Бәрі кейін мәлім болды ғой. Сөйтсе, жаңағы жабық машина Дәлелханды Үрімжі түрмесіне емес, Жеменей шекарасы арқылы орыс жеріне алып өтіпті. Содан Алматыға апарған, оқытқан, алда Шыңжаңда болатын ұлттық төңкеріске дайындаған… Не керек, сол сапардан үш жыл дегенде бір-ақ оралды ғой. 1943-жылы моңғол шекарасы арқылы Алтайдан бір-ақ шықты. Оның жол сапарын бір топ басшылар ғана білді. Ал, былайғы жұртқа Шың Сы сәй түрмесінен қашып шыққан адам болып көрінді.

Ол кезде Алтайдағы көтерілістің Есімхан, Ырысқандар жетекшілік еткен алғашқы легі күшпен басылып, енді азаттық күресінің Оспан бастаған жаңа толқыны өрлеп тұрған шағы болатын. Кешегі аңдысқан жаулары орыс пен моңғол досқа айналып, қару-жарақты аямай беріп тұрған кезі. Көтерілісшілер үшін моңғол шекарасы айқара ашық. Сол жылы өкімет әскерінен қысым көрген біраз жұрт мал-жанымен Моңғол жеріне қыстап шыққан. Бұлғындағы Майқантас заставасында Оспан мен маршал Шойбалсын кездесіп, бір-біріне тарту-таралғы берісіп, араларынан қыл өтпей тұрған шақ. Сыйға берілген қару-жарақтың түр-түрі көздің жауын алады. Бұлар бұрын қолына ұстап көрмеген автомат, пулемет, маузер, дүрбі дегенді сол жолы көрді ғой. Ал, пистолет, бесатар дегенің екінің бірінде.

Бұрын сырттай ғана білетін Дәлелханды Оспанға осы моңғол жерінде әкеліп таныстырды. Жасы әлі қырыққа іліне қоймаған ұзын бойлы, екі иығына екі кісі мінгендей келісті азамат. Жалғыз емес, қасында орыстар қосып берген екі-үш жолдасы бар. Жол ортада қосылған ол да енді көтеріліс басшысының біріне айналмақ. Оспан қолбасы, командир болғанда, Дәлелхан комиссар болатын ыңғайы бар ма, қалай. Орыстар ұсынып, моңғолдар қостап тұрған соң, көмекшіге зәру Оспан мұндай жаңалыққа қарсы болған жоқ. Оспанның өзінен гөрі сауатты, ішкеріден оқып келген жас жігіт азаттық үшін, Алтай халқы үшін бірлікте, тізе қосып тер төксе, кісіге бұдан артық не керек.

Алайда, іс жүзінде бәрі де бұл ойлағандай болмады. Ақылдары қосылмай, ойлары бір жерден шықпай, күн өткен сайын аралары алшақтай берді. Әрине, Дәлелханды да елін-жерін сүймейді, Алтайдың азат болғанын қаламайды деп айта алмайсың. Азаттыққа жетуге ол да құмар-ақ. Тек, Оспан ойлаған жолмен емес, басқа жолмен… Кеңес одағы салған социализм жолымен жетпек. Қытайдан ірге бөліп, орысқа арқа сүйемек. Сонда қалай болғаны? Жеңіл жүрісті жәлеп қатындай бір байдан шыға сала, екіншісіне тимек пе? Осыдан небәрі он бес жыл бұрын осы Дәлелхан Моңғолиядағы қызылдардан қашып, өр Алтайға келіп паналап еді, енді міне қып-қызыл балшабектің өзі болып шығыпты. Орыс жерінде өткен екі жарым жылдың тегін кетпегені көрініп тұр. Құдауанда, осы қызылдардың жұғысып кеткен адамды дуалап алатын бір пәлесі бар. Коммунизм ұраны кісіге күйеше жұғады, кәдімгідей жадылайды.

Бұл алшақтық бұрын екі күннің бірінде жаумен айқасқан ұрыс кезінде көп байқала қоймаушы еді. Кейін Алтай азат болып, төңкерісшіл ұлттық өкімет аймақ орталығы Сарсүмбеге орныққан кезде айқын біліне бастады. Оспан – Алтай аймағының уәлиі (губернаторы), Дәлелхан – уәлидің орынбасары, әрі Үш аймақ әскерінің Алтайдағы қолбасшысы… Бірақ қағаз жүзінде ғана солай, іс жүзінде билік – орыстар жіберген кеңесшілердің қолында. Тікелей әмір жүргізетін – осындағы орыс консулдығы. Заң да, бұйрық та солардан шығып жатады. Аймақ уәлиі Оспанның әмір-пәрмені кейде өтсе, кейде өтпей қалады. Орыс кеңесшілерінің әспенсігені сонша, олар аймақ басшысын менсінбей, Оспанға ештеңе білмейтін, оқымаған, қараңғы қазақ ретінде қарайтын сияқты. Рас, ел ішінде абыройы бар шығар, батыр шығар. Кезінде жоғарғы басшылар оны сол үшін пайдаланды. Енді қажеті қанша деп қарайтыны біліне бастады.

Алтай азат болған соң, Іледегі Үш аймақ үкіметі Дәлелханға генерал шенін берген-ді. Бірақ, одан келіп жатқан пайда жоқтың қасы. Әскери істерді Дәлелхан емес, осындағы орыс полковнигі Лескин басқарады. Бейне, бірінші қолбасшы Дәлелхан емес, Лескин сияқты. Қашан көрсе де Дәлелханның «Фатей Иванович» деп қоғадай иіліп тұрғаны. Атақты Дулат ақынның «Ұлығын көрсе орыстың, қыздан дағы қылықты» деп қазақ болыстарын түйрейтіні болушы еді. Мынау да – соның кері.

Бұл тұста Құлжадағы Үш аймақ үкіметінде де еш бедел қалмағанды. Бұрынғы «Шығыс Түркістан республикасы» деген атағы жайына қалған. Оның төрағасы Әлихан төрені орыстар бір түнде жабық машинаға тиеп алып кетіпті. Білетіндердің айтуынша, туған қаласы Ташкентке әкетіпті деген сөз бар. Қалғандары – айтқаннан шықпайтын «мақұлбайлар». Кеңес одағынан дайындап әкеліп, Үш аймақ үкіметінің басына қоя салған ұйғыр Ахметжан Қасыми да, қырғыз генералы Ысқақбек Мононов та осындағы Дәлелханның жағдайында болса керек. Орыс консулдығы не айтса да бас шұлғи беретін қағаз жүзіндегі қуыршақ бастықтар.

Анығына келгенде, «Шығыс Түркістан» дейтін мемлекеттің бұдан былай еш қажеті де болмай қалған. Кеңес одағы бұл мемлекетті екінші дүние жүзілік соғыс кезінде Гоминдаң мен Жапонға қарсы қалқан болсын деп құрған ғой. Қазір Жапония да, Германия да жеңілді. Гоминдаң өкіметі күйреу алдында… Сондықтан «Үш аймақты» уақытша алдарқатып ұстай тұрып, Қытайда Коммунистер билік басына келгенде, Шыңжаңды бөліп жармай тұтас күйінде соларға сыйға тартпақ. Ұлт азаттық соғысын Манас бойында тоқтатып, Үш аймақ басшыларын желкесінен алып зорлағандай, Үрімжідегі Гоминдаң өкіметімен теңсіз бітімге қол қойғызуы да – сол алдағы жоспардың дайындығы болатын. Өйткені, ұлт азаттық күресі мына бетінде өрши берсе, кешікпей бүкіл өлке азат болып, Шыңжаң қолдан шығып кетуі де мүмкін еді.

Міне, дәл осындай жағдайда Алтай аймағының қуыршақ уәлиі болып, бұдан ары отыра беруге Оспанның ар-ұяты шыдамаған. Там үй, тар босағада қысылып-қымтырылып, бір жылдай Сарсүмбе қаласында уәли болып отырды да, сыр алдыра бастаған денсаулығын сылтауратып, 1946-жылдың жазында Шіңгіл жайлауына шығып кетті. Биліктен біржола кеттім деген де жоқ, өзіне белгілі мерзімге демалыс жариялаған. Қоластында үстелге отыруға құмар, қағаз кемірмесе күн көре алмайтын көзәйнекті «көртышқандар» аз емес-ті. Кеңседегі қызметке соларды жауапты етіп қалдырып кетті.

Оспан жайлауға келісімен, Көктоғай, Шіңгілдегі өзінің батырлары мен мергендері жан-жақтан жамырамасын ба келіп. Жігіттері мұны әбден сағынып қалыпты. Оларға Сарсүмбеде кеңсе күзетіп отыратын уәли Оспан емес, үнемі алғы шепте қол бастап, жорықта жүретін қолбасы Оспан керек қой.

– Ошың-ау, сен кеткелі бұл елге қойшы ғұрлы қадіріміз қалмады ғой. Екі қолымызды алдымызға сыйдыра алмай, от басында омалып отырып қалған жоқпыз ба?! – деп марқұм Қапас мерген көзіне жас алып еді сонда.

Соңғы айларда дүниенің қалай-қалай құбылғанын елдегі жігіттер де топшылап біліп отыр екен. Енді барлығы Оспанды ортаға алып, алдағы тірлікті ақылдаса бастаған. Соншама жыл қан төгіп жеткен төңкеріс жемісін біреулердің орта жолдан пайдаланып кетуіне жол бермейміз десті олар бір ауыздан.

Іледегі Үш аймақ өкіметі де Оспанның әр қадамын аңдып отыр екен. Арада апта өтпей-ақ, Үрімжіде, Құлжада, Тарбағатайда шығатын газеттер: «Оспан батыр аймақтағы уәлилік қызметін тастап, өзінің «құйыршықтарына» барып қосылды» деп шу ете қалды. Бұл хабарды әркім әртүрлі қабылдағаны анық. Сөз жоқ, Үш аймақ басшыларының жүрегі зырқ етіп, көтенішегі қол бойы түсіп кетті. Ал, оның есесіне, Үрімжідегі Гоминдаң өкіметі кәдімгідей іш тартып қалса керек. «Дұшпанымның дұшпаны – менің досым» деген сөз бар. Ойда жоқта өзіне одақтас табылғанын кім жек көрсін. Көп ұзамай Үрімжі жақтан бейресми «елшілер» келе бастады.

Осыны сезген Іледегі Үш аймақ өкіметі де қарап қалмады. Жайлауда отырғанда Оспан ауылына генерал-лейтенант Ысқақбек пен генерал-майор Дәлелхан бастатқан делегация келді. Құр қол емес, әлденеше түйеге артқан бұл-шай, қант-кәмпит, кездеме сияқты тарту-таралғысы бар. Генерал Ысқақбек Құлжадан әдейі Оспанға арнап, «Халық қаһарманы» атты Орден ала келген екен. Алғашқы салтанатты отырыста батырдың омырауына сол орденді тақты. Орденнің дәл ортасында «бес тармақты жұлдыз» бар екен. Оспан соған қарап езу тартып күлді де:

– Қызық екен, Гомин қытайдың туында бадырайған алты бұрышты жұлдыз болушы еді. Сонша жыл соғысқанда бір бұрышын зорға кеміткенбіз бе?! – деген отырғандарды ду күлдіріп. Ысқақбек бұл сөзге қызарақтап, ыңғайсызданып қалды:

– Тегінде бұл жұлдыз дегендер мемлекеттік рәмізге жатады ғой. Оның бұрышының санында тұрған ештеңе жоқ, Осеке! – деп өзінше жуып-шайған болды.

Генерал Ысқақбектің өмір жолынан да Оспанның азды-көпті хабары бар-тұғын. Қашқар маңындағы қырғыз ауданында туып-өскен жігіттің әскери стажы тым арыда. Әуелде гоминдаң армиясында қызмет еткен. Кейін төңкеріске бет бұрып, түстіктегі Қожанияз тобына қосылды. Одан орыс өкіметі мен Шың Сы сәйдің нұсқауы бойынша, Қашқар маңындағы Сәбит домолла бастаған түркістаншыл-діншіл топты жаныштауға қатысты. Жалпы, бұл жігіттің ежелден-ақ орыстармен ымы-жымы бір болса керек. Кейін Дәлелхан сияқты ол да орыс еліне барып, «білім жетілдіріп» қайтқан… Іледегі көтеріліске бұл да орта жолдан қосылды. 1944-жылы күзде Әкпар, Сейіт, Ғани, Фатих бастаған партизандар Құлжа қаласын басып алған кезде, бұл да бір жақтан пайда бола кетті. Және жай біреу де емес, Үкімет мүшесі, генерал шенді әскербасы…

Оспан алыстан ат артып келген сыйлы қонағын арнайы тігілген үйге түсіріп, тай сойып күтті. Бірақ, қашанда әзірге-мәзір бола кететін генералмен тіл табыса алмады.

– Аймақ орталығына қашан қайтасыз? Сіздің қызметті тастап кетуіңіз ел ішінде әртүрлі қауесет туғыза бастады. Жалпы, өз орныңызға барып отырғаныңыз жөн ғой, – деген сауалына қайтарған жауабы да қысқа болды.

– Әзірше денсаулығыма байланысты жайлауда демалып жатқан жайым бар. Ойланып көрем. Түбі, кеңсе қызметін жастарға өткізіп бергендей болам ба… Өзіңіз білесіз, өне бойы ат үстінде жүрген қыр қазағына кеңседе отыру қол емес қой. Құданың әмірі, қалаға барсам болды, тынысым тарылып, тұншығып кете жаздаймын, – деген келте қайырып.

Бұдан ары Ысқақбек те үздіге қойған жоқ. Оның да Оспанға ет бауыры езіліп тұрғаны шамалы еді. Мына келісі де батырды ерекше құрметтеп, сыйлағаннан емес, Алтай халқы тағы да бұзылып кете ме деп қорыққандықтан болатын. Бір қызығы, үшеуара әңгіме кезінде Дәлелхан көп сөйлеген жоқ. Бұлардың низамы бойынша, шені жоғары бастықтың алдында қызметі кішілері үндемей қалады екен ғой. Үлкендер алдында жарып сөйлеп, билік айтатын баяғының бала билері келмеске кеткендей.

Әйтсе де, Дәлелхан Оспанның жайлауда тым ұзақ жатып, жаз бойы қалаға ат ізін салмауын «біржола кеттіге» жорып қойған екен. Қанша айтқанмен сыралғы кісілер ғой, алда бір сұмдықтың боларын біліп жүрген сияқты. Бір әредікте Оспанды оңашалап:

– Ошың, осы бетіңде шынымен-ақ, кеткенің бе бұл? Қан төгіп, тер төгіп жеткен азаттық жемісін кімге тастап барасың сонда? Халық бұл қылығыңды қалай қабылдайды? – деген баяғы «жезде» деп ойнай беретін әдетімен «сенге» көшіп. Оспанның бәйбішесі Мәмей шеруші қызы болатын.

– Қайдағы азаттық? Біз осы азаттыққа шықтық па? – деді Оспан оған шадырая қарап. – Бар болғаны, қожайын алмастырған жоқпыз ба? Басымыздан қайыс ноқтаны сыпырып, темір ноқта кигенде не мархадам табамыз?

– Қазіргі заманның беталысы солай боп тұр ғой, Ошың-ау! Бір мықтыға арқа сүйемей қазаққа күн жоқ екенін неге түсінбейсің? Жарайды, сен тағы қол бастап, атқа міндің дейік. Содан не шығады? Көк темір құрсанған герман мен жапонды жеңген Кеңес одағы сені құрықтай алмайды деп отырсың ба?

Осы тақырыпта екеуі Сарсүмбеде бірі бастық, екіншісі орынбасар болып тұрғанда да жиі айтысып қалатын. Оспан сол дауды қайта жаңғыртқысы келмеді.

– Жарайды, Дәкей, мұның бәрі ескі әуен, ежелгі жарапазан ғой, – деді бір жерін ауырсынғандай қабағын кіржитіп. – Мен әуел баста азаттық үшін алыстым ба, сол жолда өлуім керек. Кешірерсің, орысқа сен малай болды екен деп, мен малай бола алмаймын. Бірақ есіңде болсын, – деген сәл ойланып қалып. – Діні, ділі бөтен жат жұртқа жағамын деп ойлама! Біле білсең, сен екеуміздің жауымыз ортақ. Мені олар қарсы алдымнан атса, сені ту сыртыңнан атады. Осыны ұмытпа!

Бұл – Дәлелхан екеуінің ең соңғы рет тіл қатысуы еді. Осыдан кейін бет көріскен жоқ. Артынан «байқұсқа тым қатты айттым-ау» деп өкінгені есінде. Дәлелхан кейін өзінің қақпанға түскенін білгенде, Оспанның сол сөзін еске алды ма екен? Еске алған шығар. Ақылды азамат қауіп-қатердің қайдан төніп келе жатқанын сезінбеді дейсің бе?

Ақыры сол Дәлелхан мен Оспан ұдайы екі жыл соғысты. Шабуылды бастаған – Оспан емес, үш аймақ әскері. Дәлелханның қоластында: Лескин, Ыбырайымбай, Түсіпхан секілді ысылған полковниктері болды. Орыс қаруымен жарақтанған неше полк әскер. Ал, Оспанды қоршаған – өзінің мергендері мен батыр сарбаздары. Орыс та, қытай да ештеңе емес, жалғанда қазақ пен қазақ соғысқан қиын екен ғой. Екі жақтан да шығын көп болды. Оспан жағында осы өлкеде туып өскен, жер жадысын жақсы білетін сақа сарбаздар, ал «Үш аймақ» әскері – Алтайды туасы көрмеген, майданға асығыс алынған түбіт иек, бозбала жігіттер. Жер жағдайы көмектесті ме, әлде аққа құдай жақ болды ма, 1947- жылы күзде Оспан жасағы Үш аймақ әскерін тас-талқан қып, ойсырата жеңді. Аймақ орталығы Сарсүмбені партизандар басып алды. Іледен келген әскербасылар тым-тырақай қашып, генерал Дәлелхан мен полковник Лескин сасқанынан Жеменей шекарасы арқылы орыс жеріне өтіп кетті. Сол беті Күзуін заставасы тұсынан Тарбағатай аймағына қайта өтіп, Шәуешекке барып ес жинады. Сол жақтан асығыс әскер жасақтап, Алтайды қайтарып алудың қамына кірісті.

Әрине, Оспан аймақ орталығын ұзақ ұстап тұра алған жоқ. Оның әубастағы жоспары да Сарсүмбені түбегейлі мекендеп қалу емес, генералдар мен полковниктерге өз күшін бір көрсетіп қою болатын. Бір жағы, Дәлелханмен арадағы егес-бәсеке. «Сен бізге ештеңе де істей алмайсың» деген өткендегі сөзіне жауап. «Бәлем, қаруға сенген қалай, халыққа сенген қалай, көрсін!» дегені.

Сол жылы қазан айында Дәлелхан қарсы шабуылға өтті. Бұл жолғы екпіндері үй жыққандай тым қатты еді. Іле мен Тарбағатайдан жасақталған полктер өз алдына, бұл соғысқа шекарадан өткен орыс әскері де тікелей араласып кетті. Кілең шегір көз орыстан құралған «Тарбағатай полкі», «Қобық полкі» дегендер аяқ астынан қаптап шыға келген. Жөн сұрағандарға Тарбағатайдағы «Қыз бейіті», «Қырық ошақ» поселкесінің орыстарымыз дейді екен. Сөйтсе, «Қобық полкі» деп жүргендері – шекара сыртында жасақталған совет солдаттары болып шықты.

Оспан жасақтары қару-жарағы сай, сан жағынан басым жауға төтеп бере алмай, амалсыз кейін шегінді. Соңынан қуғын түскен соң, Алтайды артқа тастап, түстіктегі Бәйтік тауына келіп бекінген-ді. Не керек, Оспан содан қайтып Алтай топырағын баса алған жоқ. Бұларға Үш аймақ әскері, орысы, моңғолы болып, үш жақтап жабылды-ау! Ақыры, Бәйтік те қоныс болмай, Жемсарыға, одан Баркөл, Құмылға қарай ойысқан. Бәйтіктен көшерде ұрыстан қажып-шаршаған, бұдан ары көшке ілескісі келмегендерді елге қайтарып, ең соңында «не көрсек те батырмен бірге көреміз» деген жанкештілер ғана қалып еді…

Сөйткен Дәлелханның тағдыры не болды ақыры? Сүйегінің қайда қалғанын да ешкім білмейді. «Самолет апатынан қалған денесінің жұрнағы осының ішінде» деп әлдебір қалайы жәшікті Үрімжіге әкеліп жерлепті дейді. Құдай білсін, ол жәшіктің ішінде кімнің сүйегі жатқанын. Сөйтіп, ерте атқа қонып, азаттық жолында талай құрбандықтар берген Алтайдың екі азаматы тар кезеңде екі айырық жолға түсіп еді. Бірақ, амал не, екеуі де мұраттарына жете алмады.

(Жалғасы бар)

Басы өткен нөмірде

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған