Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесінің жеке құрамы мекеме ардагері, ішкі істер органдарының ардагері Талғат Қамзаев Салықұлының үйіне барып, тағылымды кездесу өткізді.
Кездесудің негізгі мақсаты – қызметкерлер арасында кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру, рухани құндылықтарды дәріптеу, тарихи сананы қалыптастыру және аға буынның өмірлік тәжірибесін кейінгі ұрпаққа насихаттау.
Кездесу барысында Талғат Қамзаев Салықұлы өзінің ұзақ жылғы еңбек жолы мен өмірлік тәжірибесі туралы айтып, қызмет барысында жинақтаған өнегелі ойларымен бөлісті. Сонымен қатар ардагер өзінің «Қызылорда – Алаштың аманы» атты кітабы туралы кеңінен таныстырып, еңбектің мазмұны мен тарихи маңызына тоқталды.
Кітапта Қызылорда өңірінің тарихы, ел дамуына үлес қосқан тұлғалар, ұлттық құндылықтар мен туған жерге деген сүйіспеншілік кеңінен баяндалғаны айтылды. Әділет қатарындағы Мұхтаров Ясин:
«Талғат Қамзаев Салықұлына бүгінгі тағылымды кездесуі және өз қолтаңбасымен құнды кітабын сыйлағаны үшін шын жүректен алғысымды білдіремін. Ардагердің өмір жолы мен еңбек тәжірибесінен көп нәрсе үйрендік. «Қызылорда – Алаштың аманы» кітабын қызығушылықпен оқып, туған жеріміздің тарихы мен елге еңбегі сіңген тұлғалар туралы білімімді толықтыруға ниеттімін. Осындай кездесулер біз, жас қызметкерлер үшін үлкен өнеге деп білемін. Кітапты қадірлеп, кейінгі әріптестеріме де оқуға ұсынамын».