Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты халыққа Жолдауында айтылған негізгі тапсырмалар бойынша жұмыстар басталып кетті. Осы негізде Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында стратегиялық жоспарларды тиімді орындау әдістерін талқыға салды. Оның пікірінше, ең алдымен  Үкімет пен әкімдіктер қолда бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалана білу қажет.

– «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев “Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері” атты халыққа Жолдауында Әділетті, Күшті, Таза, Озық Қазақстанды құруды басты мақсат ретінде айқындады. Оған қол жеткізу үшін еліміздің мол әлеуеті мен қазіргі заманауи инновациялық жағдайларда беріліп отырған орасан зор мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдалануымыз қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен жиынға Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық байланыс арқылы қатысты.

Үкімет отырысынан кейін өткен кеңесте Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттерді өңірде жүзеге асыру мәселелері қаралды. Облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлы жауапты басқармалар мен қала, аудан әкімдеріне жұмыстың негізгі бағыттары бойынша тапсырмалар жүктеді.

Мұрат Ергешбаев Жолдауда белгіленген мақсаттарға қол жеткізу үшін мемлекеттік органдар қызметінің нәтижелілігін арттыру қажеттігін атап өтті. Әрбір салада жоспарланған жұмыстар нақты көрсеткіштермен өлшеніп, қабылданған шешімдер тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталуы тиіс екенін жеткізді.

– «Президентіміздің Жолдауы – еліміздің алдағы даму бағыттарын айқындайтын маңызды құжат. Ендігі міндет – белгіленген басымдықтарды жүйелі жүзеге асырып, нақты нәтижеге қол жеткізу. Әрбір басқарма басшысы, қала және аудан әкімдері өзіне жүктелген міндеттерге жауапкершілікпен қарауы тиіс.

Жұмысымыздың басты өлшемі – халықтың сенімі мен өңірдің тұрақты дамуы. Сондықтан барлық бағыт бойынша күш біріктіріп, тапсырмаларды сапалы әрі уақытылы орындау қажет», – деді Мұрат Ергешбаев.

Жиында бір емес бірнеше салаға қатысты мәселелер көтеріліп, облыс дамуы үшін аталған бағыттар бойынша тиянақты тапсырмалар берілді және жоспар да бекітілді. Мысалы, алда экономиканы дамыту мәселесінде инвестициялық белсенділікті арттыру, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және өндіріс орындарының жұмысын кеңейтуге басымдық берілмек. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласының мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, жаңа жобаларды жүзеге асыру және отандық өнім өндірісін көбейту міндеті қойылды.

Өңірдегі әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымға қатысты қажеттіліктер де қайта зерделенбек. Осы мақсатта мектептер, денсаулық сақтау ұйымдары, мәдениет және спорт нысандары бойынша сұраныс пен қажеттілікке талдау жүргізіледі. Ал коммуналдық қызметтердің сапасын жақсарту, жол қатынасын оңтайландыру және қолға алынған құрылыс жобаларын белгіленген мерзімде аяқтау жұмыстары тұрақты бақылауда болмақ. Сәйкесінше, бөлінген қаражаттың тиесілі әрі тиімді жұмсалуына да ерекше назар аударылмақ.

Облыс әкімінің сөзінше, әлеуметтік саланың дамуы да негізгі басымдықтардың қатарында. Осы орайда, ол білім беру және медицина ұйымдарындағы қызмет сапасын көтеру, білікті мамандар тапшылығын төмендету, білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жаңарту мәселелері бойынша тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Әсіресе балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және білім беру ұйымдарындағы жағдайды жақсарту жұмыстары назардан тыс қалмауы тиіс екенін де атап өтті.

Одан бөлек, қаржының игерілуіне кедергі келтіретін мәселелерді уақытында анықтап, оларды шешу қажеттігі айтылды. Мемлекеттік сатып алу үдерістерінің ашықтығы, мердігерлер орындаған жұмыстардың сапасы және бюджеттен бөлінген қаражаттың нақты нәтижесі жүйелі түрде тексеріліп отырады.

Мұрат Ергешбаев басқосуда халықпен тұрақты байланыс орнату мәселесіне де баса мән берді. Облыс әкімі басқарма басшыларына, қала және аудан әкімдеріне тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын назардан тыс қалдырмай, оларды белгіленген мерзімде қарауды тапсырды. Сонымен бірге елді мекендердегі өзекті мәселелерді дер кезінде анық­тап, шешімін таппаған түйткілдердің өзгеріссіз қалуына жол бермеу қажеттігін ескертті.

Жалпы, Жолдауды қолдау аясында өткізілген жиында белгіленген міндеттер өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға және мемлекеттік басқару сапасын жақсартуға бағытталды. Ендігі кезекте жауапты мекемелерге жүктелген тапсырмалардың орындалу барысы мен нәтижесі бақылауда болмақ.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған