Адамзат баласының осы қиындығы мен қызығы қатар жүретін мынау дүниеде қанша жыл өмір сүрсе де, қандай іспен айналысса да өміріндегі ең бір ұмытылмас кездері университет қабырғасында өтетін керемет шақтары емес пе ? Кез келген адам баласы осы бір керемет кезеңнің табалдырығын аттап, балалық шақпен қоштасып , жаңа бір белеске аяқ басуды аса маңызды қадамдарының бірі деп санайды. Менің де ата-анамнан алғаш рет жырақ кетіп өз болашағымды құру жолында алғаш болып жасаған қадамдарымның бірі – Әл – Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін таңдауым .

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – бай дәстүрі, көп жылдық оқу және ғылыми жұмыс тәжірибесі бар жоғарғы оқу орны.

Сонымен қатар, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті-мемлекеттік аттестаттаудан бірінші болып өткен және барлық мамандықтар мен деңгейлер бойынша білім беру қызметін жүзеге асыру құқығын растаған Қазақстан Республикасы Жоғары білім беру жүйесінің жетекші мекемесі болып табылады. Қазіргі таңда әлемдік деңгейде дамыған жоғарғы білім беру орындарымен терезесі тең болып отырған , білімнің қара шаңырағында оқу кез-келген білімге құштар жастың арманы емес пе ?

 «Саналы да сапалы, білімді де белсенді жастары бар елдің қашанда еңсесі биік, болашағы зор болмақ. Сондықтан елдің ертеңі, бақыты сендердің қолдарыңда деп мен айта аламын »» – деп еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтып өткендей , ҚазҰУ мекені білімге құштар жастарға тек қана білім беріп қана қоймай, жан – жақты дамуға мүмкіндік береді. Себебі, ҚазҰУ – талантты , дарынды студенттердің басын біріктіріп отырған мекен.

Қазіргі таңда , Қазақ Ұлттық университетінде 16 факультет, 32 ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтары, технопарк пен әскери кафедра бар. Ең бастысы адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады демекші бүгінгі күні университетте 2 мыңнан астам профессорлар, докторлар, ғылым кандидаттары мен философия докторлары, 100-ден астам ірі академиялардың академигі, 40-тан астам Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері, 40-қа жуық Қазақстан Республикасы Мемлекеттік және атаулы сыйлықтарының лауреаттары жұмыс істейді. Осындай қаншама жылдық тарихымен ерекшеленетін және білімнің сара жолын салуға көмектесетін ұстаздарымен болашақтың негізі қаланып жатқан мекенде 25 мыңнан астам студенттер мен магистранттар көп деңгейлі жоғары кәсіптік білім беру жүйесінде білім алуда. Университеттің бұл ерекшеліктерінен бөлек дамушы жас буынға берер мүмкіндігі – бірлескен халықаралық оқу бағдарламаларын жүзеге асыру, студенттер алмасу және тағылымдамадан өту үшін әлемнің 418 ірі халықаралық университетімен ынтымақтасуында.

Тек өз тобынан оза шапқан үздіктердің құраушысы болып табылатын мекенде орналасқан әр факультеттің өзіндік орны мен тарихы бар екендігін атап өту керек. Себебі, бірі екіншісінің орнын баса алмайды және факультеттердің түлеп шыққан түлектері қазіргі таңда еліміздің әр саласында, шетелдерде қайталанбас маман иелері болып қызмет атқару үстінде. Сонымен қатар негізгі факультеттерден басқа дайындық факультетінде әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған шетел азаматтары мемлекеттік тіліміз қазақ тілін үйрену үстінде. Олардың араларында ауған азаматтары, қытайлар, корейлер, түріктер және шетелдерде тұратын өзіміздің қандас бауырларымыз, яғни қазақтар да бар. Осының есебінен білім ордасына білім нәрімен сусындаймын деп келген кез келген шетел азаматтарын өздерінің бауырларындай көріп, үнемі құшақ жая қарсы алатын біздің студенттеріміз шетел азаматтарымен танысып, басқа елдердің мәдениетін танып біліп, оларға өзіміздің еліміздің мәдениетін таныту үстінде. Бұл жайт ҚазҰУ-нің керемет мүмкіндіктерінің бірі болып есептелінеді.

Сондай-ақ университеттің оқу өмірінен тыс толық қанды өмірі де бар. Қала ішіндегі «Казгуград» қалашығы деп аталатын құтты мекенде – мен өзімнің болашағымның сара жолын саламын, білімге құштармын деген азамат үшін жанға жайлы мен керектінің барлығы бар. Бұл құтты мекеннің тағы бір ерекшелігі студенттердің көшбасшылық қабілеттерін, ұйымдастырушылық қабілеттерін дамыту мақсатында Жастар ұйымдары комитеті жұмыс жасайды. Оның құрамына «Сұңқар» студенттер кәсіподағы, студенттер Сенаты, «Көмек» еріктілер қозғалысы, студенттер кеңесі, студенттердің ғылыми қоғамы және тағы басқа жаңадан ашылған бірнеше ұйым кіреді. ҚазҰУ-да бүгінгі күні 10-ға жуық студенттік ұйымдар жұмыс істейді, олардың барлығы түрлі тақырыптық бағыттармен, көркем қызығушылықты танытатын ғылыми жобаларды құру арқылы студенттердің алып жатқан білімдерін одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Әрбір ұйымда өзіндік ерекше шығармашылық атмосфера , дамытушы орта бар. Оларға кіре отырып, көптеген жаңа таныстар, эмоциялар және, әрине, ең маңыздысы екінің бірі қол жеткізе алмайтын мүмкіндікке ие бола аласыз.

Ғылыммен айналысқысы келетін студенттер үшін де дәстүрлі түрде «Фараби әлемі» сияқты конференция, форумдар ұйымдастырылып тұрады. Инновациялық жобаларға құштар, заман ағымынан қалмауға тырысатын студенттер үшін әр факультетте бизнес-инкубаторлар қызмет етеді.           

Қорытындылай келе, ҚазҰУ – адамның тұлға болып қалыптасуына ықпал етіп,  жан-жақты қабілетін ашып көрсетуіне мүмкіндік беретін мекен. Сол себепті де, студенттер ҚазҰУ-да өткізген өмірін ең үлкен сәтті кезең деп санайды. Шыныменен, мен білім алуға келдім деп құлшына келген жастарды үнемі құшақ жая қарсы алып, оның әрі қарай оқуы үшін басқа университеттермен салыстырғанда барлық қолынан келгенін жасап , қолдау көрсетіп отырған ҚазҰУ – таңдаулылардың мекені емес пе ? ҚазҰУ жастары мен студенттері – еліміздің болашағы . Осындай құтты мекенде оқып жатқан студенттер шын бақытты, мол мүмкіндік иегерлері. Сол себепті Қазақ Ұлттық университеті онда оқып жатқан студенттер мен ұстаздардың ғана емес, еліміздің мақтанышы және болашаққа нық қадам бастырар саналы ғұмырдың бір айғағы , ең бастысы – мүмкіндіктер мекені.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті

Экономика және Бизнес Жоғары мектебі

«Қаржы және есеп» кафедрасының

оқытушысы Жумадилова Т.Б

«Қаржы» мамандығының 2 курс студенті Төлеген А.Т

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған