Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасы бойынша сотталған адамдардың санын жариялады. Президент қаңтарда мемлекеттік құрылысты бұзуға бағытталған террористік шабуыл болғанын, сондықтан оған қатысы бар барлық адамды жауапқа тарту мәселесі ерекше бақылауға алынғанын жеткізді.

«Ал «20 мың террорист» туралы айтар болсақ, ондай мәліметті құқық қорғау органдарының бұрынғы басшылары берген. Барлық республика бойынша алынған мәлімет еді, бәріңіз жақсы білесіздер, 13 қалада бір уақытта қоғамдық тәртіпті бұзу үшін билікке қарсы әрекеттер жасалды. 5500 қылмыстық іс қозғалған болатын. 500 іс сотқа жолданды. Осы орайда ерекше атап кететін жәйт, 23 адам ғана бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Осының өзі біздің егжей-тегжейлі тексеру жасап отырғанымызды дәлелдеп отыр» деп атап көрсетті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қаңтар оқиғасы кезінде бандит пен террористердің әрекетінен көп шығын келгенін ерекше атап өтті: «1600 қызметтік және коммерциялық ғимарат зақымданды. Мыңға жуық көлік өртеніп, үш мың қару-жарақ ұрланды. Әрине, қаза болғандар да аз емес. Олардың ішінде бандит пен террористер көп болды».

Қасым-Жомарт Тоқаав қаңтар оқиғасы кезінде елден кетуге ұсыныс жасалғанын мәлімдеді. «Россия 24» арнасына сұхбат берген ол қаңтар оқиғаларының негізгі мақсатын да айтты: «Барлық төңкерістің негізгі мақсаты бір ғой, ол – басқа адамдардың билікке келуі. Ал маған келетін болсақ, ол күндері президент резиденциясында болдым, ешқайда шыққан жоқпын. Әлбетте, осы жерде түнеп жүрдім».

Президент жаппай тәртіпсіздіктер басталғанда ешқайда кетпейтінін мәлімдеген. Осыны тағы бір мәрте еске салды: «Маған кейбір «жолдастар» тікұшақка немесе ұшаққа отырып, Қазақстаннан кетуге ұсыныс жасаған. Мен, әрине, ондайды жоспарлаған жоқпын. Осы жерде аяғына дейін қалуға міндетті екенімді білдім».

Адам айтқысыз айуандықтар бейбіт шеруге шыққан адамдардың қолынан келмейтіні айтпаса да түсінікті. Митингілердің қарулы қырғынға ұласып кетуінің артында қасқырдай анталаған «үшінші күш» тұрғаны анық. Бұған дейін еліміздің саяси алаңында билік және ресми оппозиция текетіресіп келді десек, енді бұларға қарсы, олардың қателіктерін ретін тауып, тиімді пайдаланып кете алатын күш бар екені қаңтар оқиғасында анықталды.

Мұны «үшінші күш» деп айтуға толық негіз бар. Бір күннің ішінде қазақтың ғажап қаласына айналған Алматының быт-шытын шығарып, қолын қанға бояған бұл топтың ұйымдастырушылары сол биліктің ішінде талай жыл жүріп, қыруар қаржы жинап алған олигархтар екені дау тудырмайды. Өйткені бір мезетте Қазақстанның 13 қаласында ойран салу материалдық ресурсы жоқ қарапайым халықтың қолынан келмейтіні айдан анық.

Халықтың көзіне көрінбей, сырттан басшылық жасап отыратын астыртын күштің барлық іс-қимылы жасырын әрекет жасаудың барлық канондарына бағынатыны әбден түсінікті. Олар қаңтар оқиғасына ерекше дайындықпен келгені сөзсіз. Өйткені елдің мемлекеттік құрылымын өзгертуге бет түзеген олардың мақсат-мүддесін жүзеге асыру үшін көптеген стратегиялық және тактикалық дайындық керек. Олар осы дайындықты бүге-шігесіне дейін өткізгені қаңтар оқиғасының өрбуі барысында анық байқалды. Олар тіпті сол мемлекеттік құрылымның ең маңызды буындарында отырған тұлғаларды да өз мүддесіне пайдалана білгенін қаңтар оқиғасы толық дәлелдеп берді.

Қазақстанда «Үшінші күштің» пайда болуы 2019 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың билікті Қасым-Жомарт Тоқаевқа беруінен басталды десек те болады. Сол кездің өзінде ашық айтылмағанымен, ең жоғары биліктен дәмелі көптеген тұлғалардың елбасының бұл шешіміне көңілі толмағаны жасырын емес. Олар сол кездің өзінде президенттік биліктің ұзақ мерзім бойына ауыспауын тіледі. Өйткені бұл жағдай оларға өте тиімді еді.

Сөз жоқ, олар билік басына адал да халықшыл Қасым-Жомарт Тоқаевтың келгенін жақсы ырымға баламағаны анық. «Үшінші күш» жаңа Президенттің алғашқы айлардағы демократиялық қадамдарының өзінен секем ала бастаған еді. «Үшінші күш» сол кезде-ақ ұйымдаса бастады деп отырғанымыз да сондықтан.

Ал қаңтарда бейбіт шеруге шыққан халықтың осы қадамын өздерінің арам пиғылдарын жүзеге асыруға пайдаланып кеткен олардың енді шынында да заң аясында билік үшін күресуге ешқандай мүмкіндігі жоқ. «Үшінші күш» осы үлкен мүмкіндікті жіберіп алмау үшін жанталасқаны қазір тайға таңба басқандай білініп отыр. Олар қаңтарда халыққа жағатын демократиялық ұрандарды көтере отырып, алаңдарда жүрген қараша жұртты өз санатына оңай қосып алды.

Осының салдарынан адам шығынына жол берілд. Алаңдарда еш кінәсі жоқ адамдар оққа ұшқан жағдайлар да тіркелді. Лаңкестер лаң салып, елдің ойранын шығарған қарулы шабуыл кезінде 230 адам қаза тапты. Бұл – Бас прокуратураның мәліметі. Ал адам құқықтары жөніндегі уәкіл 238 адам көз жұмғанын айтып отыр. Бас прокурор Берік Асыловтың айтуынша, 766 күдікті ұсталған. Олардың дені 30 жасқа толмаған, жоғары білімнен жұрдай, жұмысы жоқ азаматтар. «350 мың жедел тергеу шаралары жүргізілді, 20 мың тінту, тергеу жұмыстары жасалды. 3,5 мың сот сараптамасы тағайындалды, 766 күдіктінің 19-ы деструктивті діни ағымның жетегінде жүргендер болып шықты. 27 адам біздің елде тиым салынған экстремистік ұйым белсенділері. 113 ер адам бұрын адам өлімі, тонау, қарашылық үшін сотталғандар», – дейді Берік Асылов.

Иә, айдың күннің аманында елді аңыратқандар бейбіт митингке шыққандар емес, қарулы лаңкестердің ісі екендігіне ешкімнің шүбәсі жоқ. Мемлекетте төңкеріс жасап, билікті күшпен басып алғысы келгендердің әрекеті екендігі талай дәлелденді. Тәуелсіз сарапшылар да мұны мойындап отыр. Сол кезде қалың халықты қатты алаңдатқан мәселе абақтыдағы азаптау фактілері болды. Сол себепті де «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы осы тақырыпты көп көтерді. Күшпен мойындату болғанын Бас прокуратура да растап отыр. Бұл ретте 243 қылмыстық іс қозғалды. «Қатігездік әрекеттер туралы азаптаулар мен өкілеттіктерін асыра пайдалану фактілері бойынша осы 243 іс бойынша қылмыстық істердің қаралау барысында қанша лауазымды қызметкер жұмысынан шеттетілді? Әлде олар әлі жұмыстарын жалғастырып жатыр ма?» деген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсенбиновтің сұрағына ҚР Бас прокуроры Берік Асылов жауап бергенін білеміз: «9 адам қамауға алынды. Оның ішінде, ұлттық қауіпсіздік органы, 1 полиция қызметкері.

Депутаттар, адам құқықтары жөніндегі уәкіл, құқық қорғаушылар заңбұзушылық жасаған азаматтарға тек Қылмыстық кодекстің көзімен ғана емес, адами гуманистік көзқараспен қарауға шақырды. Уақытша ұстау изоляторынан 302 азамат босатылды». Осы орайда Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова да өз ойын білдірді: «Олар біздің қамалғандардың туыстарымен адвокаттардың өтініштерімен босатылды. Сондай-ақ тағы да 11 азамат қамауға алынған жоқ. Бұрын қамалған 200 азаматқа бұлтартпау шарасы өзгертілді. «Ауыр қылмыс жасады» деп айыпталған кәмелетке толмаған 29 баланың 28-і ата-аналарының кепілдігімен босатылды. Заңды белден басып, лауазымын асыра пайдаланып қамалғандарды ұрып соққан қызметкерлер тиісті жазасын алады. Күштік құрылым өкілдері осылай деп иландырды. Қоғамның көкейінде жүрген тағы бір мәселе бар. Тіпті үрей бар. Себебі, ұрланған 3 мыңға жуық қарудың 2 мыңы әлі қылмыскерлердің қолында жатыр».

«Халықпен кездесулерде естігеніміз – олар қарудың көп бөлігінің әлі табылмағанына алаңдаулы. ТІпті кей өңірлерде адамдар оларды іздеу жұмыстарына үлес қосуға дайын отыр. Іздестіру жұмысын қалай тиімді етпексіздер?» деген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Унжакованың сұрауына ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов жауап берді: «Республика бойынша арнайы «Қару» операциясы жалғасуда. Оның барысында 1215 қару және 22 мың оқ-дәрі қайтарылды. Сонымен қатар азаматтар ерікті түрде 120 қару тапсырды. Заңсыз қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған адамдар жауапқа тартылмайды. Депутаттар қарулы шабуыл кезінде қаза тапқандар мен жарақат алған әскерилердің отбасына жәрдемақы беру мәселесін де нақтылады. Жауапты органдар бұл істе мін жоқтығын алға тартты. Жауығып қылмыс жасағандар жазасын алар. Қалай болған күнде әділдіктің үстемдігі – адам құқығының сақталуы».

Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов қаңтар оқиғасы кезінде қанша күдікті ұсталғанын, қандай қылмыстар тергеліп жатқанын айтты. Алматы, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Өскемен, Ақтөбе, Атырау және Семей қалаларында 1466 әртүрлі ғимаратқа шабуыл жасалды. Оның ішінде, 71 мемлекеттік мекеме, 12- сі әкімшілік ғимарат мен 27 полиция нысаны бар. Айтуынша, тәртіпсіздіктер барысында бизнес нысандары ең көп зардап шеккен, әрі 1395 бизнес нысан тоналған. 700-ден аса көлік бүлінді. Оның 500-ден астамы полиция, қорғаныс, төтенше жағдай министрліктері, жедел жәрдем және өзге де органдардың қызметтік көліктері. 116 көлік тұрғындарға тиесілі. Қаңтар оқиғасы кезінде 7 аңшылық дүкеніне шабуыл жасалғанын, 1564 қару ұрланғанын атап өтті. Ол Мемлекет басшысы лаңкестік актілердің себептерін және ұйымдастырушыларды анықтау бойынша тергеуді Бас прокуратураға тапсырғанын жеткізді.

Қылмыстардың 70 пайызы немесе 1356 қылмыстық іс ұрлыққа байланысты. Олар тәртіпсіздіктерден туындаған хаос негізінде Алматы қаласының сауда объектілеріне жасалған ұрлық істері болып саналады. 127 қылмыстық іс атыс қаруы мен оқ дәрілерді заңсыз сақтау фактілері бойынша, тағы 30 қылмыстық іс оларды ұрлау бойынша тергеліп жатыр. 63 қылмыстық іс мүлікті қасақана бүлдіру және жою, 12 қылмыстық іс көлікті айдап кету, 24 қылмыстық іс карақшылық тонау, 23 іс құқық қорғау органдары қызметкерлеріне күш қолдану және олардың өміріне қол сұғу фактілері бойынша тіркелді. Ұрлық пен тонау дерегі бойынша 274 адам уақытша ұстау абақтасына қамалған.

Ұсталғандардың кінәсі ұрланған тауарлар мен қару түріндегі алынған заттай дәлелдемелермен, сондай-ақ бейнебақылау камераларының жазбаларымен, әлеуметтік желідегі роликтермен, күдіктілерге тиесілі ұялы телефондардан табылған деректермен дәлелденеді.

(Жалғасы бар)

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған