Қайда жатыр мәселе — иә өмiр, иә өлiм,

Десе де,

Лайық па көндiгу тәлкегiне тағдырдың,

Қарсы тұрып немесе, ұшан-теңiз нәубаттың,

Көзiн жойған дұрыс па

Жан алысып, жан берiскен ұрыста?!

Содан кейiн бақилыққа көз жұму, түнек қылып жарықты, бар дүниеден безiнiп,

Жан мен тәндi күйзелдiрген сан мың ауыртпалықты

Жалғастырған, байластырған шынжырларды осылай,

Үзгенiңдi жүрегiңмен сезiнiп.

Уильям Шекспир.  (Гамлеттiң монологы)

Сен жақсылықты жамандықтан жасауың керек, үйткенi оны жасайтын басқа ештеңе жоқ.

Роберт Пенн Уоренн

Мен бұл күнделiктi таныс дәрiгер­ден алғанмын. Ең ғажабы — күнделiк иесiн мен бiлетiн болып шықтым. Дүние қанша кең болса да, адам жолының қиылысында да шек жоқ.

Жас кезде өмiр қайнаған базар секiлдi. Дос та көп, жолдас та көп. Достың досы саған да дос болып жүретiн кез. Сондай бiр сапырылысқан тұста аз-кем күн аралас-құраластау болғанымыз бар. Түрi де есiмде: ұзын бойлы, арық, ақсары жiгiт. Жүйкесi жұқалау ма — әзiл сөзге қызарып кететiн. Оған бөтен елдiң адамына қарағандай, көңiлiн аулай сөйлеп, аяңқырап жүретiнбiз.

Көбiне жиын-тойларда, қонағасы­ларда кездесемiз. Сөйлеген сөзiнен, жүрiс-тұрысынан   зиялы отбасынан шыққаны, кiтаби тәрбиенi көбiрек көргенi  байқалады. Мiнезi жұмсақ. Онысы өзгелерге жағымды көрiнгенмен, өзiне әлдебiр шарасыздық әкелетiн секiлдi. Арнайы сөзге тартпасаң, қасыңда бәленбай сағат үнсiз отыра беруге бар.

Сондықтан онымен аса бiр емен-жарқын сырласа кеткен күн болған жоқ. Бiр кемедегi жолаушылардай ғана таныстық қалды. Кейiн көрмей кеттiм…

Ендi мiне бiрнеше дәптерден тұратын жазбаларын оқып шыққанда, оның мен бiлетiн ақсары жiгiтке түк қатысы жоқ секiлдi көрiндi.

Күнделiк бойынша өмiрбаянды қалпына келтiрiп, құрастыру мүмкiн емес. Көбiне өзiнiң iшкi сезiмдерi мен ой-пiкiрлерiн жазған. Тек соңғы дәптерде ғана оның тағдырының ұлы жобасы байқалғандай болады. Мұндағы оқиғалардың рет-ретiмен жан-жақты баяндалып, жазысқан хаттарға дейiн күнделiкке мұқият көшiрiлуiне қарағанда, автор бұл жазбаларды түбiнде өзге де бiреулердiң оқуы мүмкiн екенiн жоққа шығармаған секiлдi. Оқырман назарына күнделiктiң осы соңғы бөлiгiн ұсынып отырмын. Екiұдай сезiм құшағында — үмiт пен күдiктiң, шындық пен жалғанның арасында сергелдең болған жандарға бәлкiм пайдасы тиер.

Күнделiк иесiнiң аты-жөнiн жария қылу әбестiк болар деп ойладым. Көп бейтаныс замандастың бiрi деп қабылдаңыз.

1

13 наурыз…

Менiң өмiрiмде үлкен бiр өзгерiс болған секiлдi. Не өзгерiс екенiн өзiм де анық бiлмеймiн. Бәлкiм, Ол баяғыда болып, Оны өзiм тек қазiр ғана байқап отырған шығармын. Бәрi де мүмкiн… Бiлетiнiм — жүйкем бiршама тозған. Сол себептi бұрынғыдай емес, ойлаған ойларымды тез ұмытамын. Мәселен, күнделiгiмде 3 наурыз күнгi жазбаларым бар да, 4,5,6 наурыз мүлде жоқ, одан кейiн 7 наурыздан бастап жазбаларым әрi қарай жалғасады. Ал жазылмаған күндерде не iстедiм, қайда болдым — есiмде жоқ. Адамның жадынан өшiп қалатын сәттердiң болатынын бұрында да естiгенмiн. Бiрақ, ол неге байланысты — ол жағы маған беймәлiм.

Рас, ғұмыр ұзаған сайын жадыңнан шығатын заттардың саны да көбейедi. Кезiнде өмiрiңнен орын алған оқиғалар ұмытылып, қайсыбiр мәнсiз көрiнген сәттер есiңде қалуы әбден мүмкiн. Бiрге оқыған, бiрге жүрген адамдардың аты-жөнiн есiңе түсiре алмайсың, шырамытсаң да, жыға танымайсың. Ескi достықтан, кездескен күндерден iз де қалмайды. Өмiрiң әлде бiр құрдымға құйып жатқан өзен секiлдi. Адам жадының өз заңы бар.

Оның себебiн дәрiгерден сұрасаң, шаршағаннан дейдi. Рас шығар. Жарық дүниеге келген адамның көрмейтiнi бар ма? Оны ойласаң, ойдан ой бөлiнiп, сан тарам жолдың қайсысына түсерiн бiлмей, дал болған жолаушыға ұқсайсың. Дүние сыры беймәлiм. Не құдайды, не адамды кiнәларың белгiсiз. Бiр қарасаң, құдайдiкi дұрыс секiлдi — адам қылып жаратты, өсiп-өн, рақымды бол, iзгiлiкке сен дедi. Одан артық не керек? Әйтсе де, құдайдың әмiрiмен iс қылып, жаманатын жалғыз өзi көтеретiн адам байғұсты тағы аяйсың.

Жақсыға да, жаманға да дәлел көп. Бiреудiң көзiн бiрдеңеге жеткiзу мүмкiн емес. Сондықтан әркiм өзiне үй iшiнен күрке жасап, сол күркенiң заңымен ғана өмiр сүрiп, өз тiлегiн өзi қанағаттандырғаннан басқаға лаж жоқ.

Күркеде өмiр сүрген адамның еңсесi қайдан көтерiлсiн. Өзiмнен өзiм әлде бiр атын атап, түсiн түстеуге келмейтiн қорлық пен зорлықтың қыспағында жүргендеймiн.

Төңiректе болып жатқан оқиғалардың әсерi жоқ — күннiң нұрын, табиғат көркiн, көктемнiң жұпар самалын бұрынғыдай сезбейтiн секiлдiмiн. Бәлкiм, өзiмнiң iшкi әлемiме көп үңiлгеннен болар.

«Сұм өмiр абақты ғой саналыға…»

2

15 наурыз…

«Үш күннен кейiн адам тозаққа да үйренедi» дейдi. Қиындыққа, тауқыметке төзу, қалыптасу, бәлкiм, тiршiлiк үшiн қажет те шығар, бiрақ адамның күнә мен қылмысқа, арсыздық пен әдiлетсiздiкке етi үйренуi — ең зиянды, ең қатерлi дағды.

Баспасөз беттерiнде жарияланып жүрген неше түрлi хабарлардан әлдебiр жан түршiгерлiк рухани күйреудiң нышандары сезiледi. Ал солардың бәрiне адамдардың еттерi үйренiп, тiтiркенбеуi, шiмiрiкпеуi, ештеңе болмағандай, жайбарақат жүруi одан бетер зәремдi алады. Маған олар адам өлiгiн селт етпей қолымен түртiп, қызықтап жүрген жарымес жасөспiрiмдер секiлдi елестейдi.

Газет оқудан қалдым. Бетiн ашсаң болды, небiр сұмдық оқиғалар тасқыны сенi жаңқа ғұрлы көрмей ала жөнеледi:

Өзiнiң анасын зорлаған немесе өлтiрген…

Өзiнiң балиғаға толмаған қызын зорлаған не өлтiрген…

Сәбиiн өлтiрiп, қоқысқа тастаған келiншек…

Өз ұлына тұрмысқа шыққан миллионер әйел…

Адам етiн жеген маньяктар…

Еркекке үйленген еркектер…

Өлiкпен жыныстық қарым-қатынас жасағандар…тағы сол сияқты сорақылықтар туралы шартараптан жеткен хабарлар.

Мен бұзылған бiрдеңе жеп қойған адамдай лоқсудамын. Жиiркенiштен қан-тамырларым тас боп қатып, шек-қарыным сiресе, ышқына лоқсимын. Былғаныштан құтылар амал жоқ. Дәретхананың түбiне құлаған адамдаймын. Бәрi былғанған…

Жанымдағылар жайбарахат. Осынау жан төзгiсiз былғанышты сабырмен «түсiнгiлерi» келетiн секiлдi. Заңдастырғылары келетiн секiлдi…

Көне ертегi — аңыздарда адамдарға қатер төндiрiп, мезгiл-мезгiл құрбандық тiлеп тұратын айдаһар болады. Адамдар басқа лажы болмаған соң, iштерiнен бiр сұлу қызды жемге берiп, қалған амандыққа риза болар едi. Осындай бiр лажы жоқ мейрiмсiз күш бүкiл әлемдi тұқыртып, еңсесiн көтертпей, көзiн аштырмай, күндi көлегейлеп, әлсiн-әлсiн соғыс аштырып, қанға бөктiрiп, дауыл тұрғызып, жер сiлкiндiрiп, ауру таратып, әлгi айдаһар секiлдi өзiне керек құрбандығын алып отырғанға ұқсайды. Ол аз болғандай  әлгi айдаһар ендi сенен бүкiл адами қасиеттерiңдi  құрбандыққа сұрайды.

Бальзак айтқандай: «Жер бетiнде бақытсыздықтан басқа толық жүзеге асатын ештеңе жоқ».

Газет-журнал беттерiнде адам зәресiн ұшыратын хабарлардың бұдан басқа да түрлерi бар: ядролық, экологиялық катаклизмдер, метеорит жаңбыры секiлдi космостық апаттар, әлемдiк топан су т.б. Және бұлардың бәрi әшейiн жайдақ болжам түрiнде емес, болу мүмкiндiгi ғылыми-теория­лық тұрғыдан дәлелденген қисынды тұжырымдар. Әрине, оның қашан, қалай боларын дәл бүгiн ешкiм анық­тап бере алмас,  бiрақ қай ғасырда болса да, әйтеуiр, болуы мүмкiн деген қатерлi ойдың құрығына бiр iлiксең, одан босануың оңай шаруа емес.

Миллиондаған, миллиардтаған жылдармен өлшенетiн космостық дәуiрдiң бiр тұсында жарқыраған күннiң де әйтеуiр бiр сөнетiнiн, адамзат ғұмырының да мәңгi емес екенiн ақылмен түсiнуге болатын секiлдi. Бiрақ бүгiнгi бүкiл жүйке-тамырыңмен сезiп тұрған анық тiршiлiк, рухани әлем: адам баласының жарық дүниеге келгеннен бергi бастан кешкен тарихы, қызығы мен қасiретi, үмiтi мен өкiнiшi, сан мың жылдар бойына сананы сарғайтып келген парасат биiгi — рақымшылдық, жанашырлық, аяушылық, жақсы көрушiлiк, iзгiлiк жолындағы жанпидашылдық тағы басқа тiршiлiктiң мәнiне айналған әулие қасиеттер — осының бәрi мәңгiлiк түнекке сiңiп жоқ болады дегенге көңiл шiркiн көнгiсi келмейдi.

Әрине, оны ойлап бас қатырғанмен, ештеңе өзгермейдi.

Адамзаттың ажалының қайдан боларын бiр құдайдың өзi бiлер. Бәлкiм, баяғы Нұх пайғамбардың тарихы қайта оралар. Бәлкiм, ештеңе де оралмас,   бәрi де мәңгi түнекке кетiп, тiршiлiк әу басынан — микробтар мен бактериялардан қайта басталып, келесi адам баласының дүниеге келуiне тағы да миллиардтаған жылдар қажет болар. Оны ешкiм де анық болжап бере алмайды.

Әйтсе де, осы апаттардың болу-болмасына менiң келісiмiмдi сұраса, адамзаттың  iштей iрiп-шiрiп,адамгершiлiктен азғындап, тiршiлiк әлемiне қажетi жоқ немесе қатерлi құбылыс ретiнде рухани апаттан мерт болғанынан гөрi, әйтеуiр тiршiлiктен бiр кету қажет болса — өзектi жанға бiр өлiм — осындай жойқын табиғат апатынан кетiп, ең болмаса, өзiнiң ары мен ұятын, өзiне деген болмашы бiр құрмет сезiмiн жүрегiнде сақтай кеткенi жөн секiлдi.

3

25 наурыз…

Тәннiң ауруы астан дейдi. Ал кер­мек ойдан жаның аурады. Мiнеки соның нәтижесi — жан-жағы тас дуал­мен қоршалған ауруханада жат­қаныма жетiншi күн. Талай ауруға пана болған бiр адамдық шағын палата әркiмнен қалған ескi киiмдей жүдеу, көңiлсiз. Көшеге қараған терезенi қарсы беттегi биiк үй көлегейлеп тұр. Тек оң жақта екi үйдiң арасынан тау шы­ңының кiп-кiшкентай бөлiгi қылтиып көрiнедi. Менi сыртқы әлеммен байла­ныстырып тұрған содан басқа ештеңе жоқ.

Мұнда келгелi аяқ астынан жоқ болып кететiн күндердi ойлап, өзiмдi өзiм үрейлендiрмес үшiн, анда-санда, айрықша оқиғалар тұсында ғана болмаса, қолға қалам алмасқа бекiнген едiм. Ақыры күнделiкке қайта оралдым. Үйткенi менi таңқалдырған бiр түсiнiксiз оқиға болды.

Таңертеңгi астың алдында дәрi iшуге бас жақтағы стаканға қолымды соза бергем, кенет (бұған дейiн байқамаппын) шкаф үстiнде бүктеулi жатқан хатқа көзiм түстi.

Бұл сәттi мен ешқашанда ұмыта алмаймын. Сарғыштау қағазды төрт бүктеп, сыртына айбақ-сайбақ қолын қойыпты. Жазылуында маған таныс бiрдеңе бар. Бiрақ не екенiн өзiм де бiлмеймiн. Жарылғыш зат ұстаған адамдай әлденеге сақтанып қағазды ашып, iшiндегi жазуды оқыдым:

«Бейтаныс құрбым! — деп бастапты. — Мен сiздiң күнделiгiңiздi оқып, үлкен ойға қалдым. Сұраусыз оқығаныма, әрине, кешiрiм сұраймын. Тiршiлiктің мағынасын iздеу деген бiр қиын iске бел буған екенсiз. Мұның өзi, шындап келгенде, рух деп аталатын ұлы әлемге сапар шегу ғой. Бұл iс, тегiнде, соншалықты қауiпсiз де бола қоймас. Сондықтан сапарыңыз оң болғай деп тiлеймiн.

Менiң ойымша, адам өмiрi — жақсылық пен жамандықтың мәңгiлiк қақтығысы деген қалыптасқан тұжырым әлi де ойлануды қажет етедi. Себебi жаңағы Жамандық пен Жақсылықты жеке-жеке бұғалықтап, екi жаққа бөлiп қоя алмайсың. Көшеден кез келген бiр адамды ұстап алып, оның жақсы-жаманын айыру мүмкiн емес. Үйткенi, ол бiреуге жақсы болса, бiреуге — жаман; жауларына — жексұрын, жарына — аяулы, дос­тарына — сүйкiмдi  т.с.с. Адамның жақсы көру, жек көру сезiмдерi де әлгi екi ұғымға тiкелей қатысты емес. Яғни адам үнемi жақсыны жақсы кө­рiп,  жаманды жек көре бермейдi. Жақсы мен жаманның достығы немесе жақсының екiншi жақсыны жек көруi өмiрде аз ба? Сондықтан өмiр — iзгi­лiк пен зұлымдықтың, жақсылық пен жамандықтың қақтығысы ғана емес, iзгiлiк пен iзгiлiктiң де, жаман­дық пен жамандықтың да қақ­тығысы. Жақсы мен жақсы да бiр бiрiмен айтысады, бiрiн бiрi құрта алады. Ендеше Жақсы-Жаман деген ұғымдар — шартты ұғымдар. Оны тек жағдайға қарап қана  жобалауға болады. Бiрақ бұл да мәселенiң бiр-ақ жағы.

Ең қызығы — Жақсылық пен Жамандық қанша кереғар болғанмен, бiрiмен бiрi өзектес, сабақтас, бiр бiрiнсiз күндерi жоқ   егiз құбылыс.

Мәселен, қытай философиясында  қайырымды күш — «Ян» өзiне қарама-қарсы қайырымсыз күш — «Инь»-мен алмасу заңы бойынша өзара тығыз байланыста болады. Аны­ғы­рақ айтсақ, «Инь» белгiлi бiр уақыт­та бiрте-бiрте «Ян»-ға айнал­са, ендi бiр мезгiлде «Ян» өзiнiң шыр­қау шегiне жетiп, «Инь» күшiне айна­лады. Жер бетiндегi тiршiлiк ымырашыл осы екi күштiң тепе-тең­дiгiнiң тұрақтылығына байла­нысты. Бұл философияны өмiрлiк фактiлерге әкелсек, былай болып шығар едi.

Айталық, өзен суы — тiршiлiк көзi. Бақша өсiрiп, жайылым жасап, егiстiктi суару үшiн, адамдар тоған жасап, бөгет тұрғызып, су жинайды. Игiлiкке жұмсалатын бұл су — ырыс немесе қайырымды күш — «Ян.»

Бiрақ осы су көктемде өзен қат­ты тасығанда үйлердi ағызып, мал­дар­ды мамыта қылып, тоғандар мен бө­геттердi бұзып, яғни өзiнiң шыр­­­­қау шыңынан асып кетiп, апат­қа — қайы­рымсыз күш — Инь»-ге ауы­сады.

Одан кейiн бiрте-бiрте сабасына түсiп, қайтадан адам игiлiгiне қызмет ететiн  қайырымды күшке айналады. Бiрақ оның да өмiрi ұзақ емес. Келесi көктемде  қайырымды «Ян» тағы да  қайырымсыз «Инь»-ге ауысады. Осылай кете бередi. Негiзi — су. Бiр-ақ нәрсе.

Бұдан туатын қорытын­ды — бiз­дің Жақсы, Жаман деп жүргенi­мiз әр түрлi жағдайда әр түрлi сипатқа ие бола алатын бiр-ақ құбылыс.

Ендеше iзгiлiк пен қиянатты осынша алалап, бiр бiрiнен бөлудiң қажетi болар ма екен. Осыны бiр ойланып көрiңiзшi.

Бейтаныс құрбым, байқаймын, бұл әлi әңгiменiң басы ғана. Екеумiз­дiң ортаға салар ойларымыз аз болмай­тын секiлдi. Қарсы болмасаңыз, жақынырақ танысайық. Сырласайық. Хат жазсаңыз, коридордағы столдың астыңғы қабатына қалдырыңыз.

Бейтаныс құрбыңыз.»

Аң-таң болып, неге екенiн бiлмей­мiн, құпия хатты басынан бастап қайта оқып шықтым. Кенет жүрегiм су ете қалды. Бұл қалай келген хат? Палатада жалғызбын. Кiм кiруi мүмкiн? Неге мен жоқта келедi? Неге менiң күнделiгiмдi сұраусыз оқиды? Қажет болса, хатсыз-ақ неге таныспайды?

Әлдебiр үрей дедектетiп аяғымды жерге тигiзбейдi. Бiраздан кейiн өзiмдi өзiм сабырға шақырдым. Жарайды, осы­лай болған шығар. Бұл заманда iстеген iсi мен мiнезiне ешкiм түсiнiп бол­­майтын жандар аз ба? Оның үстiне жүй­кесi ауыратындардың iшiнде кiм жоқ дейсiң?

Мен өзiмдi өзiм осылай жұбатып, бұл оқиғаға ендi мән бермеуге тырыстым. Сағат 11-де аутотренинг сеансына бардым. Сеансты мен көрмеген бiр аққұба жас қыз жүргiздi. Сөйлегенде жұқа ерiндерi сәл-пәл түрiлiп, маржандай аппақ тiстерiн көрсете, күлiмсiреп тұрады екен. Жана­ры жанарыңа түйiскенде жүзiңдi нұрымен шарпып, әлдебiр жылы ағынға бойың балқып, жаныңмен шомылғандай боласың. Соны сезiп тұрғандай:

— Сiз балбырап, рахат сезiмiне бөленудесiз, — дейдi әлгi ерiндер санаңды баураған жұмсақ үнмен. — Сiз маужырап, ұйқы құшағына батып бара жатырсыз, батып бара жатырсыз…

Алыстан талып музыка үнi естiледi. Күйсандықтан төгiлген таңғажайып бiр әуен! Жер бетiндегi тiршiлiк сазына ұқсамайды. Сәбидi әлдилегендей бiр ырғақпен ұлы кеңiстiкке — о дүниелiк шексiздiкке бойлап барады. Жүректен шыққан сағыныш сезiмi пенделiк бұғаудан босанып, азаттық әлемi — мәңгiлiкке көтерiлiп, адами мақсат-тiлек жетпейтiн бақи биiкте қалқып тұрған секiлдi. Шексiздiк…

Әлдеқалай күннiң нұры жарқырап, көктiң иiсi мұрынды жарып, айдын көл­дiң жағасында самалдап отырған­дай бiр әсер билейдi… Жасыл жайлау…

Көз ұшында бiреу қол бұлғап шақыратын секiлдi.

Кенет:

— Ендi ояныңыз! — деген үндi анық естiдiм. — Сiздiң көңiл күйiңiз сергек, денеңiз жеңiл, бойыңызға күш, жаныңызға жiгер қосылды. Ояныңыз!

Маужырап көзiмдi ашқанда, сәбиге қарағандай жымиып тұрған дәрiгер қызды көрдiм.

— Өте жақсы! — дедi ол бiзге, әлде өзiне — кiмге риза болғаны белгiсiз.

Мен алғашқыда әлдебiр құпиясы ашылып қалған адамдай болмашы абдырап, жан-жағыма қарадым да, өзiм секiлдi бей-жай болып оянып жат­қан өзгелердi көрiп, көңiлiм орынына түстi.

4

26 наурыз…

Тегінде мені бір қырсық айнал­дырып жүр. Түнде өте жәйсіз түс көрдім. Қараңғы дәлізбен келе жатыр екенмін деймін. Жолда жатқан — зат я тіреу екені белгісіз — әлдебір кедергілерді айналып өтіп, құлап қалмау үшін, әлсін-әлсін сипалап, қолымды қабырғаға тіреймін. Шамасы бірдеңеге асығып келемін. Бір кезде әлдеқандай өткір зат — қабырғаға қадаулы тұрған қанжар болуы мүмкін — мойнымды орып өтті. Еш жерім ауырмаған соң, ілгері жүре бергем, кенет басымның бұлғақтап кеткенін сезіп, қолыммен ұстай алдым. Басым боп-бос — бір теріге ғана ілігіп тұр. Бір қолыммен қабырғаны сипалап, бір қолыммен басымды ұстап, ілгері жылжимын. Жүруге ыңғайсыз, сәл сүрінсем, басымды түсіріп алатын секілдімін. Қараңғы дәліздің таусылатын түрі жоқ. Осынау жанды қинаған азапты жүріс енді ешқашанда бітпейтіндей көрінді… Бір уақытта қонақ үй секілді ғимараттың ішіне кірдім. Фойедегі орындыққа отырып, басымды ілігіп тұрған жерінен біржола жұлып алып, келесі орындыққа қойдым. Өтіп бара жатқандар маған бұрылып қарайтын секілді. Ыңғай­сыз­данып басымды газетпен жаба саламын. «Мынау ұят болды-ау,- дей­мін ішімнен. — Мұны қайтіп жасырамын?»

Қайда барарым да белгісіз. Газеттің шетін ептеп көтеремін де, басымның сол күйі жатқанын көріп, қайтадан жаба саламын. Әлгіден қалай құтыларымды білмей отырған адам секілдімін… Өстіп жатып оянып кеттім.

Өзіме-өзім келе алмай, жүрегім тарсылдап біраз жаттым. Мені таңқалдырған нәрсе — басымды өзімнен бөлек қойып, қайтып ойлап, қайтып көріп отырғаным. Қисыны келмесе де, анық нәрседей әсер етеді.

Ұзақ уақыт ұйықтай алмадым. Терезеден құлаған әлжуаз жарық бөлме ішіндегі қараңғылықпен аста­сып, іріген бірдеңедей, не жарық емес, не түнек емес, көзперде қаракөлеңкеге айналған. Әлдеқайдан болмашы жел келіп тұр.

Көрген түсім қусаң кетпейтін шыбын секілді. Көзімді жұмсам болды, кесілген жерінен қызыл еті көрініп, орындық үстінде шалқалап жатқан өз басымды қайта-қайта көремін.

5

27 наурыз…

Дүниедегі ең жаман нәрсе — адамның өзінен-өзі қорқуы. Ондайда ішкі әлемің қатері көп қалың орманға ұқсайды. Бір адассаң, қайтып шығуың неғайбыл. Адасқан сайын қорқынышың ұлғайып, қорқынышың ұлғайған сайын, өзіңді-өзің бөтен адамдай сезінесің.

Ақыры өз інінен өзі шошыған тышқандай мен де өзімнің жан сарайымнан сыртқы әлемге қашып шығамын. Анық тіршілік қанша қатыгез болса да, қарасыны көп, алданышы бар: қаптаған адам, күннің нұры, тоқтаусыз қимыл, толассыз үн. Сыртқы ортамен өзіңді байланыстырып тұрған бір тамырды өз бойыңнан сезген кезде ау бастағы табиғи түйсік-таным қайта оралып, онымен бірге үмітшіл тілек, мақсат та қайта ұялайды. Мендегі қазіргі бірінші мақсат — өзіме хат жазған құпия кісіні тауып алып, жасырынбақ ойынын тоқтаттыру. Жау тылында жүрген барлаушыдай аяғымды аңдап басып, ауладағы адамдардың әрқайсысының жүзіне зер сала қараймын. Бетіме бір қараса-ақ болды, жазбай танитын секілдімін.

Бейтаныс құрбымды іздеп жүріп, бір байқағаным — біз шын мәнінде өмірге тым атүсті қарайды екенбіз. Атүсті қарайтынымыз сонша, тіпті қасымызда жүрген адамдардың кім екенін біле бермейміз. Мен мән бермей жүрген кезде аулада жүрген адамдардың бір-бірінен айырмашылығы шамалы болып көрінетін. Сүйтсем, олар бір-біріне мүлде ұқсамайтын жандар екен.

Сыртынан қарағанда сөзге сараң, сабырлы көрінетін сирек шашты ақсары кісі нағыз мылжыңның өзі болып шықты — өзін таныстыру үшін алыстан ата-бабаларын таратып, әрқайсысының ерлігін баяндап, бір атасының патшаға барғанын, бір атасының ғұлама ғалым болғанын айтып, жеңімнен ұстап жібермей, әбден зықымды шығарды.

Қасқа басын самай шашымен жапқан толықша жігіт: «Әй, бауырым, қазақта мені білмейтін жан жоқ, өзің қайда жүрген адамсың?» — деп өзіме дүрсе қоя берді.

Енді біреуі тіпті науқас екен: «Мен Айса пайғамбармын, көктен түстім, менен қорқып бәрі жабылып, осында тығып қойды. Оны ұйымдастырып жүрген — Біріккен Ұлттар Ұйымы» – деп ақылға сыймайтын бірдеңені айтады.

Күн көзі жылына бастады. Бірақ көлеңкенің ызғары әлі басылмаған. Ылғалды көктем лебі науқас адамның деміндей сезіліп, әлдеқайдан сыздықтаған шаншу жел анда-санда ұйытқып өткенде, тәнің түгілі жаның да түршіккендей болады.

Түске тақағанда аулада төбелес болды. Еңгезердей сақалды біреу шәші жалбыраған жас жігітті сабап, жұрт әрең дегенде айырып алды. Төбелестің себебін әркім әртүрлі айтады. Медбикенің айтуынша, әлде­бір себеппен аулаға шыққан бас дәрі­гер жас жігітпен амандасқан екен, соған ыза болған сақалды дәу «мені­мен сәлемдеспей, сенімен неге сәлем­деседі» деп бас салып сабаған секілді.

Қарап отырсаң, аурухананың аула­сындағы тіршілік пен сыртқы тіршіліктің арасында үлкен айырма жоқтың қасы.

(Жалғасы бар)

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған