Қазақстан қалаларының ішінде сорақы қимыл Талдықорған қаласында болды. 4 қаңтарда Алматы облысында А. есімді азаматпен бұрын сотталған С. деген азамат бірігіп билік өкілдеріне қатысты бүлік ұйымдастыру, мүлікті жою және зорлық-зомбылық жасау туралы сөз байласқан. 5 қаңтарда арандатушылар әлеуметтік желі арқылы Талдықорғандағы шағын ауданда 400 адамды жинап, сол жерде оларға облыс әкімдігін басып алу үшін нұсқау берілген. Содан кейін ұйымдасқан топ орталық алаңға қарай жүріп, жол бойында қолдарына тас алып, металл кесінділермен қаруланған. Агрессивті топ қолда бар құралдардың көмегімен полиция қоршауын бұзып, облыс әкімдігінің ғимаратын өртеді.

Олар мұнымен де тоқтамай, топқа тағы 500 адамды қосып алып, барлығы Талдықорғандағы полиция ғимаратын басып алуға барды. Ғимарат 80 пайызға жойылды. Сонымен бірге тергеу изоляторының ғимараттарына шабуыл жасалды. Шабуылшылар қала әкімдігі, полиция және Алматы облысының ҰҚК ғимараттарын басып алды. Тәртіпсіздікке қатысқан 500-ден аса адам, негізінен жастар, әкімшілік ғимараттарды талқандап, өртеді. Тонау басталды.

Полиция жасағына бой бермеген наразы топ облыс әкімдігі алдындағы алаңда тұрған Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін мәшинемен тартып құлатты. Кіндік тұсынан қаққа бөлінген ескерткіштің үстіңгі бөлігін әкімдік ғимарат алдына апарып, мойнынан «дарға» асып қойды. Оған қоса облыс әкімдігі ғимаратын өртеді.

Тәртіпсіздіктерге қатысқаны үшін бір адамға 20 доллардан 100 долларға дейін төленген. Бұл деректер тергеу барысында анықталды және жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты деген күдікке ілінген тұлғалардан жауап алу кезінде расталды.

4 қаңтарда Алматыда Telegram-арнасын ашып, санаулы сағатта бірнеше мың оқырман жинаған тұрғын анықталған. Осы Telegram-арнасы арқылы қатысушылар бөгет құру, «Молотов жарылғышын» жасау, тәртіп сақшыларына қарсы тұру және ғимараттарды басып алу бойынша егжей-тегжейлі нұсқаулар алған. Одан кейін осы арнада 5 және 6 қаңтарда бүлікшілердің қозғалысы арандатушылардың жасаған шабуылдарын түзету туралы ақпарат беріп отырған. Мұның дәлелдері тергеуде бар. Күдікті анықталып, қамауға алынды.

Сонымен қатар Алматы облысында тәртіпсіздіктерге қатысушыларды қаржыландырған, сондай-ақ азаматтардың мүлкіне зиян келтіруге және мемлекеттік нысандарды басып алуға ықпал еткен О. және Н. есімді азаматтар анықталды. Талдықорғанда қаңтар айының басында болған тәртіпсіздік кезінде екі оқушы ұсталды. Ата-аналарының сөзіне сенсек, сол күні оқушылар көшеге кездейсоқ шығып қалған. Сол қасіретті қаңтарда Талдықорған қаласында болған жалпы картина осындай еді.

Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев 5-6 қаңтар күндері күштік құрылым өкілдерінің қызметін тастап кету фактісі болғанын жасырмады. Оның сөзінше, құқық қорғау органдарының жіберген басты қателігі – желіде шеруге шақыратын ақпараттың тарауына жол беруі. «Біздің күштік құрылым қызметкерлері түрлі әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде облыс тұрғындарын Маңғыстауды қолдау үшін Талдықорғанға шақырғаны туралы ақпараттың тарауына жол беріп қойды. Ал жастар қызуқанды, олардың тез көтерілетіні белгілі. Күштік құрылымдар соның алдын алып, оларға ескерту жасауы керек еді. Осындай салғырттықтан алаңға өте көп адам жиналды. 4 қаңтарда ұйымдаспаған, стихиялы шеру болса, келесі күні олардың өте жоғары деңгейде ұйымдасқаны байқалды. Олардың арасында ортаға шығып сөйлеген адамның даусын әдейі естіртпей, айғай-шу жасаған, халықты басқару технологиясын жақсы білетін бірнеше арандатушы болды. Халық қаланың әр ауданында жиналды. Оларды әлдекім басқарып отырғаны анық еді. Себебі, бір уақытта шеруге шыққандар топ болып бір жерге жинала бастады. Бір-бірімен байланысып отырды. Олар халық наразылығын жақсы пайдалана білді. Ал облыс халқының наразы болатындай жөні болды. Облыстағы жағдай асқынған, жастардың жұмыссыздығы сияқты көптеген мәселе қордаланған», – дейді облыс әкімі.

Сондай-ақ Қанат Бозымбаев баспасөз өкілдеріне берген сұхбатта өзі басқарып отырған өңірдің тағы бір ерекшелігіне тоқталып өтті: «Алматы облысының басқа аймақтардан өзіне тән ерекшелігі бар, бұл өңірді тек әкім немесе құқық қорғау органдары басқарған жоқ. Алматы облысының бейресми басшылары да болды. Қуанышқа орай, қазір олар басқармайды».

Оның үстіне, әкімнің айтуынша, қаңтар оқиғасы кезінде облыстың құқық қорғау органдары дұрыс әдіс-тәсілдерді қолданбаған. «Нәтижесінде 5 қаңтарда Президент төтенше жағдай режимін енгізді, сағат 12-де полиция департаментінің басшылары комендант болып бекітілді, Талдықорғанда Серік Күдебаев болды. Сағат 3-те аймақтық жедел штабтың соңғы отырысы өтті, ол жерде мен төраға едім, сол жерде мен өз өкілеттігімді Серік Күдебаевқа толық өткіздім. Біз одан «Жағдайды реттей аласың ба?» деп сұрадық, ол «Иә» деді. Өйткені шерушілер тереземіздің түбінде тұрды. Бір жарым сағаттан соң ол жағдайды уысынан шығарып алды. Неге? Мен үшін әлі жұмбақ. Мұны тергеу анықтайды деп ойлаймын. Ал былайынша, күштік құрылымдардың құралдары, әдіс-тәсілдері де қан төкпей бәрін реттеуге, ұйымдастыруға жеткілікті еді», -дейді Қанат Бозымбаев.

Облыс басшысы 6 қаңтар күні түстен кейін әкімдік ғимаратынан айырылып қалғанын айтады. «Мен содан сәл бұрын, 2-3 минут ертерек ғимараттан шығып кеттім, сол жерде шерушілер Ұлттық гвардияның жүзге жуық солдатын соққының астына алды. Біреуі қайтыс болды, сондай-ақ әскерилер де жарақаттанды, ол жерде қарусыз десантшылар да тұрған. Ешкімге оқ атқан жоқ. Олар шерушілердің алға өтуіне жол бермей, ұстап тұрған болатын. Мен әкімдіктен шығып, алгоритм бойынша полиция департаментіне бардым. Біраз уақыттан соң ПД басшысы келді. Бірқатар себептермен полиция департаменті ғимаратын қорғаған жоқ. Өкінішке қарай, сол күні Талдықорған қалалық полиция басқармасының ғимараты да, облыстық полиция департаментінің ғимараты да шерушілер қолына өтіп кетті. Онда мыңдаған суық қару болған еді. Полиция қашып кетті, әсіресе қалалық полиция қашты. Полиция департаментінің ғимараты уыстан шыққан соң, мен ҰҚК департаментінің бастығына қоңырау шалдым. Ол өзіне жоғарыдан бұйрық келгенін, қарулар мен қағаздарын жинап, ғимараттан шығып кеткенін айтты. Мен алдын ала ештеңе айта алмаймын, өйткені тергеу жүріп жатыр, ешқандай баға бере алмаймын. Мен тек өз көргенімді айтып отырмын. Нәтижесінде билік шерушілермен бетпе-бет қалды», -дейді Қанат Бозымбаев.

«Жаппай наразылықтың алғашқы күндері мен халық алдына шығып, түсіндіру жұмысын жүргізе бастадым. 4 қаңтар күні кешке наразылық білдірушілерге менің кабинетіме барып, барлық проблеманы талқылауды өтіндім. Түнгі бірге қарай митингке шыққандардың 30 пайызы үйлеріне тарады. Дау да, ұрыс-керіс те болды, халық ашулы еді, айғайлады. Бастысы, дәл сол күні қан төгілген жоқ, ал митинг тыныш аяқталды», – дейді Қанат Бозымбаев. «Мен әр аудан мен қаланың әкімдерімен сөйлестім. ҰҚКД басшылығымен бірге арнайы штаб құрдық. Оның құрамына полиция, Ұлттық ұлан және басқа ведомстволардың қызметкерлері кірді. Мен ІІМ-мен сөйлесу үшін Нұр-Сұлтанға ұшып шықтым, елордадан қосымша күш сұрадым. Облысқа арнайы жасақтар келді, антитеррористік операция басталды. Үйлестірілген іс-қимылдар нәтижесінде тәртіп орнады», – дейді Қанат Бозымбаев.

Облыс әкімінің қаңтар оқиғасына қатысты айтары мұнымен бітпейді. Ол ТЖ кезінде Алматы облысының комендантын туған ауылынан тапқанын алға тартады: «Мен полиция департаментінің бастығын іздеп, оны таңға жуық Талдықорғаннан 300 шақырым жерден таптым. Ол өзінің туған ауылына, Қаскелең жаққа кетіп қалған екен. Одан не үшін кеткенін сұрап едім, ол маған басынан жарақат алғанын, аяғы ауырып тұрғанын, отбасын ауылына алып кеткенін айтты. Қазір екеуінің де (облыстық ПД бұрынғы бастығы мен облыстық ҰҚК бұрынғы бастығы) үстінен қылмыстық іс қозғалып жатыр».

Шынында да облыстық полиция департаментінің қаңтар оқиғасы кезіндегі іс-қимылдарында шикілік өте көп. Осы тұрғыда мына бір оқиғаны егжей-тегжейлі айта кеткенді жөн көріп отырмыз. Өйткені дәл осы оқиға ішкі істер департаментінің арандатушылармен байланыста жұмыс істегенін айғақтайтын секілді. 4 қаңтар күні таңертеңгісін Талдықорғанда 43 жастағы Алмас Мұқашев сұйытылған газ бағасының күрт өсуінен наразылықтарын білдірген жаңаөзендіктерді қолдау үшін алаңға шығады. Алмасты полицейлер бірінші рет 5 қаңтар күні ұстаған. Бірақ оның митингілерде ешқандай заңсыз әрекет жасамағаны анықталған соң, босатып жібереді. Келесі күні полицейлер қайта қоңырау шалып, бұл жолы оны басшылық құрамдағылар шақыртып алады.

Бұл күн туралы марқұм азаматтың анасы Әлия Әбдірахманова былай еске алады: «Әлі күнге дейін көз алдымда, 6 қаңтар күні болатын. Менің ұялы телефоныма ер адам қоңырау шалып, өзін Талдықорған қалалық ІІБ бастығының орынбасары Марат Түсіпбеков деп таныстырды да, телефонды ұлыма беруді сұрады Мен солай жасадым. Олар құдды бірін-бірі ұзақ жылдар бойы танитын адамдардай сөйлесті. Содан соң менің ұлым телефонды қойып, полицейлердің ғимараттарын басбұзарлардан қорғауға көмектесемін деді де, кетіп қалды. Содан кейін таңертеңгісін оралып, ұйықтап қалды».

Келесі күні таңертең Алмас жары Айнұр Құлтинова екеуі азық-түлік алуға шығады. «Көктем гранд» қонақ үйіне жақын жерде оларды бетперде киген арнайы жасақ құрамы қоршауға алады. «Олар оны жерге құлатып, екі қолын артына қайырып, Алмас қарсылық танытпаса да тепкінің астына алды. Мен қорыққанымнан жылап, маска киген адамдардың ұрмауын өтіндім, алайда менің сөзімді ешкім құлаққа ілген жоқ», – дейді көз жасына ерік берген марқұмның жары Айнұр.

Ерлі-зайыптылардың ұялы телефондарын тартып алып, көліктеріне тінту жүргізген. Бірақ ешнәрсе таппайды. Соған қарамастан олар Алмасты 270АU05 мемлекеттік нөмірлі автобусқа салып, белгісіз бағытқа алып кеткен. «Келінім үйге ентіге келіп, болған оқиғаны айтып берген соң мен бірден Марат Түсіпбековке қоңырау шалып: «Менің ұлым қайда? Оны көмекке шақырған өзің емес пе?» – деп сұрадым. Ол болса маған: «барлығы реттеледі, ұлыңыз үйіне оралады» деп жауап берді. Алайда ұлым сол күйі байланысқа шықпады, үйге де оралған жоқ. 9 қаңтар күні таң азанымен біз оны өзіміз іздеуге кірістік. Алдымен Талдықорған қаласының ішкі істер бөліміне, сосын Алматы облысының полиция бөліміне барып, Алматы облысы бойынша ҚМДБ-ға келдік. Бірақ барлық жерде ондай адам жоқ екенін және ұлым туралы ешнәрсе білмейтіндерін жеткізді», -деп жылап еске алады анасы Әлия Әбдірахманова.

Отбасы мүшелері үміттерін үзбей, Алмас Мұқашевты 10 мен 11 қаңтар күндері де іздеулерін жалғастырады. Жоғарыда аталған мекемелерге қайта бас сұғады, бірақ еш нәтиже болмайды. Қалалық ауруханада да ұлдары жайлы дерек болмай шығады. «13 қаңтар күні де ішкі істер бөлімі ғимаратының алдында тұрдық, бірақ біздің алдымызға ешкім шыққан жоқ. Біз сол жерде табанымыздан тозып тұрған кезде үйдегі келініме полиция қызметкерлері келіп, қайғылы хабарды естіртеді. Олар көңіл айтудың орнына, келінімнен видеокамера алдында жауап алады. Ұлымның 4 мен 6 қаңтар күндері қайда болғаны туралы сұрайды. Келінім болған жайдың барлығын айтып береді, бірнеше күн бойы өзіміздің Талдықорғандағы ПБ, ПД және ҰҚК ғимараттарынан іздегенімізді айтады», – дейді Алмастың анасы. Жауап алу жүріп жатқан уақытта достары Алмастың денесін табады. Марқұмның досы Айдын Жұмағалиев Алмастың денесінің сау жері қалмағанын еске алады: «Оның денесінің сау тамтығы қалмаған еді. Бас сүйегі жарылып кеткен, барлық қабырғалары, қолдары мен екі аяғы сынған. Шамасы оны қатты қинаған секілді, өйткені алған соққыдан қол-аяғы көгеріп кеткен. Саусақтары да көгеріп, сынған. Білегінде кісеннен қалған көгерген белгі бар. Алмас өзін бұлай соққыға жығуға жол бермейді, сол себепті оны байлап тастағанға ұқсайды».

Жақындарына қаншалықты қиын болса да, олар марқұм Алмастың денесін бейнежазбаға жазып алады. «Ұлымды 8 қаңтарда «Көктем Гранд» қонақ үйінің жанында ұстаған. Полиция қызметкерлері оны дені сау және есін толық білетін күйде алып кеткен, ал арада бес күн өткен соң біз оның сау жері қалмаған өлі денесін таптық. Іс жүзінде менің баламның үстінен қылмыстық іс қозғалған жоқ, ол ешқандай заңсыз әрекет жасамаған, ғимараттарды қирату мен тонауларға қатыспаған, қару-жарақ орындарын басып алуға да бармаған. Бұл оқиғаға дейін және бұдан кейін де ешқандай қару сақтамаған. Енді менің жауап таба алмай жүрген сұрағым: Неліктен жазықсыз ұлымды айуандықпен қинап өлтірген?», – деп торығады марқұмның анасы.

Ұлдарын жер қойнына тапсырғаннан кейін Мұқашевтың туыстарына медициналық өлім туралы анықтама беріледі, оның бірінші бетінде өлім себебі анықталмаған деп жазылған. Бірақ сонымен бірге сарапшы Жеңіс Әубәкіров анықтаманың екінші бетіндегі өлімнің себебіне бас миының жарақаттануы, травматикалық субдуральды қан құйылу, анықталмаған бас-ми жарақаты, яғни ауыр дене жарақаттарымен зорлық-зомбылықпен өлтіру деп көрсеткен.

«Дәрігердің неліктен мұндай анықтама бергені түсінікті, Мұқашевты ұрып-соғып, өлтіріп, жасырын түрде ауруханаға жеткізгендерді ұстап бермес үшін сараптамаға өтірік деректер жазған, деп санайды қайғы жұтқан отбасының заңгері Қанат Қарымсақов. – Мұндай жантүршігерлік қылмысты жасағандар жауапқа тартылуы тиіс. Егер Алмас Мұқашев шынымен кінәлі болатын болса, онда адвокаттың қатысуымен ресми түрде жауап алынып, бұлтартпау шарасы заңды түрде бекітілуі керек еді. Ал олар бұлай жасаған жоқ. Демек, олар оны өлер алдында заңсыз қамауға алып, заңсыз бас бостандығын шектеп, сосын өлтірген».

Жазықсыз жаны қиылған Алмастың туыстары заңсыз ұстаған тәртіп сақшыларын табуды, сондай-ақ оны азаптағандарға зорлықпен өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғауды талап етуде. Сонымен бірге Алмас пен оның әйелі азық-түлік алуға мініп шыққан көліктері әлі күнге дейін табылған жоқ. Көлікті де құқық қорғау қызметкерлері мініп кеткен. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ісқимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша тергеушісі Нұрсұлтан Қуатқанов 23 қаңтарда болған азаптау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Енді оған Алмас Мұқашевтың өліміне себепкер болған дене жарақаттарын салған тәртіп сақшыларының қай бөлімшесі екенін анықтауы қажет.

Сондай-ақ, қаңтар оқиғасы кезінде Талдықорғанда Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін құлатты деп айыпталған адамға сот үкімі шықты. 38 жастағы Азамат Батырбаев төрт жарым жылға бас бостандығынан шектеу жазасын арқалады. Ол полицейлерден зәбір көргенін айтып шағымданған. Әлеуметтік желіде фотосурет те тарады.

Осы фактілердің өзінен де ішкі істер бөлімінің қызметкерлерінің арасында да билікке қарсы арандатушылық іспен айналысқан қыз[1]меткерлердің болғаны рас деген қорытынды жасауға болатын сияқты. Шынында да қаңтар қырғынын ұйымдастырған бүлікші топтың арасында облыстық полиция департаментінің адамдары да болғанын осы оқиға жоққа шығара алмайтындай.

Алматы облысында қаңтар оқиғасы кезінде қылмыс жасады деген күдікпен 116 адам ұсталған. Оның ішінде 44 адамға қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылып, 9 адам босатылған. Жалпы облыс бойынша қаңтар оқиғасы кезінде 758 адам зардап шеккен, оның ішінде 643-і полиция қызметкері, 78-і әскерилер, 37-сі бейбіт тұрғын. 8 әкімшілік ғимарат, 68 қызметтік көлік зақымданды, оның 7-еуі толығымен жанып кеткен, сондай-ақ 512 қару ұрланған.

Қаңтар оқиғасының салдарынан кейін Талдықорғандағы облыстық әкімдік ғимаратын қалпына келтіруге 4 млрд. 758 млн. теңге бөлінген. Алты қабатты ғимараттың жалпы аумағы -9 793,9 шаршы метр. Қаңтар оқиғасы кезінде бүлінген қалалық полиция басқармасының ғимаратын жөндеуге 795 миллион теңге бөлінген. «Аманат» партиясының облыстық филиалының кеңсесін қалыпқа келтіру үшін демеушілердің есебінен 219 миллион теңге бөлінген.

Талдықорғанда қаңтар оқиғасында жаппай тәртіпсіздікке қатысқан 11 адам ұсталды. Облыс полицейлері мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері күдіктілерді оқиға кезінде түсірілген бейнежазбалар арқылы анықтаған. «Кадрларда олар облыс әкімдігі ғимаратын қиратып, әскерилер мен полиция қызметкерлерін соққыға жығып, ұрып жатқаны анық байқалады» дейді полицейлер. Қолға түсіру барысында күдіктілерден қару-жарақ, оқ дәрі, қорғаныс құралдары табылған. Олар айғақ заттарды тәртіп сақшыларынан тартып алғаны белгілі болды.

20 және 37 жас аралығындағы азаматтарды ұстау операциясы Алматы облысының бірнеше ауда[1]нында жүргізілген. Мәселен, Сарқан ауданында ұйымдасқан қылмыстық топтың белсенді мүшесі қолға түсті. Күдіктіден Макаров тапаншасы мен оқтары және есірткі табылған. Барлық жиналған материал арнайы прокуратураға тапсырылған. Сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 272-бабының 2-бөлігімен қарақшылық шабуыл, мүлік жою, мемлекеттік қызметшілерге қарсылық көрсетті, жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты деп айыпталған Н.-ға қатысты қылмыстық істі қарады. Қалалық сот айыпталушының тағылған айыпты толығымен мойындағанын атап өтті. Прокурор сотталушыны кінәлі деп танып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қатаң режимдегі түзеу мекемесінде өтеуді сұрады.

Ерлік ескерусіз қалмайды. Талдықорғанда қаңтар оқиғасына қатысып, қызмет бабында қаза тапқан 4 сарбаздың отбасына баспана кілті берілді. Мұндай көмекті оларға «Хан Тенгри Девелопмент ЛТД» ЖШС көрсетті. Жиында компания басшысы Виктор Ли жиналғандар қайғысына ортақтасып көңіп айтты және қиын кезеңде ел тыныштығын қорғаған батырлар ерлігі ескерусіз қалмайтынын атап өтті. Жиналғандар алдымен құрбан болған әскери қызметшілерді 1 минут үнсіздікпен еске алды.

Үй кілттері облыстық Полиция департаменті Жедел қимылдау бөлімшесінің инспекторы Дархан Барғанаев, Талдықорған тергеу изоляторының инспекторы Ербол Ержанов, сондай-ақ әскери қызметшілер Әділ Нүркенов пен Ғабдолла Смайылқановтың жақындарына табысталды. Айта кету керек, бүгінге дейін облыс әкімдігі тарапынан қаза тапқан 8 күштік құрылым қызметкері отбасыларының әрқайсысына 5 млн теңгеден өтемақы төленді. Екінші деңгейлі банктермен қаза тапқандар мен олардың жұбайларының жалпы құны 12 млн. теңге кредиттері кешірілді.

(Жалғасы бар)

Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған