Жалағаш аудандық сотында талап қоюшы Б.-ның жауапкер Ж.-дан моральдық және материалдық зиянды өндіру, әлеуметтік желі арқылы кешірім сұрау туралы талап қоюы бойынша азаматтық іс қаралды.
Азаматша Б. азамат Ж.-мен «TikTok» желісі арқылы танысқан. Танысу барысында азамат Ж.-ның ойының дұрыс еместігін байқап, әрі қарай сөйлеспей кеткен. Ал, азамат Ж. қайта-қайта мазасын алып, мас күйінде келіп анасына: «Қызыңыз маған тұрмысқа шықсын, мен оны алып қашам» -деп қорқытқан.
Сонымен қатар, «TikTok» желісінде парақша ашып, талап қоюшы Б.-ның суретін қойып, «Алаяқ, байқаңыздар!» деп жазып, жалған ақпарат таратқан.
Сотқа берген талабында талап қоюшы Б. осы жағдайдың кесірінен күйзеліске түскенін, дәрі-дәрмек алып емделгенін, жұмысынан шығып кеткенін көрсетіп, жауапкер Ж.-дан моральдық және материалдық зиянды өндіріп беруді сұраған.
Істі қарау барысында тараптарға дауды татуластыру рәсімдерінің көмегімен аяқтау жөніндегі құқықтары түсіндірілген. Нәтижесінде, тараптар медиация келісімін бекітуді, істі өздерінің қатысуынсыз қарап, іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуды сұрап, сотқа өтініш келтірген.
Сот дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді бекітіп, іс жүргізуді тоқтатты.
Егер тараптар татуластыру рәсімдері қолданылатын санатқа жататын істер бойынша тараптар өзара келісімге келсе, онда іс жүргізу тоқталады.
Әлеуметтік желідегі құқыққа қайшы келетін әрбір әрекет үшін заң нормаларына сәйкес жауапкершілік көзделгенін ұмытпаған жөн.
Жалағаш аудандық соты