2020 жылдың қыркүйек айынан бастап осы уақытқа дейін Су ресурстары комитетінің Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Арал- Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы қызметін атқарып келген Сейілбек Нұрымбетов Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев оны жаңа қызметімен құттықтап, жаңа қызметінде сәттілік тіледі.
Облыс әкімі Н.Нәлібаев:
– «Сейілбек Серғазыұлы өз саласының білікті маманы ретінде мемлекеттік қызметте абыроймен еңбек етіп, қызметте сатылап өскен тәжірибелі кадр. Ресейдің алдыңғы қатарлы университетін бітірген, су ресурстары саласында терең білімі мен тәжірибесі бар мықты маман. Соңғы жылдары бассейн аумағында орын алған су тапшылығы кезеңінде лимиттерді белгілеу, су ресурстарын тиімді пайдалану, реттеу және экологиялық жағдайды жақсарту және 2022-2023 жылдар аралығындағы мол суды апатсыз өткізу барысында Сейілбек Серғазыұлының басшылығымен инспекция тарапынан ұтымды ұсыныстар беріліп, нәтижесінде оң шешімдер қабылданды. Халықаралық Аралды құтқару қоры мен мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының шешімдерін орындау және жүзеге асыруда табанды іс- әрекеттер жасады», – деді.
Аймақ дамуы жолындағы еселі еңбегі үшін Сейілбек Нұрымбетовке Қызылорда облысының Құрмет грамотасы табысталды.
Су шаруашылығы саласының майталман ардагері Әділхан Қарлыханов Сейілбек Нұрымбетовті құттықтап, мол табыс тіледі.
Өз кезегінде Сейілбек Серғазыұлы әріптестеріне алғыс білдіріп, алдағы уақытта да туған жерге қызмет етуге әзір екенін атап өтті.