Шиелі аудандық сотында талап қоюшы К.-нің жауапкер А.-дан пәтерді су алып кетуден келтірілген материалдық шығын және моральдық зиянды өндіру туралы азаматтық ісі қаралды.
Іс құжаттарына қарағанда, 2024 жылғы 10 қазанда талап қоюшының Ақтөбе қаласындағы көп қабатты тұрғын үйдегі пәтеріне жоғарғы қабаттан су кетуіне байланысты материалдық шығын келген.
Бағалау қорытындысына сай, пәтердің жөндеу жұмысына жүргізілетін шығынның мөлшері 99 000 теңгені құраған.
Талап қоюшы К. талап қоюында пәтерді су алып, бүліну салдарынан келтірілген материалдық залал, яғни жөндеу жұмыстарына қажетті сомма 99 000 теңге материалдық шығынды, бағалау үшін жұмсалған шығын 50 000 теңгені, 200 000 теңге моральдық шығынды және сот шығындарын жауапкерден өндіруді сұраған.
Тараптар арасында судья-медиатор арқылы татуластыру рәсімдерін өткізу кезінде дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге қол жеткізілді.
Шиелі аудандық сотының ұйғарымымен дауды медиация тәртібімен реттеу туралы талап қоюшы мен жауапкер арасында жасалған келісім бекітілді.
Келісімге сай, жауапкер А. талап қоюшы К.-ның пайдасына 2025 жылғы сәуір айынан бастап маусым айына дейін әр айдың 25-не 50000 теңгеден төлеуге міндеттенеді. Талап қоюшы өзінің талап қою талаптарынан бас тартады. Осылайша дау медиация тәртібінде шешімін тапты.
Шиелі аудандық соты