Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Бұл ретте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тек құқық бұзушылықтарды анықтау және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тартумен шектелмеуі тиіс. Ең бастысы – сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін себептер мен жағдайларды дер кезінде анықтап, олардың алдын алу.
Осы бағытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингтің орны ерекше. Мониторинг мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметіндегі өзекті мәселелерді зерделеуге, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға және оларды жою бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді.
Қызылорда облысында бұл бағыттағы жұмыстар қалай жүзеге асырылуда? Мониторинг барысында қандай мәселелерге басымдық беріледі және оның нәтижесінде қандай өзгерістерге қол жеткізуге болады? Осы және өзге де сұрақтарға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Мұхамбетжанова Жұлдыз Мұхамбетжанқызы жауап береді.
– Ең алдымен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингтің негізгі мақсаты мен маңызына тоқталсаңыз.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг – сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімділігіне, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы құқық қолдану практикасының жай-күйіне, сондай-ақ қоғамның сыбайлас жемқорлық деңгейін түйсінуі мен бағалауына қатысты ақпаратты жинау, өңдеу, талдау және бағалау қызметі.
Оның негізгі мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы құқық қолдану практикасын бағалау.
Мониторингтің ерекшелігі – мәселені тек тіркеумен шектелмей, оның туындау себептерін анықтауға мүмкіндік беруінде. Яғни белгілі бір саладағы кемшілікті анықтап қана қоймай, оның неліктен туындағанын және оны қалай жоюға болатынын айқындау маңызды.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу барысында қандай ақпарат көздері пайдаланылады және зерделеу жұмыстары қалай жүзеге асырылады?
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу кезінде ақпараттың толықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін бірнеше ақпарат көзі пайдаланылады. Атап айтқанда, құқықтық статистика органдарының деректері, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері, бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар және заңмен тыйым салынбаған өзге де ақпарат көздері зерделенеді.
Қажет болған жағдайда мемлекеттік органдарға, ұйымдарға, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне және лауазымды адамдарға сұрау салулар жолданып, қосымша мәліметтер алынады. Алынған ақпараттар салыстырылып, олардың анықтығы мен толықтығы бағаланады.
Сонымен қатар, мониторинг нысанасына жататын салаға қатысты объектілерге бару қажет болған жағдайда, көпшілікке қолжетімді орындарда көзбен шолып қарау жүргізіледі. Бұл ретте фото- және бейнетіркеу құралдары қолданылуы мүмкін. Мәселен, құрылыс саласы зерделенген кезде нысанның нақты жағдайын, орындалған жұмыстардың барысын көзбен көруге мүмкіндік туады.
Осылайша, мониторинг тек құжаттар мен ресми мәліметтерді қараумен шектелмейді. Оның барысында түрлі ақпарат көздерінен алынған деректер салыстырылып, белгілі бір саладағы жүйелі мәселелер мен сыбайлас жемқорлық көріністеріне ықпал ететін себептер мен жағдайлар анықталады. Негізгі мақсат – анықталған мәселелерге құқықтық және практикалық тұрғыдан баға беріп, оларды жоюға бағытталған ұсыныстар әзірлеу.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг пен сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдаудың айырмашылығы неде?
– Екі бағыт та сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталғанымен, жүргізілу тәртібі мен қамтитын мәселелері бойынша ерекшеленеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг белгілі бір саладағы жалпы ахуалды зерделеп, сыбайлас жемқорлыққа ықпал етуі мүмкін мәселелерді анықтауға бағытталады.
Ал сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау нақты мемлекеттік органның немесе ұйымның қызметіндегі тәуекелдерді терең зерттеуді көздейді. Оның барысында ішкі процестер, функцияларды орындау тәртібі, шешім қабылдау рәсімдері мен нормативтік құқықтық актілер қарастырылады.
Яғни мониторинг белгілі бір проблеманы анықтауға мүмкіндік берсе, сыртқы талдау оның себептерін жан-жақты зерделеп, тәуекелдерді жоюға бағытталған нақты ұсынымдар әзірлеуге мүмкіндік береді.
– Қызылорда облысы бойынша Департамент тарапынан 2026 жылы қанша сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізілді және олардың нәтижелері қандай?
– 2026 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Департамент бекітілген жоспарға сәйкес 10 сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізді. Оның ішінде 9-ы кешенді, 1-еуі тақырыптық мониторинг.
Жүргізілген мониторингтер нәтижесінде мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен жүйелі кемшіліктер анықталып, оларды жоюға бағытталған 107 ұсыным енгізілді. Сонымен қатар, анықталған проблемалық мәселелер мен оларды шешу тәжірибесін көрсететін 46 кейс қалыптастырылды.
Бұл ретте ұсынымдардың орындалу барысына да назар аударылады. Себебі мониторингтің тиімділігі анықталған мәселелердің санымен емес, олардың қаншалықты шешілгенімен өлшенеді. Біздің басты мақсатымыз – анықталған кемшіліктердің қайталануына жол бермеу және жүйелі өзгерістерге қол жеткізу.
– Сұхбат соңында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингтің қоғам үшін маңызына тоқталсаңыз.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингтің басты нәтижесі – мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттыру, азаматтардың құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу.
Әрбір мемлекеттік орган өз қызметінде ашықтықты қамтамасыз етіп, қабылданатын шешімдердің заңдылығы мен негізділігіне жауапкершілікпен қарауы тиіс.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг осы бағыттағы жүйелі жұмыстың маңызды тетігі болып қала береді.