Қазақстанның өңірлік авиация саласын дамыту, әуе қатынасының қолжетімділігін арттыру және транзиттік әлеуетін тиімді пайдалану бағытында жұмыстар жалғасуда. Осы мәселелер Петропавл қаласының әуежайын дамытуға арналған кеңесте жан-жақты қаралды. Жиынды Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев өткізді.
Басқосуға Солтүстік Қазақстан облысының әкімі, Көлік және Энергетика министрліктері басшыларының орынбасарлары, сондай-ақ «Қызылжар халықаралық әуежайы» ЖШС басшысы қатысты.
Жиында Мемлекет басшысының авиация саласын дамыту, заманауи әуе хабтарын қалыптастыру және Қазақстанның халықаралық көлік дәліздеріндегі орнын нығайту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы сөз болды. Атап айтқанда, Петропавл әуежайының техникалық мүмкіндіктерін арттыру, әуе бағыттарының санын көбейту, жолаушылар мен жүк тасымалы көлемін ұлғайту мәселелеріне басымдық берілді.
Әуежай жұмысының соңғы жылдардағы көрсеткіштері де назар аударуға тұрарлық. Мәселен, 2025 жылы әуе айлағы 132,5 мың жолаушыға қызмет көрсеткен. Бұл – 2021 жылғы көрсеткіштен 6,5 есе жоғары. Бұған қоса, жанармай құю кешенінің жұмысы қайта жанданып, түнгі уақытта әуе рейстерін орындауға кедергі болған шектеулер жойылған.
Кеңесте тек Петропавл әуежайы ғана емес, жолаушылар ағыны төмен өңірлік әуе айлақтарының әлеуетін арттыру мәселесі де көтерілді. Олардың тұрақты қызметін қамтамасыз ету, техникалық базасын жаңарту, жаңа бағыттарды игеру және шалғай елді мекендердің көлік қатынасын жақсарту қажеттігі атап өтілді.
Жиын соңында Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдарға белгіленген жобаларды сапалы әрі уақытылы жүзеге асыру, әуежайлардың жұмыс тиімділігін арттыру және еліміздің транзиттік-көлік мүмкіндіктерін толық пайдалану бағытында нақты тапсырмалар жүктеді.