет қызметін алып тастау туралы темір жол басшылығының шешімі біздердің арамызда қорқыныш пен үрей туғызып отыр.
Осы өткелдегі күзетті алынады дегеннен бастап басшыларға күзет жұмысын қалдыру жөнінде талай мәрте өтініш айттық. Өткен жылдың 1 желтоқсанында жоғарыдағы темір жол басшылығынан аталмыш темір жол өткеліндегі мамандандырылған шлагбауымды күзет қызметін қайта қалпына келтіруді сұрап «Қазақстан темір жолы АҚ» басқармасының төрағасы Н.Е.Сауранбаевқа, 21 желтоқсан күні «Самұрық-Казына» акционерлік қоғам басшылығы мен «Қазақстан темір жолы ҰҚ АҚ» басқармасына ауыл тұрғындары атынан хаттар да жолдадық. Нәтижесінде ешқандай да жауап ала алмадық… Қалай болған күнде де темір жол өткеліндегі мамандандырылған шлагбауымды күзет қызметі қайта қалпына келтірілуі тиіс…