Үкімет отырысы аяқталысымен аймақ басшысы Н.Нәлібаев дереу облыс әкімдігі жиынын өткізді. Үкімет тапсырмаларын орындау негізінде аймақтағы жағдайды саралаған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағытында Арал, Сырдария, Жаңақорған аудандарында жұмыс баяу екенін ескертті. Сол себепті де ауылдарда жаңа кәсіпкерлік субъектілерін құру шараларын атқаруды, макроэкономикалық көрсеткіштерді орындау қажет екенін баса айтты.

Мұнан бөлек аймақ басшысы құрылысы аяқталған инвестициялық жобалардың статистикалық есептіліктерінің тапсырылуын және іске қосу актісін алуы мен Қызылорда қаласында жаңғыртылуы қажет «Сыбаға», «Сұлтан» және «Асбол» сауда базарларын сүйемелдеуге алып, құрылыс жұмыстарын жақын арада бастау бойынша жедел шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ, жуырда қайтарымсыз грант беру бастамасына қатысты орын алған түсініспеушілікті ескеріп, нақты түсіндірме жүргізуді және қаражаттың мақсатты жұмсалуына, жобаның толығымен іске қосылуына мониторинг жүргізуді міндеттеді.

«Бизнес жасауға ынталы азаматтарды қолдауымыз қажет. Әрбір кәсіпкер 5-6 азаматты жұмыспен қамтыса да, тұрақты табыс түсіруге ықпал етеді. Сондықтан шағын өндіріс болса да, оны іске асыруға мүдделі болуымыз керек. Біз үшін салық базасын ұлғайту, халық табысын арттыру өте маңызды. Сондықтан, аудан әкімдері, өңір дамуына үлес қосатын азаматтарға барынша қолдау көрсетіңіздер,-деді Н.Нәлібаев.

Айта кетейік, қазіргі таңда мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде облыста жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 15,2%-ға, жұмыспен қамтылғандар саны 6,6%-ға ұлғайды. Ал, шағын және орта кәсіпкерлік бойынша несие портфелі 15 млрд. теңгені құрайтын 833 жоба субсидияланды. Оның ішінде, ауылдық елді мекендегі кәсіпкерлердің 165 жобасына 867 млн.теңге көлемінде шағын несие берілді.

Үкімет отырысында қаралған екінші мәселе бойынша облыс әкімі аймақта егін жинау жұмыстарын сапалы жүргізіп, өнімді шығынсыз толық жинап алуға ерекше мән беру және жыл сайын өткізілетін «Алтын дән» мерекесін жоғары деңгейде ұйымдастыру жөнінде нақты тапсырма берді.

©Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған