Ауылдық округтегі ең өзекті мәселелердің бірі ауылды табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылға 4 млрд. 403 млн. теңге қаржы бөлініп, 16,5 шақырым болатын жоғары қысымды, 9,6 шақырым болатын орта қысымды газ құбыры мен автоматты газ тарату станциясына (АГТС -1- ГГТП -1) кеңейту жұмыстары жүргізіліп, қазіргі таңда, 123 шақырым болатын төменгі қысымды газ құбырын тарту жұмыстары мен үйлерге түтік шығару жұмыстары жүргізілуде.

Өткен жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде 3 млн. 724 мың теңгеге №5 көшеге тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Ал, биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 3 көшеге, яғни Ә.Құдабаев, Ш.Беркінов, №17 көшелерге орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Н.Өткелбаев пен А.Құнанбаев көшелеріне түнгі жарық бағаналары орнатылады. Сонымен қатар, 32 көшені электр желілерімен қамту үшін және «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында М.Тоқтамысұлы, Қ.Иманбердиев, Орманбаевтар, О.Жакенов көшесінің бас жағы, Х.Манабаев, С.Стамбеков, Байтен көшелеріне орташа жол жөндеу, Ә.Құдабаев көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салу және түнгі жарық бағаналарын орнату жобалары қаржыландыруға ұсынылды.

2022 жылы ауыл орталығынан «Samruk – Kazyna Trust» корпоративтік қоры спорт кешені құрылысын бастады. Сонымен қатар «Балалар жылы» аясында демеушілердің қаражаты есебінен ауылдық округтен екі спорттық ойын алаңдарының құрылысы басталды. Кіші футбол алаңы мен тренажерлық құрылғылары орнатылып, 1 спорт ойын алаңы пайдалануға берілді, екіншісінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Бұдан бөлек мемлекеттің шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға жасап жатқан қолдауының нәтижесінде кәсіпкерлік саласында еңбек етіп жүрген ауыл тұрғындарының саны 99-ға артып, бүгінгі күні 408 кәсіпкерлік нысан жұмыс істеуде. Мемлекеттің шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бағдарламалары негізінде кәсіпкерлердің 160 млн. теңге болатын 18 жобасы қаржыландырылып, 31,4 млн. теңге болатын 25 жоба қайтарымсыз грантқа ие болған.

«Бір ауылға – бір жылыжай» жобасы аясында жеке кәсіпкер «Шапағат» «Өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымы арқылы 7 млн. теңге несие алып, жылыжайды кеңейту жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар «КазАгроМир» ЖШС-нің автоматтандырылған өндірістік жылыжай кешенінде 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, қияр, қызанақ егіп, өнімдерді жергілікті нарыққа ұсынуда.

Мәмбетәли АҚМЫРЗАЕВ

Ақсуат ауылдық округінің әкімі

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған