ТҰРҒЫНДАР ТАЛАБЫ ОРЫНДАЛУДА

Өткен жылы Қызылөзек ауылдық округінде Айнакөл ауылының 3 көшесіне және Ж.Жабаев көшесінің аяғына түнгі жарық бағаналары орнатылып, қала әкімінің есепті кездесулерінде жарықтандыру бойынша көтерілген мәселелер толық шешімін тапты. Ал, аяқ су тапшылығының алдын алу мақсатында 2 жаңа СНП- 500/10 дизельдік насостық қондырғысы орнатылып, егістіктер мен 3 елдімекенге аяқ су берілді және 4 техникалық су тарту ұңғымасы қазылды.

– Биыл ауылдың көшелеріне жол жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында «Ауыл Ел бесігі» бағдарламасы аясында қаражат бөлініп, Абылайхан және Айнакөл-2 көшелеріне асфальт төсеу, Жаңаарық, Арғын, Қорқыт Ата және Қараөзек бекеті-3 көшелеріне малта тас төсеу жұмыстары жүргізілетін болады. Сонымен қатар Абылайхан және Ш.Ибраева көшелеріне жаяу жүргіншілер жолын салуды жоспарлап отырмыз, қазіргі уақытта қаражат бөлінуі күтілуде. Жарықтандыру жұмыстары да биылғы жылы өз жалғасын таппақ. Яғни, Айнакөл ауылындағы 2 көшеге жаңа үлгідегі жарық бағаналары орнатылатын болады. Ал, Қараөзек ауылындағы Е.Дәуітбаев көшесіне балалар ойын алаңы салынбақ.

Тұрғындардың сұранысына сәйкес елдімекендегі орталық Абылайхан көшесінен «Демалыс аллеясы» салынса, Сыр бойына белгілі жырау Мұхамедияр Жабағыұлының ұрпақтарының демеушілігімен Қараөзек ауылындағы «Тағзым алаңынан» жыраудың атына ескерткіш белгі орнатылды және кітабының тұсаукесері өтті.

Сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жаңадан 20 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, бүгінде 156 нысан кәсіпкерлік саласында қызмет көрсетуде. Кәсіпкерлердің мемлекеттік бағдарламалар арқылы жыл көлемінде 95,3 млн. теңгені құрайтын 14 жобасы қаржыландырылды. Ал, 6 тұрғынның жаңа бизнес идеяларын іске асыру мақсатында ұсынған жобалары қолдау тауып, 7 млн. 351 мың теңге қайтарымсыз грантқа ие болды.

Сәкен ӘБДІЖАППАР

Қызылөзек ауылдық округінің әкімі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған