Биылғы жылғы мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің мерекесінде облысымыздың бірқатар ақын-жазушыларына облыс әкімінің «Тұран» сыйлығы табыс етілді. Сыйлық иегерлерінің бірі – Шаһизада Әбдікәрімов.

ТҮНГІ ЫСТЫҚКӨЛ

Дүниені түгел үйіріп,

Табиғат білген есепті: –

Аспанның шетін жиырып,

Аяғыма әкеп төсепті.

Толқыннан толқын – әрі аттап,

Табыстым жұмбақ Һүр қызбен.

Шашымды аймен тарақтап,

Басымды жуды ол жұлдызбен.

Қара су бетін өрт алып,

Махаббат түнін тойладық.

Жанаса бере… жалтарып,

Жараса «жалақ» ойнадық.

Төңкере тастап жанарын,

Ғашықтық дертін ұққызды.

Аузыма тосып анарын,

Ащы бір өксік жұтқызды.

Өшер ме жүрек төрінен,

Оянған осы жыр-аңыз.

Ашына болған перімен,

Ақан Серіден сұраңыз.

Бұлқынып бір күш денемде,

Сыймадым сәтте қанама.

Батқым да келіп тереңге,

Қайтқым да келіп жағаға.

Сенбейтін шындық… расында,

Жүрген бе қазақ қумай дау,

Пері қыз, қалсам қасыңда,

«Суға кетті!» деп шулайды-ау!

Түніміз осы – ақырғы,

Жазады кімдер жалғасын? …

Жағаға қайтар ақынды,

Жамырап жұрты қалмасын!

КІШКЕНТАЙ АУЫЛ

Қозғалдық, қане…

Түпкірден

Қол бұлғап құйттай мекенім,

Қызық-ау, сонда ұқтым мен,

Сонша оның ыстық екенін!

Келеді пойыз зымырап,

Санамды салып сарсаңға.

«Стоп-кранды» жұлып ап,

Секіріп түсіп қалсам ба?

Қамқасын шешіп құмыр бақ,

Көкмұнар көмген күз, міне…

Әйнектен самал сыбырлап,

«Күтемін» дейді үздіге.

Барам да үлкен қалаға,

Биікке тартам жыр көшін.

Бас-көз бол сонда балаңа,

Бұзылып кетіп жүрмесін.

Даңқтың дертін білгем бе,

Даурыққан кезім бар шығар.

Деміме пісіп жүргенде,

Дақпырттан мені аршып ал.

Киесі кеткен әулиедей,

Кешкенде бастан нелер сын,

Түндіктен түскен сәуледей,

Түсіме талай енерсің.

Қызыққа күнде малтықпай,

Жаныма жақпай жат ұран,

Өлімнен қашқан Қорқыттай,

Өзіңе тартып отырам!

Келеді пойыз зымырап!

Құшағын ашып далам кең –

«Стоп-кранды» жұлып ап,

Бәрібір… түсіп қалам мен!

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған