НҰРТАЗАЕВТЫҢ БАҚЫТЫ

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Құрмет» орденінің иегері, Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы Бақыт Нұртазаевты 70 жас мерейтойымен құттықтады.

Жиында аймақ басшысы Бақыт Әбдіғаппарұлының облыстың ауыл шаруашылығы саласының дамуына, оның ішінде негізгі дақыл – күріштің жаңа сорттарын Сыр топырағына әкеліп, оларды жерсіндіруге зор үлес қосқанын атап өтіп, мерейтой иесіне ризашылығын білдірді.

– «Қазақ қай кезде де «өнеге жақсы болса, өріс кеңейеді» деген даналы сөзге бас иген. Соның бір көрінісі аймағымыздың әлеуметтік- экономикалық, мәдени-рухани дамуына ерекше үлес қосқан азаматтарды ардақтап, осындай құрмет көрсету шараларын өткізу дәстүрге айналды.

Мәнді де мағыналы ғұмыр кешіп, кіндігі байланған еліне адал қызмет етіп, зор абыройға, сый-құрметке бөленген салиқалы аға буынның арасынан Бақыт Әбдіғаппарұлының тұлғалық келбеті, адами болмысы бәрімізге белгілі. «Түгіскен», «Қарауылтөбе», «ІІІ Интернационал» ауылдарындағы тұқым шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын нығайтып, күріштің жаңа сұрыптарын әкеліп, будандастыруға тың серпін бердіңіз. Сол жылдарға дейін өңірде күріштің тек «Ақмаржан» сорты өсетін. Ресейдегі маңдайалды күріш институтымен тәжірибе алмасу арқасында «Лидер» және «Янтарь» сорттары Сырдың егін даласында жайқалып, мол өнім бере бастады. Күріштің осы сұрыптары әлі күнге дейін өсіріліп, республиканың 90 пайыз қажеттілігін өтеуде», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Сыр елінің, облыс орталығының, күріш шаруашылығының өркендеуіне қосқан ерекше үлесі үшін Бақыт Нұртазаевқа Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасы табысталды.

Мерейтой иесін Жалағаш және Қармақшы аудандарының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Шахизат Төребаев, Жалағаш ауданы мен Қызылорда қаласының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Қожахмет Баймаханов, Арал және Қазалы аудандарының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Болатбек Пұсырманов құттықтады.

Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған