Облыстық сотта дөңгелек үстел өтті

Облыстық сотта дөңгелек үстел өтті

Бүгін Қызылорда облыстық сотының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің жүзеге асыруын қамтамасыз етуге байланысты жер даулары мәселелеріне қатысты дөңгелек үстел өтті. Шараға облыстық соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы мен судьялары, мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы, судьялары, Қызылорда қалалық сотының судьялары, Қызылорда облысының әкімінің орынбасары, Қызылорда қаласының, аудандардың әкімдері мен жер қатынастары бөлімдерінің басшылары және қалалық мәслихатың өкілдері қатысты.Облыстық соттың алқа төрағасы Жанат Оспанова дөңгелек үстелді ашып, қатысушыларды күн тәртібімен таныстырып, талқылатын тақырыптардың өзектілігін айтып өтті.Ол өз сөзінде «Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөнінде өткізілетін конкурстар бойынша жіберліген кемшіліктер» тақырыбында сөз өрбітіп, әкімішілік істі қарау барысында жергілікті атқарушы органдармен жоғарыда аталған конкурсты ұйымдастыру мен өткізу қағидаларының ережелері сақталмайтыны анықталғанын, атап айтқанда істі қарау барысында жауапкермен ұсынылған құжаттар заңда көзделген келісілу рәсімінің формальды түрде жүргізілетінін тілге тиек етті. Көбіне хаттарда және хаттамаларда қандай жер учаскелеріне келісім берілгені көрсетілмегенін; қорытындылар (оң немесе теріс) қамтылмағанын; келісімдер жергілікті өзін-өзі басқару органдарынан емес, кент (ауылдық округ) әкім аппараттарынан алынғанын, сонымен қатар конкурс өткізу мерзімінің бұзылуы сынды бірқатар кемшіліктерді көрсетті.Күн тәртібіндегі келісі тақырып, жергілікті атқару органдарымен жер учаскесін табыстау, табыстаудан бас тарту барысында орын алған кемшіліктер туралы Қызылорда облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Г.Мырзатаеваның баяндамасы тыңдалды. Г.Мырзатаева сотта қаралған дауларда көбіне бір жер учаскесі бірнеше тұлғаға беріліп, олар бір-бірімен дауласып жүретін немесе учаскелері қабаттасып табысталатын фактілер жиі орын алатыны байқалатындығын атап өтті. Оның негізгі фактілері – жер мамандарының жер учаскесін табыстау барысында жер учаскесінің басына бармай, мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің деректеріне ғана сүйеніп, жерге орналастыру құжаттарын дайындауы; алғашқы табысталған жер учаскесінің координаттары жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне енгізілмеуі немесе дұрыс енгізілмеуі екендігін де көрсете отырып, әкімшілік істер бойынша мысал келтірді.Дөңгелек үстелдегі соңғы тақырып Үлестік меншікке қатысушылардың жер үлесімен шыққан уақытында туындайтын мәселелер жөнінде МАӘС судьясы З.Жарылқасынова баяндама жасады.Баяндамашы соңғы уақытта жер учаскелерiне қатысты өздерiне тиесiлi құқықтарын, оның iшiнде шартты жер үлестерiне құқықтарын шаруашылық серiктестiктердiң жарғылық капиталына салым ретiнде немесе өндiрiстiк кооперативтерге жарна ретiнде берген азаматтардың шаруа немесе фермер қожалығын не ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастыру үшiн қатысушылар (мүшелер) құрамынан шығуына байланысты даулар жиілеп кеткенін, бұл даулардың туындауының бір себебі – жергілікті атқарушы органдардың жер үлесі иелерінің жерге қатысты құқықтарын рәсімдеу барысында заң талаптарын сақтамауы болып отырғанын, заң бұзушылық заңды білмегендіктен, не оның ережелерін дұрыс қолданбағандықтан да орын алып жататытын айта отырып, статистикалық деректерге тоқталып өтті.Шара соңында қозғалған мәселелер бойынша қатысушылар арасында талқылау жүргізілді. Ж.Оспанова әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс – халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидасы негізінде қабылданғанын, сондықтан заң талаптарын дұрыс қолдану арқылы ғана азаматтарға бағытталған құқықтық мемлекет құруға болатынын айтып, шараны қорытындылады.

Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі

Жаңалықтар