Өткен аптаның жұма күні қала әкімі Асылбек Шаменовтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Қалаға қарасты үлкенді-кішілі басшылардан құралған жиында кешеге дейін Тасбөгет кентінің әкімі болған Семсер Сыздықовты жаңа қызметке, яғни Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары қызметіне сәттілік тілеп, шығарып салудан басталды. Жаңа қызметке жайғасқан кешегі кент, бүгінгі аудан әкімінің жаңа орынбасарының бүгінге дейін атқарған қызметіндегі айтулы істерін ерекше атап өтті.

Жиындағы алғашқы мәселе кент және ауылдық округтердің ағымдағы жылдың соңғы 10 айында атқарған істері мен нәтижелері. Бұл мәселе туралы қала әкімі аппаратының басшысы Жасұлан Абатов баяндама жасады.

– Қызылорда қаласына қарасты кент және ауылдық округтердің 2023 жылғы 10 айдағы атқарған жұмыстарына ақпараттық-талдау жүргізілді. 2023 жылдың 1 қарашасындағы жағдайы бойынша, қаламызда 6725 адам жұмыссыз ретінде тіркелген, оның ішінде кент және ауылдық округтерде 407 адамды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2,7 есеге өскен. Тұрақты жұмысқа орналасқандар саны 570 адам, өткен жылмен салыстырғанда 14,2 пайызға азайған. Қала бойынша меже толық орындалғанымен, Қызылжарма ауылдық округінде ағымдағы жылдың және өткен жылдың 10 айында әлеуметтік жұмыс орындарына берілген жоспар мүлдем орындалмаған. Талсуат ауылдық округінде былтырғы жылы 1 адам қамтылса, биыл бұл бағыттағы жұмыстар жүргізілмеген. Ал, Тасбөгет кенті 2022 жылы 6 адамды әлеуметтік жұмыс орнына тартса, биыл бұл бағыттағы жұмыстар 2 есеге азайған. Мемлекет басшысының жолдауында, халықты жұмыспен қамту мәселесін тікелей әкімдерге жүктеп, «Әрбір 10 мың тұрғынға кемінде 100 жаңа жұмыс орнын ашу» жөнінде тапсырма берген болатын. Осы орайда, кент және ауылдық округтер бойынша жылдық жоспар 358 жаңа жұмыс орнын ашу болып бекітілсе, бүгінгі таңда орындалуы 649 бірлікті құрады. Осы ретте кент пен ауылдық округтер тарапынан жақсы көрсеткішке қол жеткізгеннің арқасында, орындалу пайызы жоғары деңгейде болып отыр. Тек Қызылөзек ауылдық округінде бекітілген меже орындалмаған.

Жалпы 3 тоқсан бойынша 2 кент 7 ауылдық округтерде өткізілген кездесулерде 79 мәселе көтеріліп, оның 36-ы орындалды. 24-і орындалу үстінде. Ал 19 мәселенің орындалуы қаражат қажет етеді. Сондай-ақ бүгінгі күнге дейін тұрғындардың бірнеше талап-тілектері қанағаттандырылмай отыр. Яғни, кейбір әкімдер сырғытпа жауап нұсқаларын ұсынумен шектелуде, тұрғындарының мәселесін шешуге немқұрайлы. Осыған орай аталған мәселелер бойынша зерделеу жүргізіп, қажеттілігіне қарай тиісті мекемелермен бірлесе жұмыс жасап, нақты шаралар қабылдау қажет.

Ағымдағы жылдың 1-ші қарашасына қала бойынша бюджеттік бағдарлама әкімшілерімен бюджеттің игерілуі 97,7 пайызға орындалды. Игерілмеген қаржы 1 млрд. 376 млн. теңге, оның ішінде, 440 млн. теңге кент пен ауылдық округтер бойынша орындалмау салдарынан, облыстың игеру көрсеткішінде Қызылорда қаласы ең төменгі орында тұр. Кент және ауылдық округтерде салық салу базасын ұлғайту, салықтар мен алымдардың толық түсуін қамтамасыз ету бағытында да кемшіліктер анықталды. Кейбір кент пен ауылдық округтер тарапынан жоспар дұрыс қойылмағандықтан, салық түсімдері артығымен орындалған, яғни тиісті мамандармен ішкі ресурстар толық зерделенбеген. Ал Қызылжарма ауылдық округінде 1 қарашаға бекітілген жоспар толық орындалмаған. Жыл басынан бері жеке және заңды тұлғалардан 2406 өтініш келіп түскен. Оның ішінде 929 азаматтардың өтініштері орындалған, 22 өтініш орындалуда, 1455 өтініш тиісті мекемелерге жолданған. Алайда кейбір ауылдық округтерде азаматтардың өтініштері басқа мекемелерге жолдаумен шектеліп, оның орындалуына бақылау шаралары жүргізілмеген. Ол бойынша ҚР Бас Прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі Комитетінің Қызылорда облысы бойынша Департаментінің 9 ай қорытындысымен ұсынылған талдауында кент және ауылдық округтерде жолданымның қарау мерзімін бұзу, тыңдалым жүргізбеу дерегі, жолданымды орындаушыға уақытында бағыттамай, орындау мерзімдерін негізсіз созбалаңға салу дерегі бойынша заң бұзушылықтар мен кемшіліктер анықталған. Атап айтқанда, Тасбөгет кенті 15 кемшілік, Ақсуат 6 кемшілік, Қызылжарма 6 кемшілік, Қарауылтөбе 1 кемшілік, Қызылөзек 1 кемшілік тіркеген. Ағымдағы жылдың 10 айында кент және ауылдық округтердің қызметкерлеріне барлығы 16 тәртіптік жаза қолданылған. Осы ретте кент және ауыл әкімдері тарапынан қызметкерлердің жұмыстарына бақылау әлсіреген деуге болады. Мысалы Қызылжарма ауылдық округ бойынша 8 қызметкерге «ескерту» және «сөгіс» ретіндегі тәртіптік шаралар берілген. Оның ішінде, тәртіптік жазалар заң бұзушылықтарды жою бағытындағы ұсынымдар негізінде және өзіне жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде орындамағаны үшін қолданылған,-деді аппарат басшысы өз баяндамасында.

Жалпы аппарат басшысы Жасұлан Абатовтың баяндамасында ағымдағы жылдың 10 айындағы кент және ауылдық округтердің атқарған жұмыстарына жүргізілген ақпараттық-талдау нәтижесінде бірқатар кемшіліктер бар екенін атап өтті. Осыған орай аппарат басшысы қала әкіміне кент және ауылдық округ әкімдеріне анықталған кемшіліктерді мерзімінде жою бойынша тиісті тапсырмалар беруді сұрады.

Баяндамадан кент және ауылдық округ әкімдеріне бекітілген біршама бастамалардың орындалмағанын көруге болады. Бұған дейінгі болған аппараттық мәжілістерде кент және округ әкімдерінің жұмысы халықтың әлеуметтік жағдайымен бағаланатыны қатаң ескертілген еді. Алайда, бүгінгі баяндамадағы мәліметтерге сүйенсек, Қарауылтөбеден өзге кент-ауылдарда жұмыссыздық деңгейі былтырға қарағанда 2,7 есеге артқан. Азаматтарды жұмыспен қамту жөнінде атқарған жұмыстарын қала әкімі жүйесіз деп тапты. Бұл тізімде жұмыссыздық деңгейі ең көп – Тасбөгет және Белкөл кенттері. Қала әкімнің «Халық саны өспесе, жұмыссыздық неге өседі?» деген сауалына Тасбөгет кенті әкімінің міндетін атқарушы Жаппасбай Байқадамов тұшымды жауап бере алмады. Қала әкімі Тасбөгет кентінде ресурстың барын алдыға тартып, кент әкімінің жұмысына оң баға берген жоқ. Тасбөгеттен соң, Ақсуат ауылдық округінің басшысы жауап берді. Аталған ауыл округінің басшысы мемлекеттік бағдарлама аясында 6 жоба жасалғанын атап өтті. Алайда қала басшысы бұл жауапқа да көңілі толмады. Қала әкімі:

– Мемлекеттен, бюджеттен қаншама қаражат бөліне тұра, қаншама жобалар жүзеге аса тұра, жұмыссыздықтың артуы – өрескел қате,- деді.

Мұхаммедшах Каюп

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған