Ел батасын алып, ризашылыққа ие болып, алғысқа бөленіп ел басқарып жүрген азаматтардың бірі де, бірегейі ретінде жұртшылық Нәлібаев Нұрлыбек Машбекұлын ерекше атайды. Өйткені, Сыр өңірінде соңғы жылдары жүзеге асқан ауқымды бастамалар мен әлеуметтік өзгерістер туралы сөз қозғалғанда, Нәлібаев есімі қоса айтылады.

Өзге аймақ тұрғындары арасында кезінде «Біздің облысқа әкім болып келсе ғой» деп іштегі қалауларын сыртқа жеткізгендер де жетерлік. Себеп – Нұрлыбек Машбекұлы әкім болған кездегі Қызылорда облысының қарқыны, өркендеуі болса керек. Бұдан бөлек Сыр жұртшылығының аймақ басшысына деген ізгі ілтипаты, мақтауы да себеп дейміз.

Нұрлыбек Нәлібаев 2022 жылдың сәуірінен 2026 жылдың мамырына дейін Қызылорда облысының әкімі қызметін атқарды. Осы кезеңде өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға, елді мекендерді   жақсартуға, білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларын дамытуға бағытталған көптеген жобалар қолға алынды. Дария жағасындағы қала келбеті де жаңарып, аудандарда әлеуметтік нысандар бой көтеріп, Сыр бойын жайлаған тұрғындарға қолайлы орта  қалыптастыруға басымдық берілді.

Әрине, кез-келген игі істің артында мемлекеттік қолдау, мамандардың еңбегі, және елдің ортақ мүддесі тұрады. Сондықтан өңірдегі жетістіктерді бір адамның ғана еңбегі деп қарастыру дұрыс емес екендігін білеміз, сондай-ақ Нұрлыбек Машбекұлының басшылығына тән іскерлік, ұйымдастырушылық болмағанда, 2022 жылға дейін еліміздегі өңірлер арасында көш соңында жүрген өлкенің аз уақыт ішінде үштікке, бестікке енуі мүмкін еместігін де білеміз.

Жалпы оның Сыр бойында қала және облыс әкімі болғанда атқарған шаруалары бүгінге дейін аймақ қана емес, республика көлемінде айтылып та жүр, тиісті бағасын да алды. Оған уақытысында өзі де ел алдында есеп берді. Бүгінгі сөз ыңғайын Нәлібаевтың облыс әкімі лауазымынан кейінгі Үкіметтегі жаңа қызметі барысында да елге деген, туған жерге деген, Сыр жұртшылығына деген қамқорлығы мен құрметіне арнаған жөн болар.

Жалпы Сыр өңірінде ел басқарып ісімен де, сөзімен де жұртқа жағып, жоғарыға жоғарылап кеткендер баршылық. Мұндағы ел әкім болып келгендердің барлығын дерлік құшақ жая қарсы алып, оларды басқа қызметке ауысып кетерінде қимастықпен шығарып салып жатады. Солардың баршасы дерлік қызметтен кеткеннен кейін көңілден де, көзден де кетеді. Өйткені белгілі бір мерзімде әкімдік қызметін атқарғаннан кейін елдің олармен, олардың мұндағы елмен шаруасы болмайды. Соның да салдарынан болар, кей әкімдердің тұсында басталған кей жақсы жобалар аяқсыз қалып, салынған құрылыстар “сақалдыға айналып”, олардан кейін келгендерге әжептәуір жүк болып жатады. Нәлібаев көзден де, көңілден де кетпеді. Елге келген әр сапарында өзі әкім болған тұстағы құрылыстардың, нысандардың сапасын бақылап, назарда ұстап отырады. Одан бөлек елге еңбегі сіңіп жатқан ерен еңбек ерлерін де ұмытпай, әр мереке тұсында Үкімет басшысының бірінші орынбасарының құттықтауын жіберіп, Алғыс хаттарын аямайды. Мемлекеттік деңгейдегі тұлғалардың мерейтойына арналған жиындардың өздері де Үкімет басшысының бірінші орынбасарының кіріспе сөзінсіз басталмайды. Мұндағы ел де қарап қалып жатқан жоқ. Әр жиын сайын Нәлібаев кезіндегі жақсылықтарды, игі істерді айтып тамсанып отырады.

Иә, Нәлібаевтың өзіндік ерекшелігі дегеніме жеттім деп, жеткен жерінде тоқтап қалмай, елді, елдегілерді ұмытпай, назардан тыс қалдырмауы. Ел де Үкіметтің әр жиынын бақылап, Үкімет тапсырмасымен жол, құрылыс сапасын бақылап, әр өңірде іс сапарлатып жүрген Нұрлыбек Машбекұлына тілектес болып, “тақым қысып” отырады.

Нұрлыбек Нәлібаевтың Қазақстан Республикасы Үкімет басшысының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалуы  оның мемлекеттік қызметтегі міндетінің жаңа деңгейге ауысуы болды.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары ретінде Қызылорда облысына жасаған жұмыс сапарларында өзінің кезінде басталған әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың құрылысын, олардың орындалу барысын үнемі бақылауда ұстайды. Мерзім мен сапа талаптарын сақтау жөнінде жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеуді де ұмытпайды. Кешегі қазан айындағы сапарында да жол құрылысы, медициналық нысандар және спорт кешені секілді маңызды жобалардың жай-күйіне назар аударды.

Бұл – өңір үшін басталған жұмыстың нәтижелі аяқталуының маңызын көрсететін ұстаным. Себебі елге қажетті ғимараттың іргетасын қалау бір бөлек те, оны сапалы аяқтап, халықтың игілігіне беру бір бөлек. Құрылыс жұмыстарының барысын бақылау, мәселелердің шешілуін талап ету және белгіленген міндеттердің сапалы орындалуына назар аударып, талап ету – перзенттік парыздың бір бөлігі. Өйткені әрбір жаңа мектеп – баланың сапалы білім алуына мүмкіндік, әрбір медициналық нысан – халық денсаулығына қызмет, ал әрбір жол мен инженерлік желі – елді мекендердің дамуына жасалған қадам.

Сыр жұрты үшін мұндай назардың маңызы зор. Өйткені, өңірге әкім болған бір бөлек, әкімдіктегі қызметтен кетсе де өзінің  бастамасымен басталған жобалардың жайын әлі күнге бақылау да бойдағы жауапкершілік пен халық алдында берген уәденің соңына дейін орындалуы тұрғысынан тұлғалық бірсөзділіктің дәлелі деуге негіз бар.

Ел басқарудағы басты мақсат — халыққа қолайлы жағдай жасау, ауыл мен қаланың тыныс-тіршілігін жақсартып, жұртшылықтың ертеңгі күнге деген сенімін нығайту. Нәлібаевтың ел басқарудағы ерекшеліктерінің бірі – халықпен етене жақын болып, жұртшылықтың талап-тілегі мен ұсыныс-пікіріне құлақ аса білуі. Оның жұртшылық жақсы көретін басты қасиеттерінің бірі өз шешімінде елдің талабын ескеріп, тұрғындардың үнін назардан тыс қалдырмауы. Халықтың ортасында болып, олардың мәселесін тыңдап, елмен ақылдасып, ортақ шешімге келуді де басты орынға қоя білді.

Жалпы Нәлібаев Сыр бойындағы ел басқару ісінде бұрынғы мен жаңаны, үлкен мен кішіні ұйымдастырып, топтастыра білген бірден-бір тұлға. Бұрынғы әдетте кеткенді жамандау, оларды оқшаулау кең үрдіс алған тұста өзіне дейін аудан, қала, облыстық деңгейде ел басқарған тұлғалардың барлығын елдік мүддеге тоғыстырып, бір жүйе құра білді. Үлкеннің ақылын, кеңесін алды. Одан жаман болған жоқ. Ескерусіз қалған ел ағалары Н.Нәлібаевтың естілігіне тәнті болып, өз тәжірибелерін, бойдағы күш-қуатын облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлымен бірге Сыр бойының дамуына жұмсауға мүмкіндік алды. Елдің бір жұдырыққа жұмылған ауызбіршілігі әрине аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етті.

Халықтың жүрегіне жол табу тек ірі жобалармен, немесе ресми кездесулермен шектелмейді. Ол адамдардың қуанышын бөлісуден, еңбегін бағалаудан, мерейлі сәттерінде назар аударудан және елге қызмет етіп жүрген азаматтарға құрмет көрсетуден де көрініс табады. Мерекелерде құттықтау хаттарын жолдап, түрлі салада еңбек етіп жүрген азаматтарды марапатқа ұсыну немесе олардың еңбегін атап өту – ел ішіндегі сыйластық пен құрметтің көрінісі. Бұл бағытта да Нұрлыбек Нәлібаев жолынан жығылған емес. Өйткені, өңір дамуына өз саласы бойынша үлес қосып жүрген тұлғалардың ерлігін дәріптеу арқылы ол өз бойындағы кеңдікті де көрсете білді.

Нәлібаевтың аға буын өкілдеріне құрметпен қарап, түрлі жиындар мен басқосуларда соларды төрге шығарып, өзінің кейінге ысырылуы оның артықшылығы болды.

Аға буын – қоғамның тарихи жады. Олардың өмір жолында тұтас бір дәуірдің ізі, ел үшін атқарған еңбектің салмағы, талай ұрпаққа үлгі болар тәжірибе бар. Сондықтан жолы да, жасы да үлкен тұлғаларды құрметтеу – жеке адамдарға көрсетілген ізет қана емес, елдің өз тарихына, өз тамырына деген құрметі. Осы құрмет – Нәлібаевтың көргенділігі.

Бүгінде көпшілік Қызылорданы сөз еткенде тек көне, тарихи құндылығы бар өлке ретінде ғана емес, жаңарған, заманға сәйкес жанданған аймақ ретінде бағалайды. Нұрлыбек Машбекұлы әкім болған тұста өңірге алыстан да, жақыннан да қаржы тартылып, сол қаржыға жасалған жұмыстардың нәтижесінде тұрғындардың тұрмысы түзеліп, еңбек етуге мүмкіндігі артып, әлеуметтік жағдай бұрыңғыдан жақсара бастағанын айта кету керек. Халықтың жақсы тұрмысын басты орынға қойып, елдің дамуы мен жұрттың әл-ауқатын қатар ойлау жауапты басшының маңызды ұстанымы болды. Сол  негізде Нұрлыбек Машбекұлы жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту, климатқа сәйкес шаруашылық жүргізуге баса назар аударумен қатар азаматтардың өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруына да басымдық берді. Экономика жанданып, жаңа мүмкіндіктер қалыптасқан сайын халықтың да тұрмыс сапасы арта түсетінін дәлелдеп, құрылыс жұмыстарынан тыс әлеуметтік мәселелерге де зер салды. Нәтижесінде Қызылорда облысында халық тұрмысына қолайлы жағдай жасалды, жастардың өмір салтына сәйкес өмір сүру сапасы артты, сала бойынша жас кадрларға алға ілгерілеуге мүмкіндіктер берілді, мектеп деңгейіндегі оқушылардың сабақтан тыс сапалы, терең білім алуына жағдайлар жасалды. Қызылордалықтар бір бүгінмен емес, ертеңгі күнмен өмір сүре бастады, алға жоспар қойды. Билік әлеуметтік қалауларды ескерді, заманға сай талаптарды қаперге алды, нәтижесіне Сырдың ғана емес тұтас елдің халқы куә.

Оның елге қызмет етудегі шынайы өлшемін халықтың күнделікті өмірінен көрінетін оң өзгеріс­тер арқылы айғақтауға болады. Халық тарапынан оң бағаға ие болуда оның жасақтаған кадрлық құрамының да ықпалы зор. Нұрлыбек Машбекұлы қарамағына сөздің емес, істің адамдарын біріктірді. Әр жобаны соңына дейін нәтижелі ететін мамандар шоғырын жасақтай білді.

Сондай-ақ, Нәлібаевтың бүгінгі деңгейге жетіп, өз жолын қалыптастыруына оның өз уәдесіне беріктігі, ойдың, сөздің, және істің бірдей көрініс табуына мән беруі, қайсарлығы және алдына қойған мақсатына жетпейінше тынбайтын табан­дылығы, қандай істі қолға алса да, межелі мақ­сатын айқындап, соған жетудің жолын таба біле­тіндігі, қиындық кездессе де алған бетінен қайтпайтын өжеттігі себеп болса керек. Өйт­кені биік белестерге жету тек мүмкіндік қана емес, мүмкін еместі де мүмкін ете білу болса керек.

Өңірдегі басшы қызметтегілердің арасында өзгеден бұрын алдымен өзіне деген талап пен тәртіпке басымдық беретіндер көбейді. Нәти­жесінде  Нұрлыбек Нәлібаевтың қарамағын­дағы­лардан Үкімет деңгейіндегі қызметтерге биіктегендер аз емес. Әрине Нәлібаев билігі сырбойылық кадрлардың пісіп-жетілуіне ықпал етті. Өзі де Үкімет басшысының бірінші орынба­сары деңгейіне көтеріліп, әрі кетсе министр, немесе Парламент, Құрылтайға депутат болудан әрі аспаған Сыр бойының кадр саясатына елеулі өзгеріс әкелді.

Әкімдердің халықпен кездесуін ұйымдастыру­да, құқық қорғау орындары басшыларының халықтың алдына барып, бетпе-бет жүздесуінде, бәрінен бұрын әкімдіктің сыртқы темір қоршаула­ры­ның алынып, әкімдік    алды елдің серуендей­тін орнына айналып, биліктің халыққа ашық екендігін дәлелдеген тұсында Нәлібаевтың нән қолтаңбасы бар.

Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жол­дауын жариялады. Президент ел дамуының келесі кезеңіне қатысты басым бағыттарды айқын­дап, инфрақұрылымды жаңғырту, әлеумет­тік саланы дамыту, экономиканы әртараптан­дыру, инвестиция тарту, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру және цифрлық технологиялар­ды кеңінен енгізу жөнінде нақты міндеттер қойды.

Жолдауда көтерілген стратегиялық міндеттер мен соңғы жылдардағы  Қызылорда өңірінің даму бағыттарын салыстырғанда, бірқатар сабақтастық байқалады.

Президент Жолдауында әлеуметтік нысандар құрылысын жандандыру, өңірлердің білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салала­рындағы қажеттілігін нақты анықтап, соған сәйкес инфрақұрылым қалыптастыру міндеті қойылды. Мемлекет басшысы “Халықтық құрылыс” басталғанын жариялады. Ресми мәліметтерге сәйкес 2022–2025 жылдары өңірдің білім саласы бойынша 43 нысанның құрылысы жүргізілген. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 10 мектеп салынған. Облыстың жеті ауданында «Руханият» орталықтары да салынған. Білім нысандарынан тыс, емхана құрылыстары да қарқын алды. Одан бөлек,  ел мақтап жүрген әуежай терминалы, стадион, мәдениет және спорттық бағыттағы  нысандар көптеп салынуда.

Демек Қызылорда облысында Мемлекет басшысы айтып отырған “Халықтық құрылыс” жүріп жатыр…

Тоқаев инвестициялық ахуалды жақсарту, шағын және орта бизнесті қолдау, экономиканы әртараптандыру және жаңа өндірістерді дамыту міндеттерін қойды. Тағы да ресми ақпараттарға сүйеніп айтар болсақ, Қызылорда облысы инвестиция тартудан еліміз бойынша алда келе жатқан өңір. Көп айтпай-ақ аз айтар болсақ, 2025–2028 жылдары Қызылорда облысында жалпы құны 2,8 трлн. теңгені құрайтын 98 инвестициялық жобаны жүзеге асыру және 12 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Өңірдегі жол сапасын жақсарту мәселесінде де оң істер жетерлік. Бір ғана Қызылорда – Жезқазған жолының, сондай-ақ Қызылорда – Ақтөбе жолының жаңғыртылуы, “Сексеуіл” жаңалығы бәрі де Жолдаумен үндесіп жатыр. Елді мекендерді газдандыру, жарық мәселесін шешу бағытында электр стансаларын салу, күн қуатынан жарық беретін күн стансаларын көбейту, әрине мұның барлығы Нәлібаев көрегенділігінің тағы бір көріністері.

Биылғы Жолдауда әлеуметтік төлем турасында да айтылды. Бұл туралы Президент: «Негізсіз жеңілдіктер мен жәрдемақылардың тым көптігі – институционалдық шалағайлық­тың, керек десеңіз, мемлекеттік аппараттың әлсіздігінің белгісі. Бұл – елдің жарқын келешегін қамтамасыз ету ісінде көрегенділік жетіспейді деген сөз. Мұны түсінген абзал. Адамдарға бюджет қаражаты есебінен қам­қор­сынған сыңай таныту – барып тұрған популизм. Осының салдарынан халық мүдде­сіне қарсы, елдің орнықты дамуына тұсау болатын түрлі алаяқтық істер бүркемеленіп келді. Бүгінін ғана ойлайтын адамдардың түсінігі осындай болады. Олар стратегиялық және мемлекеттік көзқарас тұрғысынан пайым­дай алмайды. Сондықтан әлеуметтік саясатты түбегейлі қайта қарап, уақытша түйт­кілдерді реттеуден гөрі стратегиялық мақсат­тарға жетуге баса мән беру қажет», – деді.

Бір қызығы Тоқаевтың әлеуметтік төлемдерді оңтайландыру туралы айтқаны біздің аймақта бұған дейін жүзеге асып келеді. Өткен жылы сол кезде облыс әкімі болған Н.Нәлібаев Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте әлеуметтік көмекті шын мұқтаж жандар алсын деген пікірін жеткізіп, соған сәйкес жұмыстар Қызылорда облысы ойынша атқарылып жатқанын алға тартқан болатын.

– Шынында да шын мұқтаждар алуы керек. Әлеуметтік салаға терең талдау жүргіздік. Көп қаражат үнемдедік. Білім саласында да, денсаулық сақтау, әлеуметтік салада да. Соның ішінде атаулы әлеуметтік көмек алатын кісілермен 2022-ші жылдан бастап жұмыс жасадық. 2022-ші жылы 63 мыңнан аса отбасы АЭК алатын болса, қазір олардың саны 19000-ға түсті. Өйткені нағыз мұқтаж азаматтар осы 19000. Ал алдында алып жүргендердің көпшілігін жұмысқа орналастырдық. Қолынан жұмыс келетіндеріне жұмыс ұсындық. Ал кей бөлігі сол қаражатты заңсыз алып келген. Бізде қазір ажырасу көбейіп кетті деп айтып жатырмыз. Білесіздер, өкінішке орай ажырасқандардың көбісі өтірік, қағаз жүзінде ажырасып, бірақ бірге тұрып жатады. Біз оның бәрін әбден зерделедік. Әрине өтірік ажырасып, қаржы алу дұрыс емес қой. Еліміздің абыройына да нұқсан келеді. Ажырасу көбейіп кеткен сияқты, бірақ шын мәнісінде ерлі-зайыптылар бірге. 8,5 млрд.-тай қаржы үнемделді. Осы бағытта заңсыз кетіп жатқан қаржы ағыны тоқтатылды. Жұмысқа жарамдыларға үш рет жұмыс ұсынғанда үш рет бас тартса, әлеуметтік көмек беру тоқтатылады, –деп “Бетпе-бет” хабарында сұхбат берген сол кездегі аймақ басшысының айтқаны бүгінгі күн талабына сайма-сай келіп отыр.  

Жалпы Жолдауды оқығанда су ресурстарын тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және ауылдық елді мекендердің инфра­құ­рылымын жетілдіру өңірлердің ұзақ мерзімді дамуы үшін маңызды екені баса айтылады. Қызылорда облысында бұл бағыттар бойынша бірқатар жыл қатарынан су үнемдеу технология­ларын кеңейту мен агроөнеркәсіптік жобаларды дамыту, өндірілген өнімді сақтау мен сату барысында логистикаға айрықша мән берілуде.

Елдегі жасалып жатқан жұмыстардың, жүзеге асып жатқан жобалардың ауқымдылығы, маңыздылығы жалпы елдің даму бағытындағы сәйкестігіне қарап, басшылардың заман үнімен үндесе білген көрегенділігін көруге болар… 

НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВТЫҢ ДӘЙЕКТІ СӨЗДЕРІ

«Уәде — орындалуымен құнды»

«Біз халықтың өтінішін орындауға тиістіміз!»

«Біз қай кезде де ашықтық қағидатын ұстанамыз»

 «Ел дамуы жолында аянбай қызмет ететін боламыз»

«Экономиканы көтерудің төте жолы — кәсіпкерлікті дамыту»

«Мемлекеттік қызметшілердің бойында профессионализм, яғни нағыз маман атану және отаншылдық қасиеті болуы керек»

  «Біздің ең бірінші міндетіміз – балаларымыздың жан-жақты, сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасап, жайлы орта қалыптастыру»

 «Ел игілігі мен балаларымыздың болашағы үшін жасалатын ауқымды жобалар жалғасын табады»

«Біздің де басты ұстанымымыз аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени, қоғамдық-саяси дамуы жолында аянбай қызмет етіп жүрген азаматтарға құрмет көрсету, еңбегін лайықты бағалау»

«Халықтың әл-ауқатын көтеру біздің стратегиялық мақсатымыз».

«Ең басты мақсатымыз елге қызмет ету деп білдік».

«Қайда жүрсек те, қандай қызметте болсақ та туған жер үшін еңбек етуді жалғастырамыз»

«Біздің алдымызда тұрған басты міндет – өңірдің экономикалық әлеуетін арттыру үшін сыртпен байланысты нығайтып, инвестиция тарту»

«Жетістікке жету үшін ең бірінші әр саланың, әр маманның, қоғамның қолдауы аса маңызды»

«Елмен бірге еңбек етеміз, қоғаммен кеңесіп әрекет қыламыз»

АЙДАНА ӘЛИАРЫСТАН

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған