Биылғы жылдың сәуірінің 8-інде Астана уақыты бойынша сағат 10:47-де «Байқоңыр» ғарыш айлағының 31-ші алаңынан «Союз МС-27» басқарылатын көлік ғарыш кемесі бар «Союз 2.1» зымыран тасығышы ұшырылды. Бұл сапар Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналды. Содан да “Союз 2.1” “Жеңіс зымыраны” деп аталды.
Халықаралық ғарыш стансасына (ХҒС) кезекті, 73-ші ұзақ мерзімді экспедициямен ұшырылым жасаған кеменің бортында командир, бортинженер және экспедиция командирі, Роскосмос ғарышкері Сергей Рыжиков, кеменің 1-бортинженері, экспедиция бортинженері, Роскосмос ғарышкері Алексей Зубрицкий және кеменің 2-бортинженері, NASA астронавты Джонатан Ким бар.
Ұшыру процесі штаттық режимде өтті. Ұшу циклограммасына сәйкес, «Союз ТМ-27» ғарыш кемесінің зымыран тасығыштың үшінші сатысынан ұшырылғаннан кейін тоғыз минуттан соң ажырап, кеме Жердің жасанды серігі орбитасына шығарылды.
Ұшу процесі «Роскосмос» әлеуметтік желілерінде тікелей көрсетілді және зымыран ғарышқа ұшқан көктемгі қазақ даласының таңғажайып көрінісін тамашалауға мүмкіндік болды.
Ұлы Отан соғысының символы іспеттес “Отан-ана” ескерткіші бейнеленген бұл зымыранның ұшу сәтін 2,5 мың турист тамашалаған. Туристер арасында ғарышкерлер отбасы, тележүргізушілер, әртістер, блогерлер, компания топ менеджерлері, Қазақстан Парламентінің депутаттары, мектеп оқушылары болды.
Байқоңырдан тікелей репортаж жүргізушілердің айтуынша, ғарышкерлер өздерін жақсы сезінеді.
«Союз ТМ-27» ғарыш кемесі ХҒС-қа түйіскеннен соң ғарышкерлер экспедициясы радиобайланыс арқылы баспасөз конференциясын берген. Тіпті жерден жіберілген хабарлар арасында ғарышкерлердің енесінің бірі “Сергей Николаевич, сізді мазалап тұрған енеңіз Калачикова Наталья Владимировна. Зымыран ұшқанын көру деген қандай керемет екенін сіз білсеңіз. Бір сәт дем тоқтағандай, Настя екеуіміз қатып қалдық, айтып жеткізу мүмкін емес, бұл ғажайып жағдай болды.
Сіздер көпсіздер, дос болыңыздар, араздаспаңыздар, біз сіздерді күтеміз” деп сәлем жолдаған.
Экипаж ғарышта 245 тәулік болып, 50 сынақ өткізеді, сондай ақ осы жылдың қазанында 2 рет ашық космосқа шығады деп күтілуде. 20-шы сәуірде жерге оралатын А.Овчининді, И.Вагнерді, америкалық Д.Петтитті екі ғарышкер мен астронавт ауыстырады. Баспасөз конференциясында Ұшуды басқару орталығы айтқандай жаңа экипаж барғаннан кейін бұрынғылар жерге оралуға тас-түйін дайын отыр…