Banner

Қазақ билерінің төрелік айту дәстүрі Тәуелсіз Қазақстанның тарихында сот жүйесіндегі татуластыру рәсімдерімен жалғасты. Қазіргі таңда сотқа дауласып келген азаматтарға алдымен татуластыру рәсімдерінің тиімділігі, дауды өзара ынтымақпен шешу, бітімгершілікке келу жөнінде түсіндіріледі.

Соттар тараптардың татуласуы үшін шаралар қабылдайды, оларға дауды процестің барлық сатысында реттеуде жәрдемдеседі. Өзара келісімге келген тараптар татуласу келісімін, медиациялық немесе партисипативтік келісім жасап, дауды реттей алады.
Татуластыру рәсімдері отбасылық-тұрмыстық, еңбек құқықтық дауларды шешуге септігін тигізуде.

Сонымен қатар, азаматтық сот ісін жүргізуде сотқа дейінгі хаттама ұғымы енгізілді. Сотқа дейінгі хаттама арқылы азаматтар даулар бойынша өзара дәлелдемелерді алмаса отырып, дауларды шеушге, өзара келісімге келуге мүмкіндік алды. Қызылорда соттарында сотқа дейінгі хаттама арқылы шешілетін даулардың саны уақыт алға озған сайын артып келеді. Мұның өзі сот жүйесінде татуластыру рәсімдерінің тиімді қолданылып отырғанын көрсетеді.

Дауды татуласумен аяқтау үрдісі азаматтық істерде де тиімді жүзеге асып келеді. Қазақстан Республикасының Азаматтық Процестік Кодексінде татуластыру рәсімдеріне арналған тарау бар. Онда татуластыру рәсімдерінің жүргізілу тәртібі туралы көрсетілген. Азаматтық істердегі татуластыру рәсімдерінде сот тараптарға татуласу рәсіміне қатысуы үшін шақыру жібере отырып, тараптардың татуласуына шаралар қабылдайды, оларға дауды процестің барлық сатысында реттеуде жәрдемдеседі.Шақыруда тараптар татуласу рәсімі – бітімгершілік келісім, медиация, партисипативтік рәсім шеңберінде дауды шешу құқығын түсіндіре отырып, сотқа талап қоюдың келіп түскені, татуласудың артықшылықтары туралы хабардар етіледі. Қамтамасыз ету шараларын қабылдау кезінде шақыру тиісті ұйғарым шығарылғаннан кейін жіберіледі.

Тараптар татуласу келісімін, дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді немесе дауды партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттеу туралы келісімді жасап, дауды өзара талаптардың толық көлемінде не бір бөлігінде реттей алады.

Татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді бекіту туралы өтінішхатты қарау нәтижелері бойынша сот осындай келісімді бекіту не одан бас тарту туралы ұйғарым шығарады. Тараптардың татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімін бекіткен кезде, сот талап қоюды толығымен немесе тиісті бір бөлігінде қайтару туралы ұйғарым шығарады.

Ерікті түрде орындалмаған татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім сот келісім жасаған адамның өтінішхаты бойынша берілетін атқару парағының негізінде мәжбүрлеп орындатуға жатады.

Қазақ халқы ертеден сөзге тоқтай білген. Сол себептен болар, сот жүйесінде іске асырылып жатқан татуластыру шаралары тиімділігін көрсетуде.

Алибекова Лаура,

Қызылорда қалалық сотының судьясы

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған