2023 жылы Қызылорда қаласының тұрғыны Б. мен «M» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында ақылы қызмет көрсету шарты жасалған.
Шарт бойынша серіктестік Б.-ға күнделікті жұмысы үшін 9000 теңге төлеп, міндетті зейнетақы жарналарын зейнетақы қорына және басқа да әлеуметтік аударымдар жүргізуге міндеттенген.
2024 жылдың 11 наурызында жұмыс берушіге тиесілі «Камаз» жүк көлігінің тіркемесі Б.-ның үстіне құлап, соның салдарынан ол ауыр жарақаттар алып, жұмысын орындау барысында қайтыс болған.
Қызылорда облысының бақылау жөніндегі басқармасының жазатайым оқиғаны тексеру актісіне сәйкес, жұмыс берушінің кінәсін -100 пайыз деп анықтаған.
Осыған байланысты, жұмысшының әйелі талап қоюшы А. Қызылорда қалалық сотына жүгініп, жұмыс берушіден моральдық зиян өндіруді сұраған.
Сотта талап қоюшы марқұм күйеуі жұмыс берушінің кінәсінен қаза тапқанын, еңбек қауіпсіздігі сақталмағандықтан, осындай қайғылы жағдай орын алғанын, үш баласы барын, жұмыс істемейтінін, асыраушысынан айырылып, материалдық қиындықтар мен жан азабын тартқанын көрсетіп, жұмыс берушіден моральдық зиянды өндіруді сұрады.
Сот іс құжаттарын зерделеп, талап қоюшының талабы негізді деп танып, жұбайының қазаға ұшырауы талап қоюшының жан азабын тартуына алып келген деген тұжырымға келді.
Дегенмен, сот моральдық зиянның мөлшерін анықтау кезінде жауапкердің талап қоюшының отбасына материалдық қолдау көрсеткенін ескерді.
Яғни, жұмыс беруші жаназа шығындарына және басқа да қажеттіліктер үшін 1 576 000 теңге материалдық көмек берген.
Сот шешімімен талап қоюшы А.-ның талап қоюы қанағаттандырылып, серіктестіктен талап қоюшының пайдасына 3 000 000 теңге моральдық зиян өндірілді.
Сот шешімі заңды күшіне енбеген.
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі