Өткен аптаның жұмасы күні қалалық мәслихаттың кезектен тыс 21-сессиясы өтті. Сессия жұмысына қала әкімі С.Қожаниязов қатысты. Сессия отырысына қалалық мәслихат төрағасы, депутат Ибадулла Құттықожаев төрағалық етті.

Сессияның күн тәртібіне «2024-2026 жылдарға арналған Қызылорда қаласының бюджетін бекіту туралы», Қызылорда қалалық мәслихатының шешіміне өзгерістер енгізу туралы», «2023 жылға арналған Қызылорда қаласының, кент және ауылдық округтердің бюджеттерінің атқарылуы жөніндегі есептерді бекіту туралы» және «Қызылорда қалалық аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау туралы» мәселелері шығарылды.

Аталған бірінші мәселеге байланысты қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Гүлнар Баймаханова баяндама жасады.

– Қала бюджетінің көлемі жылдан жылға өсіп келеді, бұл қаламыздың әлеуметтік-экономикалық жағынан дамып келе жатқандығын білдіреді. Атап айтсақ 2023 жылдың қорытындысымен қала бюджетінің көлемі 95 млрд. 161,4 млн. теңгені құрап өткен 2022 жылдың кезеңімен салыстырғанда 21 млрд. 626,1 млн. теңгеге немесе 29,4 пайызға ұлғайған. 2023 жылдың қорытындысымен Қызылорда қаласы бюджетінің кірістер болжамы 94 млрд. 301,0 млн. теңгені құраса, нақты түскені 100 млрд. 897,3 млн. теңге немесе 107,0 пайызға артығымен орындалды. Қалалық бюджеттен бөлінген 35 млрд. 514,0 млн. теңге 98,7 пайызға немесе 33 млрд. 066,8 млн. теңгеге орындалды, игерілмеген қаржы 447,3 млн. теңге. Бюджеттік бағдарлама әкімшілері бойынша ірі көлемде игерілмеген қаржылардың 53,1 пайызы немесе 765,5 млн. теңгесі қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне, 43,5 пайызы немесе 628,5 млн. теңгесі қалалық құрылыс бөліміне, 3,1 пайызы немесе 44,7 млн. теңгесі кент және ауылдық округтерге тиесілі, қалған 4,2 млн. теңге өзге бюджеттік бағдарлама әкімшілерінен игерілмеген қаржылар. Кент және ауылдық округ бюджеттерінің 2023 жылға бюджет түсімдерінің болжамы 4 млрд. 463, млн. теңге, нақты түскені 4 млрд. 491,9 млн. теңге немесе 100,6 пайызға артығымен орындалды. Жоғарғы бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттер мен субвенция 100 пайыз түскен,-деді бөлім басшысы.

Мұнан соң Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Сәкен Мырзабек, қалалық мәслихат аппаратының заңгері М.Мұхтаров хабарлама жасады.

– Қызылорда облысы аумақтық сайлау комиссиясының 2024 жылғы 6 мамырдағы №71/62 қаулысымен Боданов Ерлан Теңізбайұлы қалалық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелігінен босатылды. Қалалық аумақтық сайлау комиссиясының 2024 жылғы 13 мамырдағы ұсынысының негізінде, қалалық мәслихат аппаратымен қалалық аумақтық сайлау комиссиясында қалыптасқан бос орынға саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардан ұсныстар қабылданатыны туралы хабарлама қалалық мәслихаттың ресми сайтында жарияланды. Нәтижесімен, аталған бос орынға «Respublica» партиясы» қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалынан Қызылорда қалалық білім бөлімінің басшысы Садуақасова Жанат Мылтықбайқызы ұсынылды.Ұсынылған кандидаттың құжаттары Сайлау туралы Конституциялық Заңның талаптарына сәйкес келеді. Осыған орай, «Қызылорда қаласы бойынша қалалық аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау туралы» Қызылорда қалалық мәслихатының 2023 жылғы 26 желтоқсандағы №112- 13/1 шешіміне өзгерістер енгізіп, қалалық аумақтық сайлау комиссияларының құрамында «Respublica» партиясы» қоғамдық бірлестігінен ұсынылған Садуақасова Жанат Мылтықбайқызын сайлау ұсынылады,-деді мәслихат аппаратының заңгері.

Сессия барысында бекітілген бюджет жобаларына сәйкес, «Қожа Ахмет Яссауи көшесі бойын көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына, Эдельвейс, Орбита саяжайларындағы тұрғындарды толықтай ауыз сумен қамтамасыз ету үшін саяжайларға су ұңғымалары құрылысының жоба сметалық құжаттамасын әзірлеуге, Ж.Махамбетов ауылы, Наурыз елді-мекені және Абай, Досан ауылдарындағы газ тарату құбырларының құрылысына қызмет көрсету жұмыстарына және басқа да жобаларға қаржылар бағытталды.

Отырыс барысында депутаттар қала аумағында 4 жаяу жүргінші көпірлеріне бейне бақылау камераларын орнату, Бәйтерек мөлтек ауданындағы тұрғындардың саны артуына байланысты инфрақұрылымын (газ, су, жол, жарықтандыру) дамытуға, газдандыру, халық игілігіне берілген спорт-ойын алаңдарын ірі кәсіпорындар мен мекемелердің теңгеріміне беру, қала бойынша аяқ су, түнгі жарықтандыру және иесіз жүрген иттер мәселелерін көтерді.

Сесссияға қатысқан қала әкімі Серік Салауатұлы қала бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, депутаттар көтерген мәселелерге назар аударатындығын жеткізді.

Сессия қарауына шығарылған барлық мәселелер жан-жақты қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.

Сессияға қалалық мәслихат депутаттары, қала әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, қалалық дербес бөлімдер мен тиісті мекеме басшылары, кент және ауылдық округтердің әкімдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған