Төрткүл дүние көз тіккен жазғы Олимпиада ойындары өз мәресіне жетті. Үздіктердің үздігі болып АҚШ құрамасы көш басын бастап тұр. Олардың еншілерінде 40 алтын, 44 күміс, 42 қола жүлде бар. Екінші орында тұрған Қытай құрамасының қоржынында 40 алтын 27 күміс, 24 қола медаль бар. Жапония құрамасы үштікті түйіндейді деп ешкім де ойлаған жоқ. Оларда 20 алтын, 12 күміс, 13 қола медаль бар. Олимпиада ойындарына қатысқан 206 елдердің арасынан Қазақстан құрамасы 43-і орынға табан тіреді. Қоржынымызда 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медаль.
Соңғы апталарда Қазақстан қоржынына бірнеше медаль қосылды. Грек-рим күресі мен бокс түрінен спортшыларымыз жемісті нәтиже көрсетіп, жүлдегер қатарынан көрінді. Күрес түрлерінен Елдос Сметов бастаған жеңісті жолды Демеу Жадыраев жалғады. Қазақтың грек-рим күресінің палуаны Олимпиада ойындарында күміс медаль иегері атанды. 77 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде финалда ол жапондық Нао Кусакомен жекпе-жекке шығып, 2:5 есебімен ұтылды. Финалға дейін Жадыраев колумбиялық Хаир Куэроны айқын басымдықпен жеңсе, одан кейін екі дүркін әлем чемпионы, қырғызстандық Ақжол Махмудовты ұтып, ал жартылай финалда әзірбайжандық Санан Сулеймановтан басым түскен болатын. Жадыраевтың финалдағы қарсыласы Нао Кусака бұған дейін өткен жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері және биыл Азия чемпионы атанған. Финалдағы жеңіс оны Олимпиада чемпионы етті.
Байрақты бәсекеде бокстан жүлдегерлер де шықты. Олар – Нұрбек Оралбай, Назым Қызайбай.
Бокстан 80 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған қазақ боксшысы Нұрбек Оралбай Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды. Ол финалдық кезеңде украиналық Александр Хижняктан жеңіліп, күміс медальді еншіледі. Қос мықтының тартысын күні бұрын болжаған жанкүйерлер сайыстың оңайға соқпайтынын білді.
Бірінші раундты украин боксшысы әдеттегідей ашық шабуылмен бастады. Сериялық соққылардан сәтті қорғанған Нұрбек қарымта шабуылды ұмытпай, қорғаныста жүріп дәл соққыларын тигізе алды. Дегенмен бұл раунд 3:2 есебімен Хижняктың пайдасына аяқталды. Екінші раундта Нұрбек Оралбай жиі шабуылдап, қорғаныста жүріп те соққыларын тигізе білді. Хижняк болса жұдырықтасу мәнерін өзгертпестен, ашық шабуылдауын тоқтатқан жоқ. Төрешілер жеңісті бұл жолы 3:2 есебімен қазақ боксшысына берді. Ал шешуші үшінші раунд боксшылар ашық төбелеске барды десек артық айтпағанымыз. Қос боксшы үздіксіз соққылармен алмасып, тіпті Нұрбектің мұрныда қанады. Дегенмен дәрігер оған жекпе-жекті жалғастыруға рұқсат беріп, боксшылар раунд соңына дейін жұдырықтасып шықты. Нәтижесінде төрешілер жеңісті 3:2 есебімен Александр Хижнякқа берді.
Олимпиада ойындары басталмас бұрын бокстан кем дегенде үш медаль жеңеміз деп топшылаған едік. Онымен қоса, теннистен де жүлдеден үмітті болдық. Себебі, құрама командада әлемнің төртінші ракетасы әрі Уимблдон турнирінің жеңімпазы Елена Рыбакина мен жақында ғана әлемнің бірінші ракетасын қапы қалдырған Юлия Путинцева бар еді. Алайда, жарыс жолына шығуға бір күн қалғанда екі теннисші де турнирге қатысудан бас тартты. Еліміздің бокстағы қауқары көпке белгілі. Біздің боксшылар Токиоға дейін ешқашан алтынсыз қайтпаған. Биылғы дүбірлі додаға да мен деген әлем чемпиондары мен жүлдегерлерді аттандырған едік. Десе де, нәтиже біз топшылағандай болмады. Фаворит санаған қос боксшымыз Қамшыбек Қоңқабаев пен Асланбек Шымбергенов алғашқы айналымнан-ақ «үйге» қайтты. Бірте-бірте олардың қатарына Айбек Оралбай, Махмұд Сабырхан, Сәкен Бибосынов пен Мұхаммедсабыр Базарбайұлы да қосылды.
Олимпиада дегенде қалың қазақ ең алдымен боксты еске алатыны сөзсіз. Өйткені, аталған спорт түрі бойынша нағыз мықты ел екенімізді дәлелдей алдық. 1996 жылы Атлантада өткен Олимпиадада Тәуелсіз ел болып алғашқы мәрте додаға түскеннен-ақ Василий Жиров жартылай ауыр салмақ дәрежесі бойынша кіл мықтыларды жарыстан шығарып, мойнына алтын таққан-ды. Сол сәттерден-ақ көп жасөспірімнің бокс спортына деген аңсары ауды, «Балқаштық жолбарыс» секілді олимп шыңын бағындырамын деушілердің қатары көбейді. Тек алтын иеленгенді айтқанымыз жөн болмас. Атлантада бокстан Қазақстан құрамасы бас-аяғы төрт медаль еншіледі. Дәлірек айтқанда, 51 келі салмақта Болат Жұмаділов күміс жүлдені, Болат Ниязымбетов 63,5 келінің, Ермахан Ибраимов 71 келі салмақтың қоласын еншіледі. Атланта олимпиадасынан кейінгі қазақ боксшыларының жетістіктері көпке аян. Одан бері Ермахан Ибраимов алтын қанжығалады, күтпеген жерден алаштың алтын баласы Бекзат Саттарханов та алтын әкелді. Ауыр салмақта беріспеген Мұхтархан Ділдәбековтің небір алып былғары қолғап шеберлерін атып ұрғаны әрқашан жадымызда. Әсіресе, 69 келі салмақ дәрежесінде өрендеріміз нағыз доминация жасады. Әлемде бұл дивизионда бізге ешкім тең келмеді. 2008 жылы Бейжіңде өткен байрақты бәсекеде Бақыт Сәрсекбаев, 2012 жылы Лондон олимпиадасында Серік Сәпиев, 2016 жылы Риода болған додада Данияр Елеусіновтің арқасында әнұранымыз әлемдік аренада шырқалды.
Бұның бәрін еске алуымыздың да өзіндік себебі бар. Соңғы екі олимпиадада боксшыларымыздың әлеуеті төмендеу болып тұр. Әрине, бізден бөлек елдер екі қолаға да қанағаттанар еді, бірақ та бұған дейінгі әлемдік, құрлықтық додаларда алтынсыз қайтпаған біз үшін бұл – төмен нәтиже. 2021 жылдан бері 3 жыл өтті. Осы аралықта кеткен қателіктерді жөндеп, Париж олимпиадасына спортшыларымыз тың дайындықпен барады деп үміттенгенбіз. Десек те, турнирдің алғашқы күндерінен-ақ жағымсыз жаңалықтарға куә болдық. Капитан ретінде үміт артқан Асланбек Шымбергенов, онымен қоймай, Токиода қола алды ғой, бұл жолы финалға дейін барады деген боксшымыз, Сыр өңірінің тумасы Қамшыбек Қоңқабаев алғашқы айналымнан-ақ сүрінді. Негізі екі жекпе-жекте де спортшыларымыз жеңіліс тапты деп толық айта алмаймыз. Бірақ, жеңді деуге де ауыз бармайды. Байқағанымыздай, спортшыларымыз екінші нөмірмен өнер көрсетудің зардабын тартып жатыр. 57 келі салмақта испандық боксшымен күш сынасқан Махмұд Сабырхан да қарсыласын қанша соққылағанмен, жеңіліске ұшырады. Қарсылас боксшы жақсы қорғана отыра, қарсы соққымен жақсы күтіп алып отырды. Ширек финалға шыққан боксшыларымыз Айбек Оралбай, Сәкен Бибосынов және 21-де жасындай жарқыраған Мұхаммедсабыр Базарбайұлы жартылай финалға өте алмады. Бұл жерде де жоғарыда атап өткендей мәселе. 3 раундта да нашар нәтиже көрсетіп, нақты жеңілді-ау дейтіндей болған жоқ. Головкин бастаған олимпиада комитеті бұл жөнінде халықаралық комитетке арыз-шағым да түсірді. Дегенмен, ол шағымнан ештеңе шықпайтыны анық, әрі кетсе төрешілер қызметінен айырылады. Боксшыларға айтылып жатқан сын көп.
Иә, расымен боксшылардың қимылы сылбыр көрінеді. Мүмкін, бокста бәсеке артып, өзге мемлекеттер де аталған спорт түріне көңіл бөліп жатқаннан жеңіс бұйырмай тұрған болар? Шынымен, бұрын соңды өзбек боксшыларынан жеңілеміз деген үш ұйықтасақ та түсімізге кірмейтін. Бүгін Өзбекстан құрамасының 5 боксшысы алтын алды. Олардың ішінде екеуі екі дүркін Олимпиада чепионы атанды. Олар 51 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасатын Хасанбой Дусматов пен, 92+ жоғары салмақта жұдырықтасатын Бахадүр Жалолов. Өзбекстан құрамасы 8 алтын, 2 күміс,3 қола медалмен 13-і орында бәсекені аяқтады. Ең қызығы Олимпиадаға дайындалуға Өзбекстан құрамасына мемлекет тарапынан 160 млн. доллар бөлінсе, Қазақстан құрамасына 660 млн. доллар бөлінді. Бөлінген ақша қандай? Нәтиже қайда?
Бұған дейінгі біз білетін бокстағы бәсеке қазақ боксшылары мен кубалық боксшылар арасында болатын. Ал, бұл жолы Өзбектер бокстан алдымызды орап кетті. Бұған олимпиадада толықтай куә болдық, 2-3 жыл аралығында өткен құрлықаралық турнирлерде іштей сезіктеніп жүргенбіз.
Медаль мәселесіне келер болсақ, жүлде жеңуден ондыққа кіру бізге әзір бұйыра қоймағаны анық. Негізінде олимпиада шыңын бағындырып, жүлдеге қарық болғымыз келсе, әдеттегі бокс, күрес секілді жекпе-жекке ғана көңіл бөлмей, спорттың басқа түрлеріне де баланс ұстағанымыз абзал. Байқасаңыз, алғашқы үштікті әрқашан АҚШ, Қытай, Жапония немесе Ұлыбритания түгендейді. Бірақ, біз қашанда үздік үштіктен түспейтін бокстан алтын алған қытайлықты көрмейміз. Немесе, американдық дзюдошы алтын жүлдемен марапатталды деген жаңалықты әзір естімедік.
Біле білсеңіз, олимпиада ойындарында бір адам бірнеше жүлде жеңе алады. Жекелей сыннан бөлек топтық сындар да бар. Сонымен қатар жүзу, гимнастика секілді спорт түрлері әртүрлі тәртіп арқылы болады. Мәселен, әлемге аты әйгілі ұлы атлет Майкл Фелпс олимп шыңын 28 мәрте бағындырған. Бұл көрсеткіш бүкіл олимпиада тарихындағы Орта Азия мемлекеттерінің жетістіктерінің қосындысынан да көп. Биылғы додада жүзу спорты бойынша француз Леон Маршан жалғыз өзі төрт жүлде еншіледі. Сондай-ақ, Майкл Фелпс қойған, 16 жыл бойы бұзылмай келген 200 метр жүзу жарысынан рекорд орнатты. 2008 жылы Майкл Фелпс жалғыз өзі АҚШ-қа 8 алтын әкелді. Ал, біз ерлер арасындағы бокстан жеті салмақ дәрежесінде де алтын алсақ та, Фелпстің нәтижесіне жете алмайтын едік. Ойлана беріңіз…
Олимпиаданы құрама команда сәтті бастады. Алғашқы күні-ақ Елдос Сметов тарихи нәтиже тіркеп, дзюдодан 60 келі салмақ дәрежесінің жеңімпазы атанды. Ғұсман Қырғызбаев та қола иеленіп, қоржынға бір медаль сыйлады. Олимпиада бітпей, шорт кесіп спортшыларымызды жерден алып, жерге салғандар болды. Әркімнің өз шындығы бар дегендей, ешкім алғашқы айналымнан сүрінейін деп жарысқа бармайды. Әрқайсысы алтынды мұрат тұтып келеді. Алайда спортшы болғаннан кейін мінез де қатар жүру керектігі анық. Спортшыларымыздың жеңілгеннен кейінгі сөзі көптің талқысына түсті. Жеңіліске қандай факторлар әсер еткені жөнінде сөз етпей, «Құдайдың басқа салғаны» деген секілді фаталистік бағыттағы сөздер құдды ерік-жігердің жетіспеушілігін көрсететіндей. Өңірлік спортшылар биыл нәтиже көрсете алмады. Қамшыбектен бөлек дзюдодан қос балуанымыз да доданы алғашқы айналымнан тоқтатты. Нұрлыхан Шархан ширек финалда сүрінсе, Абылайхан Жұбаназар татамидегі бірінші белдесуінде жеңіліс тапты. Ал грек-рим күресінен 60 келі салмақта күрескен Айдос Сұлтанғали қырғыз балуаны Жоламан Шоршанбековтен жеңілді.
Олимпиада комитетіне басшылыққа келген Геннадий Головкин осы доданы қорытындылай отыра, жаңа реформалар жасайды, өзгерістер енгізеді деген үміттеміз…
Мұхаммедшах КАЮП