* * *
Осылайша біз төрт бөлмеде екеуден-екеу қалдық. Мен бұрынғыша ерте кетемін, кеш келемін. Күз өтіп, қыс лебі білінген сайын күн де қысқара түсіп, кей-кезде ымырт үйірілгенде бір-ақ ораламын. Құлахмет ағай қатты өзгерді. Ол кейде ұзақты күнге бір тіл қатпай түнеріп жатады да алады, кейде түннің қай мезгіл екеніне көңіл де бөлмей көрпесі өртенгендей орнынан ұшып тұрып, үй ішінде әрлі-берлі жүре бастайды да, тоқтаусыз сөйлей жөнеледі. Оның не айтып, не қойып жүргенін айыра қою да қиын, бірді айтып, бірге көшеді. Құлахмет ағайдың жүрек ауруы қайта қозып, жиі-жиі төсек тартып жатып қала беретін болды. Мұның үстіне, оң жамбасында қалып қойған оқ күн суытқан соң кеселіне кесел қосып, кіріп-шығуына да мұршасын келтірмей тастады. Дәрігерлер операция жасамақ боп талай әрекет еткен, бірақ, оң аяқты жамбастан кесіп тастау өзі сырқат адамға қауіпті болғандықтан, онсыз да он екі мүшесі түгел емес адамды бір аяқтан тағы айыруға тәуекел ете алмады. Және де жамбаста қалған оқтың өмірге қатер төндіріп тұрмағанын, тек күн суытқанда болмаса жайшылықта жанды қинамайтынын ескеріп, операция жасауды әзірге тоқтатқан. Бүгін де оның сырқаты қозып, сандырақтап жатыр. Ара-арасында мені шақырып алып темекі сұрайды, жұмысымның қалай жүріп жатқанын, ауылдағы ата-анамның амандығын, халін білгісі келеді. Оған жауап беріп болуымды күтпей-ақ: «Осы сен қашан үйленесің, тездетсеңші» деп өтінеді. Сонан соң Орынбордағы туысын еске алып, олардың хат жазбайтындықтары, жат боп кеткендіктері жайлы айтады. «Егер сырқатымнан айықсам сол жаққа барып қайтамын, сені де ала барам. Онда әкемнің інісінің баласы тұрады, қызметі үлкен. Балжан деген бойжеткен қызы бар. Ол ақылды, ажарлы. Саған таныстырамын. Сен оған үйленесің. Ол тамаша қыз!» — деп тамсанып қояды. Мен оның сөздерін мақұлдай беремін, бәріне де келісемін. Құлахмет ағай шексіз риза болып, мені туған бауырынан да артық көретіндігін қайталай береді. Нәзікетін еске алып, «сен сол жаққа барып, бір көріп қайтсаң қалай болады, менің көгершінімнің халін біліп келер едің» дейді. «Құлахмет ағай, алдымен сіз айығып алыңыз, сонда сөз жоқ барамын, әзір сізді жалғыз тастап кете алмаймын ғой» деймін. Ол бұған да риза болып, «әрине, әрине, мен көп жатпаймын, ертең-ақ сауығып кетемін» деп жауап береді.
Осындай бір күні терезені біреу ақырын ғана тықылдатты. Ымырт үйіріліп, даланы қараңғылық басқан шақ еді. Құлахмет ағай көп сөйлеп, жаңа ғана ұйықтап кеткен. Ол селт етіп көзін ашты.
— Сапар, терезені біреу тықылдатты ма?
— Иә.
— Кім екен, сыртқа шықшы.
Мен ауызғы үйге келіп «кім бұл?» деп дауыстадым. Жауап жоқ. «Кім деймін келген?» Сырттан жауап орнына жай ғана жөтелген әйел даусы естілді. Тани кеттім — Сафура! Сол сәтте мен қуандым ба, шошындым ба, ұйықтап жатқан жүрегім шошып оянып, лүпілдей жөнелді. Сафураға деген барлық сезімім мен ықыласым қанша суыды десем де, тағдыр айдап тағы бір жерде кездесе қалсақ сырт айналып өтермін деп қанша ойласам да жүрегімнің бір түкпірінде оған деген сәуле қозға көмілген шоқтай жасырын сақталып қалыпты. Мен оны дәл осы кезге шейін, сыртқы есіктің ілгегіне қолымды созып жатқан сәтке шейін байқамаппын. «Бұл кім?» дегенде Сафураның «мен» деуге батылы жетпей, жай ғана бір жөтелгені кеудедегі әлгі бір құпия сақталып келген шоқтың бетіндегі қозды бір-ақ үрлеп ұшырып, оны жарқыратып кеткен секілді. Бірақ, өз сезімімді өзім тұншықтыруға тырысып, сабырлы қалыппен есікті аштым. Сафура басқыштың ең төменгі сатысына да аяқ басуға арланғандай үнсіз тұр екен. Есіктің ашылғанын сезіп, ол жоғары қарады да, басын қайта құлатты.
— Сала-мат-сыз-ба, Сафура апай!.. Ол амандасқан жоқ, ишарат та білдірмеді. Ол да, мен де көпке дейін осылай үнсіз тұрып қалдық.
— Сафура апай, бұл не тұрыс, үйге кіріңіз, тоңып қаласыз ғой.
Сафура аз-кем кідірді де, аяғының астындағы басқыш опырылып кетердей жаймен ғана жоғары көтерілді. Ауызғы үйге енген соң еріндерін болар-болмас күбірлетіп: «Құлахмет қалай?» деді. Мен жауап беріп үлгергенше түпкі бөлмеден өзінің жөтелгені де естілді. Сол кезде барып Сафура жүзіме тура қарады да: «Әлі айықпаған екен ғой» деді.
— Солай…
– Өзім де ойлап ем…
Сафура жай ғана күрсініп қойды.
— Мен қайтайын, бүрсігүні жұмыста болуым керек.
— Сафура апай, мұныңыз қалай? Келмей жатып па?
— Иә. Басқа амалым жоқ. Тек, оның халін біліп кеткім келді.
— Сонда, сіз оны көрмей-ақ, осы ауызғы үйден қайтпақшысыз ба?
— Көргім де келеді, қайтейін, оның жарасын ұлғайта түсемін бе деп қорқамын. Сен менің келгендігім жайлы оған айта көрме.
— Жо-жоқ, мұныңызға мен көне алмаймын, Сафура! Ердей келіп тұрып, жолықпай кеткеніңіз мүлде мейірімсіздік және үйіңізге барған соң да «тым болмаса өз көзіммен бір көрмедім-ау» деген ой бәрібір маза бермейді. Әрине, көрмесеңіз тұра алмайтындай оған ғашық емес екеніңізді білемін, әйтсе де, сонау жақтан арнайы келген соң онымен бір сәтке болса да жүздесіп кеткеніңіз жақсы болар еді. Құдай үшін отырып, тілдесіп кетіңіз, сағынып-сарғайып жүрген жалғыз қызының жағдайын айтып, қуантып кетіңіз.
— Оны қуанту қолымнан келе қоймас. Қарабет боп кетіп ең, қарабет боп қайта келдің деп ойлап тұрған шығарсың, мейлі, еркің білсін, мен онымды өзім де мойындаймын. Бұл жаққа неге келдім, не үшін келдім, сонау жақтан осында жетектеген не мақсат, қандай қиял екені де белгісіз, әйтеуір, бір келіп кетсем деген ой мазамды алып бітті. Осында қимас нәрсем қалған секілді. Кімді қимаймын, неге алаңдаймын — ол да белгісіз. Әлде, байғұс Құлахметке жаным аши ма? Жаным ашығанда енді қолымнан не келеді?.. Әсте, жынданып кететін шығармын…
— Қойыңыз, қайдағыны айтпаңыз, Сафура. Сіз өжет әйел едіңіз ғой, мұндай күйректік сізге жараспайды. Мен сізді ешқашан да! Сіз таза жансыз, адал жансыз!
Сафура жүзіме таңырқай қарап біраз тұрды да, аха-халап күліп жіберді. Сөйтті де күлкісін кілт тыя қойып:
— Таза жансыз, адал жансыз! Қаншалықты жалған, қаншалықты кекесін! – деді. — Менің жағдайымды жақсы білетін жандардың бәрі де осылай дейді, бір де бірінің жүзімді жыртқысы келмейді. Олардың сөзіне сенетін болсаң, егер олардың бәрі тек шындықты айтқан болса, құдайым-ау, мен періште боп кеткен шығармын, сірә! Адал жансыз!.. Ащы шындықты бетіңе шыжғырып басып, көзіңе тура қарап отыратын адамның қалмағаны ма сонда. Барды бардай неге айтпайды, ардан да, Алладан да безген күнәкар екенімді неге көзімше жасырады? Неге «сен ақсың, сен пәксің» деп мені алдаусыратасыңдар да, өздерің іштей: «байғұс-ай, қиын болған екен, бірақ, өзіңе де обал жоқ» деп табалап қала бересіңдер. Өзім білетін шындықты өзімнен неге жасырасыңдар, неге, неге? Айтпаңдар маған ондай сөзді? Егер шынымен адал екенмін, ешкімнің төрелігінің қажеті жоқ, ал күнәқар болсам, мен үшін ешкім отқа күймейді және күйгенімен пайда жоқ, қосақ арасында кетеді. Біреу үшін біреудің отқа түскенін көргем жоқ, көремін деп үміттенбеймін де!
— Сіз өмірден тез арада түңіліпсіз ғой, Сафура.
— Бұл өмірден түңілу емес, шындықты сезіну. Төрт құбыласы тең, уайым-қайғысы жоқ, аспанға қарап аяғын айқастырып жатқан бейуайым жандар ғана өмірді сүйгіш-ақ. Қайғыру мен күрсіну өмірден түңілгендік емес, өткенге опыну, күйіну. Өмірден түңілу деген битке өкпелеп тоныңды отқа өртегенмен бірдей, сенің оныңмен өмірдің ештеңесі кетпейді, тұзы кеміп, гүлі солмайды, о дүниеге бару қашан болса да кеш емес қой, тіршілігің барда отты да, суды да кешіп көр. Оның үстіне, өмірден түңілетіндей қылмысым жоқ, мен бар болғаны талай жылдан бері іште тұншығып, бас көтерейін десе ар мен адамгершілікке қарайлап бата алмай келген сезімімді алғаш рет ар тұтқынынан босатып, еркіндікке шығармақ болдым. Бар кінәм осы…
— Мен оны жақсы түсінемін, Сафура апай, айтпасаңыз да түсінемін. Құдай үшін иланыңыз, сізді табаламаймын, кінәңізді өзім де біле бермеймін, әйтеуір бар білетінім — сізді қаралағым келмейді. Жалған айтты десеңіз, жалтарып айтты дерсіз, мендегі шындық осы ғана. Ал, иланбаймын десеңіз, ерік өзіңізде, өз пікіріңізде қала беріңіз. Бірақ, неге екенін білмеймін, сіздің түпкілікті жат жандық болып кетсеңіз де Құлахмет ағайды жүрек түбінен лақтырып тастап, жадыңыздан өшіре алмайтыныңызды сезгендей болушы ем. Әулие екенмін деуден аулақпын, сіздің осылай бір келіп кетуіңізді күтіп те жүрдім. Жүріңіз, үйге кірелікші, біз көп тұрып қалдық қой, Құлахмет ағай да қайда кетті деп шыдамсызданып жатқан шығар.
Сафура пальтосының ішкі қалтасынан орамалын алып жасын сүртті.
– Осы орамалым көз жасымды сүртумен-ақ шіритін шығар әсте… Жүр, ердей келген соң көріп кетейін. Бірақ, келгенімді сездіруші болма. Бірер минуттан кейін қайта шығамын, егер мүмкіндігің болса бірге шық, тағы да айтар сөздерім бар.
— Қалауыңыз білсін, Сафура апай.
Сафура ішке кіріп, Құлахмет жатқан бөлменің есігіндегі пердеден оған біраз уақыт қарап тұрды. Мен одан көз алмадым. Оның сарғыш пердені ұстап тұрған саусақтарының дірілдеп бара жатқанын көрдім, пердені қайта түсіргенде ақырын ғана күрсініп, әлдене деп күбір ете қалғанын естідім. Бұл жолы жанарында жас жоқ еді. Ол бірер минуттан соң қайтып шығамын десе де, кір басқан ыдыс-аяқтар мен киімдерді көріп, пальтосын шешті. Құлахмет есітіп қоймасын деп қауіптеніп, тысырын сездірмей бәрін тез-тез жуып шықты. Мен Құлахмет ағайдың қасында отыра тұрдым. Ол «әлгі келген адам кім, сен неге сонша кешіктің, өзінің үні менің Сафурамның үніне ұқсайды екен» деп тынымсыз қайталап сұраумен болды. «Жо-жоқ, менімен бірге жұмыс істейтін қыздар ғой, іс жайын сөйлесуге келіпті» деп жалтара салдым. Сол кезде ол көзін ашып, езу тарта сөйледі. «Сен қыздармен көп сөйлесе берме, олар менен сені де тартып алғалы жүр ғой. Мен сауығайын, Орынборға барамын, сені де ала кетем, Балжан… Балжан деген періштедей қарындасым бар, сонымен таныстырамын…»
— Әрине-әрине, оған сөз бар ма!
Осы кезде ауызғы үйден Сафураның булыға жөткіргені естілді де, пышақпен кескендей кілт тыйыла қалды, Құлахмет басын оқыс көтеріп, маған таңдана қарады.
— Сапар-ау, ол кім, келген кім деймін? Құдай-ау дауысы менің Сафурамның даусына қандай ұқсас еді, сол расымен-ақ менің… Сафурам шығар. Баршы, көріп келші. Көп болды ғой кеткеніне, келетін де кезі жетті. Ол мені ұмытуға тиіс емес, ол келеді, сөз жоқ келеді, баршы, көріп келші.
Құлахмет ағайдың көңілін қимай мен ауызғы үйге шығып қайта оралдым. Сафура менің бөлмеме кіріп, есікті жауып алыпты.
— Кім екен ол? Сафура ма, неге кірмейді мұнда? – деді тұруға оңтайланып. — Немене, бата алмай тұр ма?
— Құлахмет ағай, үйге ешкім де келген жоқ. Сізге солай естілген шығар. Жатыңыз, аздап демалыңызшы.
— Сізге солай көрінген шығар дейсіз бе? Ап-анық-ақ естілген сияқты еді-ау, тәйірі-ай, тағы да елес болып шыққаны ма сонда… Байғұс Сафура… Анау Смағұл Толыбаевич дегеніңіз… Өһо-өһо, тәп-тәуір-ақ адам секілді еді, жүрегіне жара салып, өмір жасын өксітіп кеткенін қарашы. Сапар, сен үш-төрт күнге рұқсат сұрап, солар жаққа бір барып қайтсаңшы, Нәзікеттің халін біліп берсеңші. Қазір ол жарқылдап күліп жүр ме екен, әлде тұнжырап, жетімсіреп жүр ме? Оның әдемі ленталары да тозған шығар ендігі. Беу, Нәзікетім, жарығым менің… Сөйтесің бе, барып хабарын біліп кеп бересің бе маған?
— Әрине, барамын, Құлахмет ағай. Тек екі-үш ай шыдаңыз, сонан соң демалыс аламын да сол жаққа тартамын. Нәзікетке сіздің сағынышыңызды жеткіземін.
Құлахмет ағай сәл үнсіз жатқан соң еріндерін күбірлетіп: «Рахмет, тілеуіңді берсін» деп тіл қатты да, арық саусақтарымен білегімнен сипады. Саусақтары от боп күйіп тұр екен. Ол шынымен өліп қалар ма екен деген ойдан денем түршігіп кетті. Мен Құлахмет ағайды жалғыз тастап, өз бөлмеме беттедім. Ол жақта Сафура мені шыдамсыздана күтіп отыр. Осы жолы оған Құлахмет ағай жайлы, оның халінің мүлдем ауырлап кеткендігі туралы жеткізе айтуым керек. Бір мысқал қуаныш адам бойына бір батпан қайрат бітіреді, бәлкім, Сафура қайта оралып, оған жалғыз перзенті — Нәзікетін көрсететін болса, ол әл жиып, айығып кетер, ескі қайғысын көңілден өшіріп, жанарында күлкі ойнар.
Сафура ұзақ күтуден қалжыраған ба, жастықта қисайып жатыр екен. Менің кіргенімді сезбеген де сияқты, жұмулы көзін ашқан жоқ. Оның осылай жатқан сәті мейлінше келісті-ақ еді. Көз алдыңдағы отыздан асқан әйел емес, босағаны бір жыл бұрын ғана аттаған келіншек сияқты. Оның жағы аздап суалып, дөңгелек ақ жүзі уайым мен сергелдеңнен сарғыш тартыпты. Әйтсе де, өн бойына біткен әдемілік пен жарасымдылықтың сыры кетсе де, сыны кетпепті. Мен оның жүзіне ұзақ қарадым. Оның сәл ғана ашылып жатқан сүйкімді жұқа еріндерінен көз алмай тұрып, сонау бір күндері айлы түнде осы еріндердің мені сүймек боп ынтыға, құмарта ұмтылғанын, ақырында жалындаған сезімі су сепкендей басылып, жігіт алдында жығылған намысы үшін жігері құм болып, жасып қайтқанын еске түсірдім. Құдай-ау, сол айлы түнде мен осы әйел жөнінде не ойламадым десеңші! «Егер бұл әйел осы қасиетін қоймаса, ақыры бір күні байғұс Құлахмет ағайдың түбіне жетіп, баяғыда-ақ келмеске кеткен өлі ар мен ұятты өз күйеуімен қоса бір молаға көметін шығар» деп те ойладым-ау. Жо-жоқ Сафура ондай әйел емес екен, күнәлі болса да, қаралы болса да оның жүрек түбінде адамшылық сезімі, ұяты мен ары сақтаулы жатыр екен. О, әрине-әрине, егер ол мұндай қасиеттен жұрдай жаралған болса, әлдеқашан-ақ басқа күйеуге шығып, өз дегенімен кете берер еді ғой. Осындай сымбатты, ажарлы әйелге кім ынтықпайды, кім ғашық болмайды, оның анау найзадай кірпіктері кімнің жүрегіне қадалып, тұтқындап алмайды. Оның үстіне Сафура ақылдан да құр алақан емес қой. Сөйте тұра ол өзі жек көретін, бұдан былай да сүйе алмайтын тәңір қосқан күйеуіне қайта келіп отыр, оның халін тым болмаса бір көріп қана кеткелі келді.
— Байғұс Құлахметтің халі ауыр екен-ау, – деді кенеттен Сафура сыбырлап.
Мен селт ете түстім. Ол ояу жатыр ма еді? Менің өзіне тесіле қарап тұрғанымды да сезген шығар?
— Иә, нашар. Көп сандырақтайды.
— Бәрін де естідім… Қой, мен кетейін. Аэропортқа дейін бірге жүр.
Ол орнынан тұрып шашын жөндеді, орамалын тартты. — Екі күннен бері ұйықтай алмап ем, қатты қалжырап қалыппын. Бір жағдай болса хат жазарсың, не телеграмма соғарсың, міне адрес, – деп ол тілдей бір қағазды ілулі тұрған костюмімнің қалтасына салды. — Ал, жүреміз бе?
— Амал бар ма…
Біз ақырын басып үйден шықтық. Сәл ұзаған соң такси ұстап, аэропортқа бет түзедік. Сафура үнсіз келеді. Аспан бұлыңғыр. Сұрғылт бұлт ұшқындап қар тастап тұр. Жолдың екі жағына бойлай егілген зәулім теректер машина жарығымен бір-бір жалт етіп, зуылдап артта қалып жатыр.
— Самолет қай кезде ұшады?
— Түнгі он екіде. Әлі бір сағат бар.
— Билетке үлгіре алмаймыз ғой.
— Келген кезде алып қойғанмын.
— Солай ма? Тап бүгін қайта алатыныңызға көзіңіз жетті ме?
— Демек, жеткені ғой.
Ол сәл ғана езу тартып күлген болды.
— Егер, өлім аузында жатса ше, Құлахмет ағайды айтамын, сонда да қайтып кетер ме едіңіз?
— Өлімге әмір жүре ме?
Біз аэропортқа келіп түстік. Сәлден соң самолетке отырғызу басталды. Бірақ, Сафура асықпайтын секілді. Әлденені айтуға батылы жетпегендей маған жалт қарап, жанарын қайта тайдырып әкетеді. Енді бірде ауыр күрсініп, тізесіне қойып отырған қолын екінші қолымен сипалай берді. Самолет ұшатын кез жақындаған сайын оның сабырсыздануы да жиілей берді.
— Сіздің маған айтарыңыз бар сияқты ғой, – дедім Сафураның сөзді бастап кетуіне демеу болайын деген оймен.
— Иә-иә, көп, өте көп. Бірақ… бірақ айтуға аузым бармайды. Жүрші, оңаша шығайықшы.
Мен орнымнан тұрдым. Екеуміз самолет жаққа беттедік.
— Айтпақшы, сен қашан үйленесің?
— Мені айтасыз ба?
Оған қарап, жай ғана езу тарттым.
— Білмеймін, ол жөнінде әлі ойланған емеспін. Қыздар қарамайды. Бірақ, сіздің айтпағыңыз бұл емес сияқты еді ғой.
— Оның рас. Дегенмен, сен өзгеріпсің. «Осында қалыңыз, Құлахметті аяңыз, ол періште ғой, сізді өлердей жақсы көреді, кетпеңіз» деп барын салып, үгіт айтар деп ойлап ем, ол жөнінде ләм демедің, соған риза боп келемін.
— Мұны оңаша шықпай-ақ айтуға болмас па еді?
— Болады, неге болмасын. Өз мұңымды ақтара бермей, сен жөнінде де сөйлейін дегенім ғой… Ал, мұнда да қыс басталып келеді, – деді ол қар тастап тұрған аспанға қарап.
— Ал, біздің жақта қақаған аяз.
— Әйтсе де, қалғаныңыз жөн болар еді-ау, Сафура.
— Бірақ, бұл жолы емес.
— Сонда… сіз әйтеуір қайтып келесіз бе?!
— Өзім де анық білмеймін, әйтеуір келетін сияқтымын. Өзің айтқандай, тым болмаса ақыретте пайдасы тиер. Кеше ғана «арғы бетке» талпынып ем, енді ақыретті ойлап келемін. Оһ, жаратқан-ай, енді не болар екен?
— Сізге не болған, сіз неге дірілдеп барасыз?
— Мен… мен екі қабатпын, Сапар…
— На-ғыл-дей-сіз?!
— Иә, солай! Міне, талпынған «арғы бетім». Өттім. Одан да орта жолда суға кетіп, тұншығып өлсемші… О, сорлы басым-ай, ақыры… ақыры келіп жезөкше болып шыққаным ба? Мен Құлахметтің көзіне осы үшін шөп салып па едім, осы үшін оны тірідей көміп кетіп пе ем?! Енді жұрт не дейді! Сұмдық-ай… әкесіз туған бала… Күлу үшін талпынып ем, алдымнан жылау шықты. Енді… енді осы бойы кеткенім ғой. Ол жара жазылмайтын мерезге айналып, жауырыным сызға тигенше маза бермес…
Мен Сафураның иығынан құшақтадым.
— Қойыңыз, Сафура, жұрттың бәрі бізге қарап бара жатыр.
– Қоя алмаймын, қоя алмаймын!..
Ол иығыма басын сүйеп, бұрынғыдан да қатты жылады.
— Сенің… сенің алдыңда жылап қалайыншы, шерім тарқасын. Еркек пен әйел атаулының ішінде менің ең жақыным өзің ғана…
Өзге жанға көз жасымды көрсетпей, кеудемде қайғы мен күйініш лапылдап жатса да дүниедегі ең бақытты әйелдей күліп жүруім керек. Жылағанмен бәрібір көп адам түсінбейді, түсінсе табалайды…
Мен енді басу айтқан жоқпын. Мейлі, жыласын, кеудесін от боп өртеп, шоқ боп күйдіріп бара жатқан ащы ызасы мен күйініші жас боп төгіліп, жеңілдеп қалсын. Сәлден соң самолет аспанға көтерілді де, қызылды-жасылды жарығы бір нүктеге айналып, ақыры көзден ғайып болды. Қош, аяулы Сафура! Мен таксиге отырып, үйге қарай ағызып келемін. Құлахмет ағайды бір қуантпақпын. Сафура беріп кеткен сүйікті Нәзікетінің суретін көргенде оның жүрегі жарыла жаздайтын шығар. Мейлі, адам баласының жүрегі жарылса қуаныштан-ақ жарыла берсінші!
Иә, Құлахмет ағай Нәзікеттің суретін көргенде шынымен-ақ талықсып қалды. Еті қашқан арық мойыны басын көтеріп тұра алмағандай жастыққа сылқ ете түсіп, біраздан соң көзін қайта ашты.
— Жары… жарығым… балапаным… Көгершінім менің! Енді мені… сен де керек етпегенің бе?! Мен… мен саған әке боп та жарытпадым-ау! Мына жарық дүниеден тым болмаса саған да ардақты боп кете алмаймын ба шынымен. Өмірімнің бар үлесі осы болғаны ма, осымен біткені ме?
Құлахмет ағай көзін жұмып, суретті кеудесіне қысып, ұзақ жатты.
— Жо-жоқ, – деді ол қайта сөйлеп, — олай болмайды, олай болуы мүмкін емес. Олар маған келеді, сөз жоқ келеді. Менің Сафурам ондай тас жүрек емес. Оның кеудесінде мейірім бар, аяушылық бар. Сол мейір бас көтермей, «менің Құлахметім қайда?» деп іздетпей қоймайды.
Ол ентігіп біраз жатты да қайта сөйледі. — Мен… мен таңға жетпей өлетін шығармын деп ойлап ем. Сафурам, Нәзікетім еске түскенде өлімді ұмытып кетемін… Мен өлсем, құдай-ау, Сафурам жесір, Нәзікетім жетім қалмақ па? Жо-жоқ, атай көрме, атай көрме! Олар маған сөзсіз оралады. «Папашым, сағындым ғой сені!» деп балапаным мойныма оралады әлі! Ал, олар келмесе бар ғой, – деді ол басын көтеріп, — мен бәрібір, бәрібір өлмеймін.
Құлахмет ағай ахахалап күліп жіберді. Оның кенеттен қатты күлгені соншалық, мен селт ете түстім.
— Не болған сізге, Құлахмет ағай!
— Ештеңе, ештеңе де! Тек, олар келгенше өлмейтін болғаныма қуанып жатырмын, білдің бе, өлмейтін болғаныма! Солай емес пе, ә?
Ол менің жауабымды күтпестен орнынан тұрып, кереуеттен түсті. Етсіз аяқтарының ұзын-ұзын саусақтары мен көйлегінің ашық омырауынан ырсиып көрінген төс сүйектері жан шошырлықтай қорқынышты еді. Ол үлкен кебісін сүйрете басып келіп, маған жақындады да: «Рахмет, рахмет саған, бауырым» деп құшақтай алып, екі бетімнен алма-кезек сүйді. Әлде науқастан ба, әлде тым арық болғандықтан ба, оның саусақтарына шейін оттай ыстық екен. Мен осы сәтте қуаныш дегеннің не екенін, оның адам баласын қаншалықты бақытқа бөлеп, бойына жаңа күш-жігер қоса алатынын түсіндім. Әлгінде ғана қайраты таусылып, тұруға мұршасы болмай мына дүниеден өзін тұл жетім қалғандай сезініп, үмітсіз халде жатқан ол алыстағы қызының суретін ғана көріп, сау адамдай сергіп кетті. Әрине, оның бұл сергуінің ұзаққа бармайтынын, мұның бәрі жарқ еткен қуаныш пен алыс бір тәтті үміттің уақытша әсері екенін жақсы білдім. Әйтсе де, адам баласының өмір сүруі үшін қуаныш пен үміт қандай қажет еді! Осы сәтте мен оған осында қуаныш әкелгенім үшін өзімді бақытты санасам, Сафураның бұл үйге келмейтініне оның көзі жеткенде, тіпті, келген күннің өзінде өзге біреуден екі қабат болып оралғанын көріп, Құлахмет ағайдың халі қандай боларын ойлап, денем түршігіп кетті. Бірақ, әзірге біз қуанышты едік. Мен оның осындай сәтін, тіпті, өз қиялымда да бұзғым келмей, алда күтіп тұрған, күн санап асықпай жақындап келе жатқан сол бір жан түршігерлік азапты минуттар жайлы ойлағым да келмеді. Мейлі, уақытша болса да, жалған болса да ол қуана тұрсыншы, адам баласының бақытты сәттері онсыз да аз ғой, тым сирек қой. Және, құдайым-ау, сол қуаныш, бақыт дегеннің бәрі де уақытша ғана емес пе, бәрі де келесі бір сәтсіздікпен ұштасып жатпай ма? Түн жарымы әлдеқашан ауып кеткендіктен біз әрқайсымыз өз бөлмемізге барып жатып қалдық. Көзім ілініп кеткен екен, әлдекімнің есікті жұлқи ашқанынан шошып ояндым.
Жалғасы бар