Қызылорда қаласының әкімі С.Қожаниязов: – Өз ойымда «Менің қалам» атты орта ашу бар. Ол жерде қаланы дамытуда, қаладағы мәселелерді бірлесіп шешетін жандар болады. Міндетті түрде кабинетте ғана емес, кабинеттен тыс шәй үстінде де бірге шешуге болады. Оған кәсіпкерлер, қоғамдық белсенділер, депутаттар сияқты қарапайым қалаға жанашыр жандар кіреді. Ешкімді шектемейміз. Кімде қандай ой бар, соны ортаға саламыз.

Өткен аптада Қызылорда қаласының әкімі Серік Қожаниязов қаламыздың шет аймақтарындағы мәселелерді көріп, тиісті бөлім басшыларына мәселені оңтайлы шешуді тапсырды. Ал осы аптаның дүйсенбісі күні шаһар басшысы «қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен» жұмыс жасайтын орталықпен, қоғамдық бірлестіктерді аралап, олардың жұмыстарымен танысып, ерекше жандармен тілдесті.

Қала әкімдігінен шыққан көлік алдымен «Қазақ саңыраулар қоғамының» Қызылорда облыстық филиалына келді. Саңыраулар қоғамы есту бойынша мүгедектігі бар адамдармен жұмыс жасау арқылы, олардың мүдделерін білдіру, заңды құқықтарын қорғау, әлеуметтік оңалтуды жүзеге асырады. Яғни мүгедектігі бар адамдарды қоғамдық өмірге тартады. «Қазақ саңыраулар қоғамының» Қызылорда облыстық филиалы қала бойынша 187 мүгедектігі бар адамдарға 17 ымдау тілінің мамандары қызмет көрсетуде. Жыл басынан бері қоғамдық бірлестікке 10 мүгедектігі бар адамды қоғамдық жұмысқа қабылдаған.

– Біздің ұйымымызда құлақ есту қабілетінен айырылған жандармен жиналып, мәсе лелерін ортаға салып оларды шешуге тырысамыз. Сонымен қатар өздері іс-шара ұйымдастырады. Ғимаратымыз толық жабдықталмаған. Қаржыға байланысты бұл кісілерге арналған ғимаратты талапқа сай жасай алмай жатырмыз. Қолымыздан келгенше саңырау кісілерді жұмысқа орналастырдық. 148-дей адамды әр мекемеге жұмысқа тұрғыздық. Шамамыз келгенше осы кісілердің жағдайын жасауға тырысып жатырмыз. Бұл кісілердің балалары ұйымымызда судаудармашы болып жұмыс жасайды,-дейді қоғамдық бірлестіктің төрайымы Аяпова Алтынкүл.

Шаһар басшысы кездесуге келген уақытта бірлестіктің мүшелері қала әкіміне өздерінің көп жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселелерін жеткізді.

– Бізге келген жалғыз әкім – өзіңіз. Сіз бізді қолдайды деп сенемін. Орталық алаңдағы қиыршық тастар артылып жатса бізге де берсеңіздер. Төле би көшесінің бойында мүгедек кісі тұрады. Өзі жесір әйел, әрі мылқау. Үйінің төбесінен су ағады. Бір көмек берсеңіздер. Бұл кісілердің мекемесі бар. Совет үкіметінен қалған ғимарат. Сол мекемеге жұмысқа тұрдым. Мекемемізді көтеруіміз керек. Бұл кісілерді жан-жаққа таратпай бір жерде жинау өзімізге ыңғайлы. Осы кісілердің мекемесін қолға алып, көтеріп берсеңіздер. Мекеме Төле би көшесінің бойында орналасқан. Орталық алаңдағы қиыршық тастар артылып жатса сол жаққа берсеңіздер.

– Мен екі күнге іс-сапарға кетемін. Сенбі күні мекемеге барып көрейік. Сол жерде шешім қабылдайтын боламыз. Міндетті түрде көмектесеміз. Өзіңіз айтқан мүмкіндігі шектеулі әйелдің үйіне де соғып, көріп кетеміз,-деді шаһар басшысы.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған