Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында көлік-логистика саласын дамытуға, транзиттік әлеуетті арттыруға және жол инфрақұрылымын жаңғыртуға қатысты тапсырмасына орай, Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында бірқатар әлеуметтік, жол-көлік және энергетикалық нысандарды аралады.

Сапар аясында Өскемен қаласындағы Сәтбаев даңғылы мен Жібек жолы көшесінің қиылысында салынып жатқан жол айырығының құрылыс барысымен танысты. Жоба толық жүзеге асқанда нысанның өткізу қабілеті тәулігіне 85 мыңнан 200 мыңнан астам көлікке дейін артады. Жауапты тұлғаларға құрылыс сапасы мен мерзімін сақтау жөнінде тапсырмалар берілді.

Сонымен қатар Тереңсай асуын айналып өтетін автомобиль жолы мен Пихтовка өзені арқылы өтетін көпір пайдалануға берілді. Жаңа нысандар көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттырып, елді мекендер арасындағы қатынасты жақсартуға мүмкіндік береді.  Нұрлыбек Нәлібаев аталған өңір тұрғындарын құттықтап, бұның бәрі Президенттің халыққа жолдаған Жолдауы аясында жүзеге асып жатқан жұмыс екенін жеткізді.

– Бұл – өңір үшін ғана емес, еліміздің көлік инфрақұрылымын дамыту жолындағы да маңызды оқиға. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Үкімет алдағы уақытта да еліміздің көлік инфрақұрылымын жаңғырту және өңірлердің транзиттік мүмкіндіктерін кеңейту жұмыстарын жалғастырады. Бүгінгі жаңа жол Шығыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, өңірдің туристік және инвестициялық әлеуетін арттыра түссін! Баршаңызды осы айтулы оқиғамен шын жүректен құттықтаймын! — деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Бұдан бөлек Премьер-министрдің бірінші орынбасары Өскемен су электр станциясы мен жылу электр орталығында болды. СЭС-тегі төртінші гидроагрегатты жаңғырту жұмыстарының барысын қарап, энергетикалық жабдықтардың сенімді әрі тиімді жұмысын қамтамасыз ету бойынша жауапты басшыларға тапсырмалар жүктеді.

Аталған жобалар өңірдің көлік қатынасын жақсартуға, медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға және энергетикалық жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

А.Әлиарыстан

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған