Конституцияның қоғамдағы рөлі мемлекеттік басқару мен құқықтық қатынастарды реттеумен ғана шектелмейді. Оның мазмұнында жас ұрпақтың болашағына, азаматтық қоғамның қалыптасуына және ұлттық құндылықтардың сақталуына тікелей қатысты маңызды қағидаттар көрініс табады.
Бүгінгі жас буын – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын азаматтар. Сондықтан олардың құқықтық сауаттылығы, азаматтық ұстанымы, отаншылдық сезімі мен қоғам алдындағы жауапкершілігі мемлекет дамуы үшін айрықша маңызға ие. Жастар Конституцияның мәні мен мазмұнын терең түсінгенде ғана өз құқықтарын дұрыс пайдаланып, міндеттерін саналы түрде орындай алатын белсенді азамат болып қалыптасады.
Бұл ретте білім беру ұйымдарының, отбасының және қоғамдық институттардың атқаратын рөлі зор. Конституциялық құндылықтарды жас ұрпақтың санасына сіңіру тек теориялық түсіндірумен шектелмеуі керек. Оны күнделікті өмірдегі нақты мысалдармен, пікірталастармен, танымдық кездесулермен және құқықтық ағарту шараларымен ұштастыру қажет.
Сонымен бірге, өскелең ұрпаққа заңға бағыну ғана емес, заңды құрметтеу мәдениетін үйрету маңызды. Өз құқығын білетін, өзгенің бостандығына құрметпен қарайтын, қоғамдық тәртіпті сақтайтын азаматтар қалыптасқан жағдайда қоғамның құқықтық мәдениеті де жоғарылайды.
Меніңше, Конституцияны насихаттау – бір реттік науқан емес, үздіксіз жүргізілуі тиіс маңызды қоғамдық жұмыс. Әрбір жас азамат еліміздің негізгі заңын танып, оның қоғам өміріндегі орнын түсінуі қажет. Себебі құқықтық сауатты ұрпақ – әділетті, жауапты және өркендеген мемлекеттің кепілі.
Ахметова Дана