Ағымдағы жылдың 27 ақпан күні қалалық әкімдігінің аппарат мәжілісінің кезекті жиыны өтті. Күн тәртібіне қойылған мәселелер төңірегінде сөз қозғамас бұрын, әкімшілікте орын алып отырған кадрлық өзгерістер жайы таныстырылды.
«Мемлекеттік қызмет өткерудің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №152 Жарлығына сәйкес, мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру, дамыту мақсатында ротациялық схема бойынша мемлекеттік қызметшіні «орталықтан – өңірге», «өңірден – орталыққа» тағайындау жүргізіледі делінген. Осыған байланысты «өңірден орталыққа» ротация тәртібімен қала әкімінің орынбасары қызметін атқарған Қасымова Ақзира Бақтыбайқызы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім департамент директорының орынбасары қызметіне, «орталықтан – өңірге» ротация тәртібімен ҚР Президенті Әкімшілігінен Ермеков Дінмұхаммед Жандарбекұлы Қызылорда қаласы әкімінің өкімімен қала әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Ендігі кезекте Дінмұхаммед Жандарбекұлы экономика және қаржы, ауыл шаруашылығы және жер, кәсіпкерлік салаларына жетекшілік етпек. Қала әкімі жаңа қызметімен құттықтап, артар үміті зор екендігін айтып өтті. Кешеге дейін аталған салаларға жауапты болған қала әкімінің орынбасары Сейілов Жанмұрат Жақсымұратұлы жылы орнын Жандарбекұлына босатып беріп, мәдениет және спорт, қоғамдық даму мен әлеуметтік мәселелер, білім саласына жауапты жетекші болып жылжыды.
Қызылорда қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес бірнеше бөлімдер қосылу жолымен қайта ұйымдастырылып, мекеме атаулары да өзгерді. Яғни, 2023 жылдың 26 қаңтарынан бастап, «Қызылорда қаласының экономика және қаржы бөлімі» КММ; «Қызылорда қаласының ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімі» КММ; «Қызылорда қаласының мәдениет және спорт бөлімі» КММ болып қайта аталды.Одан бөлек, қалалық Ішкі саясат бөлімінің атауы «Қызылорда қаласының қоғамдық даму бөлімі» КММ болып өзгерді.
Қала әкімінің өкімімен 2023 жылдың 1 ақпанынан бастап Баймаханова Гүльнар Бұрханқызы қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы қызметіне, Тажмаханов Жағыпар Айтбайұлы қалалық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы болып, 2023 жылғы 4 қаңтардан бастап Шайкамалов Бақытбек Әлімұлы Қызылорда қаласы әкімі аппаратының персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалды. Қала әкімі тағайындалған тұлғаларды жаңа қызметтерімен құттықтап, нәтижелі жұмыс күтетіндігін айтты.
Аппарат мәжілісінде айтылған кадрлық өзгеріс осы. Өзгерістер жайлы сөзден соң, қала әкімі қалалық қаржы бөлімін басқарып келген Айменов Сейтмахан Нұрәліұлын құрметті еңбек демалысына шығуымен құттықтап, «Құрмет» грамотасымен марапаттап, қазақтың байырғы салтымен иығына шапан жапты.
Қала әкімі содан соң барып, кезекті күн тәртібіндегі мәселелерге берді. Олар: қаланың санитарлық тазалығы, көркейту- көгалдандыру және абаттандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы; қаладағы «қызыл сызық» талабын сақтамай салынған нысандар туралы; кәсіпкерлікті дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы.
Алғашқы аталған мәселе төңірегінде баяндама жасау үшін сөз қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Файзуллаев Жеңісбек Исламұлына берілді. Бөлім басшысы өз баяндамасында 2022 жылы атқарылған жұмыстар жайын жіпке тізді. Қаланы көркейту-көгалдандыру мақсатында биыл 484,7 млн теңге бөлінгенін айтып, қазіргі таңда конкурстық мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Санитарлық тазалыққа келетін болсақ, «Қызылорда Тазалығы» мекемесі 5 бағыт бойынша жұмыстар жүргізіп жатқанын, оның ішінде негізгі тізбегі деп санитарлық тазалық, тұрмыстық қалдықтарды шығару, көпқабатты үйлерге қызмет көрсету, тұрғын үйлерді қайта жаңғырту, тұрмыстық қалдықтардың полигон қызметін атап көрсетті.
Баяндамадан соң қала әкімі сол жақ жағалау мен шет жақ көшелердің санитарлық тазалығының сын көтермейтіндігін, назарда тек негізгі көшелер екендігін, көпқабатты үйлердің алдындағы қоқыстардың уақытылы тазартылмайтындығын, тротуарлар мен арықтардың тазалығына көңілі толмайтындығын, ашық ашына айтып бөлім басшысына 5 күн уақыт беріп, айтылған сын-ескертпелердің орындалуын талап етті. Бұдан бөлек қала басшысы «Сарқырама» каналына ерекше тоқталып, кафельдерінің құлап, онымен қоса іші де қоқысқа толы екендігін қынжыла айтты.
Аппарат мәжілісінде қала әкімі ауыл әкімдері кабинеттерінен шықпайтындықтан ауылдың тұрмыс-тіршілігінен бейхабар екендігін тілге тиек етті. Ауылға кіреберістен санитарлық талаптар сақталып, тазарту жұмыстарын жүргізуді, сенбіліктерді ұйымдастыруды, рейд жасап, қала-ауыл тұрғындарына ескертуді тапсырды.
Күн тәртібіндегі қаралған екінші мәселе – «Қаладағы «қызыл сызық» талабын сақтамай салынған нысандар туралы» хабарлама жасау үшін сөз қалалық сәулет және қалақұрылысы бөлімінің басшысы Қожахметов Ғабит Тындыбекұлына берілді. Бөлім басшысы өткен жылдың жұмыстарын қысқаша баяндады. Бұл ретте де қала әкімі сала басшысына бірнеше сын-ескертпелер жасады. Айта кететін болсақ, заңды пысқырмай, заңсыз нысан салған азаматтарға шығар сот шешімін күтіп, қол қусырып қарап отырмай, жедел түрде шешім қабылдауға бейімделу қажет екендігін ескертті. Бұл бағытта берілген тапсырмалардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қадағалау қала әкімінің орынбасары Еркебай Ғалымжанға тапсырылды.
Қарастырылған соңғы мәселе «Кәсіпкерлікті дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы» хабарлама жасау үшін сөз қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Аманкелдиев Бағлан Бақытжанұлына берілді. Бөлім басшысы қаламызда кәсіпкерліктің қарқынды дамып жатқанын хабарлап, өткен жылға қарағанда биыл кәсіпкерлер саны 23,1%-ға артқанын мақтанышпен айтты. Қаланың 10,1%-ы шағын кәсіпкер ретінде тіркелгендігін де тілге тиек етті. Өңірде кәсіпкерлікті дамыту бағдарламалары мен шараларын көптеп өткізіп, сонымен қоса, ауылдық мекендерде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатқандығын жеткізді. Қала әкімі осыған дейін тапсырылған «1 ауылға – 1 жылыжай» жобасының жай- жапсарын сұрады. Бөлім басшысы Қарауылтөбе, Ақжарма, Қызылөзек ауылдық округтерінде тиісті жұмыстар атқарылмағанын айтып өтті.
Қызылөзек ауылдық округінің әкімі бұл жайтқа ауылда газ жоқтығын алға тартып, соның салдарынан инвесторлардың жоқ екендігін айтты. Бірақ қала әкімі бұл себепті негізсіз деп тауып, аталған ауылдың дәл осы бағытқа ыңғайлы екенін алға тартты.Қарауылтөбе ауылдық округі болса, жылыжайдың жоқтығына ниет білдірушілердің жоқтығы деп жауап берді. Берілген тапсырмалардың тыңғылықты орындалуына жауапты қала әкімінің орынбасары Дінмұхаммед Жандарбекұлы болды.
Жалпы жиында қарастырылған мәселелер осымен тәмам. Қаланың көркеюі мен дамуы тек жауапты мамандарға ғана емес, қаланың әрбір азаматына байланысты. Сондықтан да, қоршаған ортаны ластамай, таза ұстауды әдетке айналдыруымыз қажет!
Мұхаммедшах Каюп
Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар