БІР ҮМІТ пен БІР КҮДІК
Арал қаласында түнемелік «Кіші Арал» деп ұйықтап, таңертең «Кіші Арал» деп оянатын бір азамат тұрады. Аты-жөні аудан әкімінің бірінші орынбасары Ахмедулла Үмбетов. Бір топырақтан жаралдық, бір құдықтан су іштік. Біздің мұңымыз да, жырымыз да бір. Мұңымыз – туған жерден ел көшіп, ата қонысымыздың қаңырап қалуы. Жырымыз – теңіз тағдыры. Өлген теңізді тірілту біз сияқты мұңлықтардың мұң-зарынан басталып, исі қазақтың арманына айналды. Ақыры «Аралды құтқару қоры» ауданда да, облыста да, астанамыз Алматыда да құрылды. Қаржы жиналып-ақ еді, Кремльдің жуан қарын шойтығы Павловтың ақша реформасы бәрін быт-шыт қылды. Миллион сомның миллион тиындық құны қалмады. Көкірекке шер байланды. «Жығылғанға – жұдырақ» дегендей, көреген халықтың зар жылап айтқан ақылына кері ойластырылған «Сырдария-Сарышығанақ» су жолын қазу бос далбаса болып шықты. Мыңдаған сом қаржы құлқын құмарлардың құрдымында кетті, деген күңкіл ел ішін кезіп жүр.
Зығырданың қайнайды! Жең ұшынан жалғасқан жемқорлардың шыбын жанын қан шығармай шырқырататын заман өтіп кеткен. Арызыңды кімге айтарсың? Жалынатының айналып келгенде баяғы кеңпейіл халқымыз. Аумағы қусырылған теңізді жоқтай-жоқтай тоқсан алтыншы жылға да жеттік. Аудандық, облыстық, республикалық қорлардың жаңадан құрылуымен үмітіміз қайта жана бастады. Түбі тақырланып қалған «Аралды құтқару қорына» ауданның жаңа әкімі Алашыбай Баймырзаев менің көзімше бірінші болып 30 мың теңге салды. Ал облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қорға бір айлық жалақысын қосыпты. Сол-ақ екен, көптеген азаматтар, оның ішінде аудан әкімшілігінің қызметкерлері де бар, қордың қоржынына бала-шағаларының несібесінен жырып бір-бір айлық жалақыларын салған. Айтып қояйық, қорға осылай там-тұмдап тиын-тебен түсе берер-ау, дегенде Кіші теңіз жасау оңай-оспақ іс емес. Бұл дегеніңіз тегінде омыраулап тізеге салуға көнбейтін жұмыс…
Апыр-ай, мына жаңа әкімнің жүрегінің түгі бар екен?! Аралға «келмей жатып» Кіші теңіз жасаймын деп жатыр. Биылғы маусымда дарияның құяр сағасына штаб орнатыпты. Басына 2 вагон-үй, 5 скрепер, 1 бульдозер, жиырма шақты адам алып барған. Бөгетті бастауды біссіміллә деп бұрынғы №4 жылжымалы мехколоннаның ізімен жасақталған Нұртуған ақын атындағы акционерлік қоғамның бастығы, аманөткелдік Кегенесов Жолдасқа жүктеген. Ә дегенде айлық жалақы, жанар-жағар май үшін 200 мың теңге босатыпты. Осы қаржының арқасында көп күттірген, көңілді күпті еткен нәтижесі осы жылдың он төртінші қыркүйегінде Ұлы теңіз бен Кіші теңіздің арасын жалғаған қылта бөгелген. Бұл әрине бөгеттің табаны ғана, үлкен жұмыс әлі алда.
Енді аудан әкімінің бірінші орынбасары Үмбетов Ахмедулла екеуміз осыдан бірнеше жылға кейін шегінеміз. Арал қаласынан «Возрождение» аралына жүк жеткізіп тұру үшін әскерилер Ұлы теңіз бен Кіші теңіздің аралығын, кеме қайырлай бергесін «черпалкамен» дамылсыз қазып тұрған. Ол ұзындығы жүз метрге жуық терең өзекке айналған. 1992-жылы дария суының теңізге мол түсуіне байланысты әлгі өзектің ені біразға барды – деді Ахмедулла. Сол кезде «Казгипроводхоз» ғылыми-зерттеу институтының мамандары Қаратерең-Көкарал автожолының (бөгеттің) жобасын жасауға кіріскен еді. Үш жарым ай жүріп зерттеген.
Сонымен не керек, жоба дайын болды. Жоба бойынша бөгетке 2 млн. 480 мың текше метр топырақ кетеді. Жолдың кеңдігі 10 метрге барады. Жұмыс екі кезеңде бітеді. Әуелгі кезеңде жолдың табаны (14 шақырым) бір жарым, екінші кезеңде үш метрге көтеріледі. Бірінші кезеңнің жұмысы 5,56 млн. долларға бітеді. Бұл жұмыс 18 айда бітуі тиіс. Оның екі айы дайындық жұмыстарына кетеді.
Қағазда осылай. Ауызбен айтқанда оңай. Бірақ мұншама ұлы жұмысты батылыңыз жетіп бастап көріңіз. Тұра-тұрыңыз, әзір басталмайды. Себебі, дайын тұрған доллар жоқ – бір, екінші Сырдария – Сарышығанақ жобасы сәтсіздікке ұшырап үлгірді. Енді Кіші теңіз жасамақшы болған көзсіз ерлер қорқып қалды. Осының өзі бос әурешілік емес пе? Қаратерең – Көкарал арасына түсетін бөгет су екпініне шыдас бере ала ма? Осындай толқу туды. Ақылдаса келгенде көзсіз ерлердің ойына ленинградтық ғалымдардың жобасы оралды. Ғалым Аладин Арал проблемасымен 14 жыл айналысқан «әулие». Ол Англияның екі профессорын ертіп келген.
Сол кезде ел ішінде күңкіл басталды. Сарышығанақтың ақшасын жеп кеткендер, енді Кіші Аралдың ақшасына ауыз салды,- деп. Қайдағы ақша? Кеңес Одағы кезінде құрылған «Аралды құтқару қоры» банкротқа ұшырап біткен-ді. Павлов деген дәу бүкіл елді «банкротқа ұшыратып» кеткен-ді. Көп ішінде кім жоқ, дастархан басында ауызбен орақ оратын жалаңтөстер төбе көрсетті. Әкімшілікке барып: маған көк тиынның керегі жоқ. Бір трактор мен бір машина бер, адамдарыңды жек, ішетін арағын жіберіп тұрсаң болды, ар жағын өзіміз қатырамыз, – деп тепсінгендерді де мына көз көрген. Өсек-аяң желдей еседі, іс жылжып болар емес, қаңқу сөз көп. Әлгі тепсінген ақикөзге: – Қалай бөгейсіз дегенде: «Қаратөс» шыңының тұмсығындағы қиыршық тастарды шыңның сазымен араластырып бөгеймін. Цементтен бетер қатып қалмаса, маған кел!»-деп екпіндеді. Ой-дөйт!-деген-ай, беті бүлк етсе не дейсіз. Кіші Аралды бөгеп, Айды аспанға бір-ақ шығармақ. Сөйтіп тарихта атын қалдырмақ. Кіші теңіз жасау жолында қаншама көзіқарақты ғалымдардың басын қатырып жүргендерімен шаруасы шамалы.
Қайран теңіз, кім көрінгеннің тәлкегіне ұшырап, ермегіне айналдың-ау! Кім көрінгеннің тілінің ұшында бұлбұл ұштың-ау! Іс басында жүрген жігіттерге бәрінен де ілім-білімнен еш хабары жоқ надандардың ақыреті өтті. Аяғын басса, аузын ашса болды – өсекке таңады.
Біле-білгенге көзжұмбайлықпен ұрынуға кімнің тәуекелі жетеді? Кіші Арал жұмбақ. Оны бүгін бөгедің, соңыра қалай болады? Еңбек қайтып, үміт ақтала ма? Ені он метрлік бөгеттің биіктігін мүмкін 7-8 метрге дейін көтеру керек шығар. (Ондай да жоба бар көрінеді). Үйткені, суға сенім жоқ, оның күші алапат. Қарашаның қара суығы желтоқсанға ұласарда теңіз аңғарында күр пайда болып сең қаптайды. Дауыл тұрса бөгетті толқын соққылайды. Сондықтан, жобада негізгі бөгеттің Кіші теңіз жағынан қорғаныш бөгеті соғылады, – деп айтады. Екеуінің арасы 70 метрден бастап, кейбір жерлерінде 100-105-110 метрлерді алып жататын болады. Негізгі бөгеттің Кіші теңіз жағы түйеталы болып келеді, бұл қатты соққан толқындардың екпінін қайтара алады. Ал негізгі бөгеттің ұлы теңіз жағында табаны 50 метрлік, ені де сондай дренаж болады. Оған ыза су жиналады. Бұл сақтық шаралары. Ал осыншама енапат жұмысқа көзжұмбайлық жүре ме?
Айтпақшы, Үкіметтен көмек бола ма деп тоса-тоса шыдам таусылғасын көзжұмбайлыққа барып та көрген бұлар. 1992-жылғы бірінші бөгеу су Ақеспеге қарай жинала ма, жоқ па, байқап көру ыңғайында басталды. Ендеп кеткен өзекті сол жылдың қыркүйегінде бөгегеннен кейін су бір метрге дейін көтеріліп, бөгет кенересін шіреп тұрды. Алақайлаған бұлар Ақеспеге, Тастүбекке, Үшшоқының астына су деңгейін өлшейтін белгі орнатты. Оны бақылап, хабарлап тұруды «Көк теңіздің көкжалы» атанғандардың бірі Акеспенің атақты балықшысы Нарғали Демеуовке тапсырды. Көп ұзамай Нарекеңнен хабар келді. Ақеспеде құрғаққа шығып қалған кемелердің астына су жүгіріп, қозғалысқа түсті деген. Бірақ кейін су деңгейі сылқ түсіп, бөгеттен шегініп кетті.
– Қарашаның қара суығында бірнеше адам Үшшоқыға қарай жүргенімізде 17 шақырымнан кейін теңіз шалшығына кезіктік, – деді Ахмедулла. Қатқан мұз үстіне шықтық. Ойып көргенімізде судың деңгейі 20 сантиметрдей, ал кейбір шұңқырларында тереңірек екен. Жобаны жасаушылар қателеспеген, Арал қаласының аңғарына су келетініне көзімізді жеткізді. Бөгеуді енді жоба бойынша жалғастыруға кірістік. 1993 жылы ақпан айының басында дарияның аяғында су көтеріліп, теңіз табанына тез жайыла бастады. Бөгетті биіктету наурызға дейін созылып келді де, тоқтап қалды. Себебі, құрылысшылар жолды (бөгетті) наурызға дейін салып үлгіруі керек еді, үш жарым шақырымдайын ғана салып үлгірді, қалғанына үлгіре алмады. Орып кеткен су өткел бермеді.
– Мен бөгетке жиі қатынап тұрамын, кейде бөгет басында түнеп қалып та жүрдім. Жайылып кеткен судан техникаларымыз батпақтап, аралдап қалуға айналдық, – деді Ахмедулла. – Көкектің аяғында тікұшақпен барып көргенімізде бөгетіміз жайылма судың ортасында қалыпты. Жұмысты одан әрі жалғастыруға қаржы көзі болмады. Облыстан да, республикадан да көмек бола қоймады. Сөйтіп, өзекті бірінші бөгеу өзінің эксперименттік міндетін атқарды. Кіші Аралды жасауға болатынына көзімізді жеткізді, Су шаруашылығы министрлігінің сенімі бекіді. Сол алғашқы қарқынмен бөгеттің де, Кіші теңіздің де ұлы жобасын жасаттырып, құнын есептетіп алдық, – деп Ахмедулла жоба схемалары мен құжат қағаздарды алдымызға жайып тастады. Айтпақшы, жобаны жасауға министр Н.Қыпшақбаев пен ақын ағамыз Кәкімбек Салықовтың өлшеусіз көмегі болғанын жазыңызшы, жұрт білсін…
Бір үміт пен бір күдік. Біз «Арал тағдыры – адам тағдыры” деп газетте тынбай дамылдатып жүргенімізде, дария атырауындағылар апатпен арпалысумен болыпты. Әуелгі бөгеу «тегін» атқарылды деуге болады. Қызылордалық және аманөткелдік құрылысшылар еңбекақы алып та жарымапты. Енді мына көзсіз ерлер тағы да тәуекелге басыпты. Қажетті қаржының есебі белгілі болғанымен көрініп тұрған көмбесі жоқ. Мына басталған жұмыс жалаң энтузиазммен қай жерге дейін барады? Бір үміт пен бір күдік…
– Сіздердің мына машақаттарыңыз, яғни Қаратерең мен Көкарал арасын екінші рет бөгеу кезекті бір асығыстық емес пе? – деп Ахмедулланы сұрақтың астына алдым.
– Ағажан, асығу керек! Асықпасақ болмайды! – деп ол кабинетін кезіп кетті. – Бұрындары бүкіл теңіз үшке бөлініп қалады деуші едік. Енді, Кіші Аралдың өзі бөлініп барады. Санап берейін бе? деп ол саусақтарын бүге бастады. Үлкен Қаратүп пен Үшшоқының арасы қосылды. Бір ме? Ақеспе бағытындағы (Бутаков шығанағы) Тастүбек пен Домалақтың арасы қосылып та қалды. Арасында көлшік жатыр. Екі ме? Анау Сарыкөл жақтағы (Паскович шығанағы) Сарыбасат пен Көкарал ол қосылуға жақын. Үш пе? Шевченко шығанағы екіге бөлініп барады. Бес пе? Ал улы шаң, ұшпа топырақ басып жабайы жерге айналған теңіздің атырабындағы ондаған қазан шұңқырлар өз алдына. Олардан сасық иіс аңқиды. Арал аймағының енапат топырағы жел тұрған сайын ентелеп барады. Міне, осындай жағдайда әрекетсіз қалай жайбарақат отыруға болады?!
Айтып тұрғаны қисынға келеді. «Кіші теңіз жасаймыз» деп айқайлауымыздың да, қабылданған қаулыларымыздың да, белгіленген шаралардың да есебі жоқ. Соның бір де бірінен қайран болмағасын ел ішінде: «сол Кіші Аралдың керегі не, қаржыны босқа шашып» деген күңкілдің шыққанына да біраз болды. Бұл әлбетте әбден үміттене-үміттене, жоғарыға қарай-қарай өзегі талғандардың айтып жүргені. Осы қаңқу ойымда, Ахмедуллаға енді әдейі не дер екен деп қиянпұрыс сұрақ қойдым:
– Кіші Арал, Кіші Арал деп шулап жүрсіңдер. Сол кіші теңіз бізге не үшін керек болып тұр? Арал халқын ұшпаққа шығара ма?
– Керек! Керек! Ойбай-ау, теңіз табанынан миллиондаған тонна улы шаң ұшып жатқан жоқ па? – деді ол осыны шынымен айтып тұрсыз ба дегендей таңырқап. – Бөгет орнықса құрғап қалған теңіз ұлтанын су басады. Ол тұзды ерітіп жібереді, шаң көтерілмейді, құм дауылына тосқауыл болады, фитомелиорацияға кететін шығындарды да 10-15 процентке кемітеді. Демек, аймақтың микроклиматы оңалады. Егер Кіші теңіз жасалатын болса, одан көлдерді есептемегенде жылына 4 мың тоннаға дейін балық аулаймыз. Қаратүп пен Көкарал аралығындағы жерлерде 2 мың басқа дейін түйе, мың қаралы жылқы өсіру жоспарымызда бар..
Мәссаға-а-н-н, қиялыңа болайын?! Жоспарлап та қойыпты бұлар. Сол күн алыс па, жақын ба?! Егер бөгет жоба бойынша толығымен бітсе, Ауан мен Ақбасты аралығындағы өзекпен су жүріп Кесаралға құлайды. (Ауан мен Ақбастыны бөліп тұратын терең өзекті жергілікті тұрғындар Кесарал дейтін). Жобада Кесаралға шлюз салу да қарастырылған, – деп айтады. Ол Кіші теңізге түсетін суды реттеп отырады. Ондай атты күн туса, көршілес Қазалы ауданы жерінің де микроклиматы тынысын кеңге салар еді. Ай, арман-ай, арман! Мынау басталған іс қаржыдан тарыққанда тоқтап қалмас па екен. Бір үміт пен бір күдіктің толғағы әл-әзір басылар емес…
СЕН ӘЛЕМНІҢ ЖАНАРЫНДАСЫҢ, АРАЛ!
Арал атырабын жайлаған экологиялық апаттың дүние-әлемнің жанарына іліккеніне де талай жылдың жүзі аунады. Енді аманшылық болса, жиырмасыншы ғасырды түгендеп, жаңа жүзжылдықты бастаймыз. Ең өкініштісі сол, алдағы ғасырдың табалдырығынан тәуелсіздігіміздің көгілдір туын желбіретіп аттайтынымыз болмаса (көңілге медеу тұтарымыз тек осы ғана), жетіскеніміз шамалы. Алдыңғы толқын – көш бастаушыларымыздың бұл ғасырдан күткен үміттері ақталған жоқ. Армаңдары іштерінде кетті. Олардың бастаған ісін жабық қоғамда жалғастырып тірлік кешкен біздер жаңа ғасырға экологиялық ауыртпалығымызбен итініп-соғынып, азып-тозып, әрең дегенде жеткелі тұрмыз. Табиғат-анамыздың шашын жұлып, бетін тырнап, қойынын ашып, шалқар төсін қопарып, «қос анарынан» ақ бұлақтың орнына ыбылыстың әбден ластанып ылайланған зәр-заһар сарқындысын ағызып оны бір қойдық. Бұл қисынға сенбесеңіздер, облыс көлеміндегі кез-келген санэпидстансаның лабораториясына барыңыздар да, көріңіздер. Сырдария суының құрамынан іздегендеріңізді қиналмай-ақ табасыздар.
Енді осыған жер-жердегі топырақтың, кеңістіктегі ауаның ластануын қосыңыз. Сонда, Сыр бойын жайлаған апаттың түрлері де түрленіп көбейе береді. Мына бір бүйіріміздегі Байқоңырдың ұшыру алаңдарының өзі-ақ талайымыздың тылсым көрімізді білдірмей қазып жатыр. Ғарыштың зымыран кемелері әр ұшқан сайын ауаға тарайтын гептил деген удың зәрі адамзаттың тұқым-тұқымына кететін көрінеді. Демек, олай болса, есіңнен танбаған нең қалды? Кейде кісәпір ой кимелейді: осы біздің облыста жүз процент дені сау адам бар ма екен… – деп үрейленесің.
Есімізден танғанымыз емей немене, Үкіметіңіз де, ұлтымыз да аналары мен балаларының денсаулыңын қорғай алмай отырса? Есімізден танғанымыз емей немене, арамызда кәрі-жасымызды талғамай жалмап жатқан «аты жоқ» аурулар асқынып тұрса. Осындай қасыретті құбылыстардың алдында ғылым да, ғалым да дәрменсіз күй кешуде.
Енді Арал теңізінің сарқындысын «сақтап қаламыз» деп, «Кіші Арал жасаймыз» деп жанталасып жатырмыз. Дұрысы, жанталасқан болып жатырмыз. Осындай ниетпен шала бүлініп қарбаласқанымызбен мақдытқанымыз шамалы болып тұр. Істен сөз көп. Сөздің көп болатыны – бар мәселе қаржыға тірелген кезде, діңкеміз құрып, омалып отырып қаламыз. Егер қыруар қаржы тапсақ, баяғы Арал теңізін орнына келтіре алар ма едік?
Жоқ, енді кеш. Біз жиырма бірінші ғасырдың табалдырығынан “құр қол” аттаймыз. Бізде енді баяғы Арал теңізі болмайды, тек оның жартылай бір бөлігі ғана болады. Біз бүгінгі таңда бастан кешіп отырған экологиялық дағдарыс бүкіл әлемдік қауымдастықтың көзін осыған анық-қанық жеткізді. Үйткені, осы күні Арал дағдарысына байланысты оқиғаларды барлап, бағдарлап отырсаңыз, теңізді құтқару туралы сөз саябырсыған. Тек Арал аймағы тұрғындарының денсаулығы мен тұрмысын күйттеу орайында ғана қам-қарекет басталды. Апатты аймаққа әзірше Өзбекстанның Қарақалпақстаны мен Хорезм облысы, Түркіменстанның Ташауыз облысы мен біздің Сыр бойы кіреді. Апатты дағдарыстың ең қауіпті соққысы әсіресе осы өлкелерді күйзелтуде.
Сөйтіп, ендігі тірлік – теңізді құтқару емес, әуелі халықты тұрмыстық және экологиялық дағдарыстан қорғап қалу қарекетіне ойысқан. Бұл өзі келешекте қандай нәтиже бермек? Үміттің шырағы сөніп қалмай ма? Амалсыз не қилы ойға берілеміз. Арал аймағының тұрғындары күндердің күнінде ұрпағының келешегі үшін жан-жаққа бытырап, босып кетпес пе екен дегендей де күдік кимелейді. Себебі, осы күні бастан кешіп жатқан әр күніміз бір мінез шығаратын болды. Баяғыда «қарашаның қары» деген болатын еді. Биылғы қарашада қардың исін де сезгеніміз жоқ. Өткен екі қыс қатарынан қарсыз өтті. Жыл он екі ай шаң жұтатын күйге жеттік. Осы өткен аптада күні бойы қатты дауыл тұрды. Сонда Қызылорданың орталық алаңына құм жауды. Бұл бізді қоршаған төңірегіміздің жалаңаштанып жұтағанының тура мысалы емес пе? Осыдан жиырма бес жыл бұрын қаланың орталық кіндігіне топырақ жауғанды кім көріпті.
Осындай күдікпен бірге алаң-жарлы көңілде үміт те жоқ емес. Міне, бес-алты жыл болды дербестік туын тіккен Елімізге «өркениетті» дейтін елдерден «гуманитарлық көмек» дейтіндердің үздік-создық болса да келіп жатқанына. Осы «көмектерден» алғашқыда бетіміздң оты шығып, жерге қараған кезіміз де болды. Мұхиттың арғы жағындағылар мен еуропалықтар бізді әбден сорлап қалған ел екен деп ойлаған болса керек, иі түскен кертақта киімдерін, пәлен жыл тұрып қалған консервілерін және де өздері пайдаланбайтын дәрі-дәрмектерін үйіп-төкті. Кейін бұл тасқын бірте-бірте саябырсып, ақылға келе бастадық.
(Жалғасы бар)