Осы жылғы 29 қарашада еліміз бойынша барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді. Қазіргі уақытта әр өңірде сайлауалды науқан басталып, саяси партиялар мен кандидаттар өз бағдарламаларын таныстырып, халықпен кездесулер өткізуге кірісті. Бір депутаттық мандатқа орта есеппен үш үміткерден келетін бұл науқанның ерекшелігі қандай? Кандидаттарға үгіт-насихат жұмыстары үшін қанша қаражат қарастырылған және олар өңірдің дамуына қатысты қандай бағдарламалар ұсынып отыр? Осы сайлаудың осыған дейінгі сайлаулардан айырмашылығы қандай деген сауалдарға жауап іздедік.

Алдымен бұл кезекті емес, мерзімінен бұрын тағайындалған сайлау екенін айта өтейік. Себебі 12 қазанда Президент барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жарлыққа қол қойды. Осыдан кейін Орталық сайлау комиссиясы жаңа сайлауды 29 қарашаға белгіледі.

Алдыңғы сайлауда облыстық мәслихат депутаттары аралас жүйемен сайланды. Депутаттардың 50 пайызы партиялық тізіммен, қалған 50 пайызы бірмандатты округтерден өтті. Биылғы жылғы сайлауда да осы тәртіп сақталып отыр. Бірмандатты округтерде партиялармен қатар өзін-өзі ұсынған үміткерлер де бақ сынай алады.

Бір мандатқа үш үміткер

Қызылорда облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, кандидаттарды тіркеу 1 қараша күні сағат 18:00-де аяқталған. Нәтижесінде облыстық мәслихатқа бір мандаттық 16 сайлау округі бойынша 48 кандидат тіркелді, оның ішінде “Республикадан” 1, “Ауылдан” 1, “Әділеттен” әр округке бір-бір кандидаттан бар. Ал партиялық тізім бойынша әр сайлау округіне “Әділеттен” бір кандидаттан, “Ақ жол” Қазақстанның Демократиялық партиясынан 3, “Ауыл” халықтық демократиялық патриоттық партиясынан 3 кандидат тіркелген. Ал Қызылорда қалалық мәслихатына бір мандаттық 23 сайлау округі бойынша 69 үміткер, оның ішінде “Әділет” партиясынан 23, “Республика”, “Ауыл”, “Ақ жол” партияларынан бір-бірден үміткер бар, қалғандары өз-өзін ұсынғандар. Аудандық мәслихаттарға  97 округ бойынша 292 кандидат тіркелген.

Осылайша, бірмандатты сайлау округтерінде әрбір депутаттық орынға үш үміткерден таласады.

Сонымен қатар «Әділет», «Ақ жол» және «Ауыл» партиялары партиялық тізімдерін ұсынып, тіркеуден өтті. Бұл саяси күштердің алдағы бес жылда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өз ұстанымдары мен басымдықтарын ұсынуына мүмкіндік береді.

Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының дерегіне сәйкес, бірмандатты округтер бойынша тіркелген кандидаттардың 314-і ер азамат, 95-і әйел. Партиялық тізімдерде де әйелдер мен жастардың өкілдігі ескерілген.

Үміткерлер қай саладан?

Қызылорда облыстық және қалалық мәслихаттарға тіркелген кандидаттардың жұмыс орны мен лауазымына назар аудар­сақ, олардың арасында кәсіпкерлер, өндіріс және құрылыс компанияларының басшы­лары, мемлекеттік мекемелердің жетек­шілері, білім, мәдениет және денсаулық сақтау саласының өкілдері жиі кездеседі.

Атап айтқанда, облыстық мәслихат­қа үміткерлер қатарында шаруа қожалықта­рының төрағалары, жеке кәсіпкерлер, жауап­кершілігі шектеулі серіктестіктердің дирек­торлары, аудандық бөлімдердің басшы­лары, жоғары оқу орны мен колледж ректор­лары, мәдениет мекемелерінің жетекшілері бар.

Бұл ретте әлеуметтік сала өкілдерінің де белсенділігі байқалады. Мәселен, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт ұйымдарының басшылары депутаттыққа кандидат ретінде тіркелген.

Сондай-ақ биылғы сайлауда бұрын депу­таттық тәжірибесі бар азаматтар да қайта бақ сынап отыр. Жұмашев Мейрамбек, Тілеп Ібайдулла, Жорабек Нұрымбетов, Ниязов Мұхтар, Мақсұт Нәлібаев, Балжан Шәменова, Нұриддин Амитов, Қайрат Боранбаев, Бауыржан Сандыбаев және Қанағат Сақтағановтар биылғы сайлауға қайта кандидат ретінде қатысып бақ сынауда.

Сайлау науқанына бюджеттен қанша қаражат бөлінді?

Сайлауалды науқанның маңызды мәсе­лелерінің бірі үгіт-насихат жұмыстарына қарастырылған қаржы болып табылады. Орталық сайлау комиссиясының шешіміне сәйкес республикалық бюджет есебінен облыстық мәслихат депутаттығына кан­ди­даттардың сайлауалды үгіт жүргізу шығындарын өтеуге әрқайсысына 700 мың теңгеге дейін қаражат белгіленген.

Оның ішінде теледидар мен радио арқылы сайлауалды бағдарламасын таныс­тыруға және мерзімді баспасөзде немесе интернет-басылымдарда екі мақала жария­лауға 410 мың теңге, көпшілік алдында сайлауалды іс-шараларын өткізуге және үгіт материалдарын әзірлеуге 180 мың теңге, көлік шығындарына 110 мың теңге қарасты­рылған.

Ал қалалық мәслихат депутаттығына кандидаттарға 650 мың теңге, аудандық мәслихат депутаттығына үміткерлерге 500 мың теңге көлемінде шығындарды өтеу көзделген.

Облыстық мәслихаттың бірмандатты ок­руг­теріндегі 48 кандидатқа белгіленген қар­жы­ның  көлемі 33,6 миллион теңгені құ­рай­ды. Бұл – әр кандидатқа белгіленген шығын­дарды өтеу мөлшерінің жиынтық есебі.

Сайлауалды бағдарламалар нақты нәтижеге бағытталуы тиіс

Жалпы мәслихат депутаттарын сай­лау арқылы сол өңірдің әлеуметтік-эконо­микалық дамуына қатысты шешімдер қабыл­дауға қатысатын тұлғаны анықтайды.

Сондықтан кандидаттардың сайлауал­ды бағдарламаларында халықты толған­дырған мәселелердің қаншалықты қам­тыл­ғаны ерекше назар аударуды қажет етеді. Әсіресе, ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымы, ауызсу мен жол мәселесі, жұмыссыздықты азайту, жаңа өндіріс орындарын ашу, тұрғын үймен қамту, білім беру мен денсаулық сақтау сапасын жақсарту секілді бағыттар өңір тұрғындары үшін өзекті болып қала береді.

Сайлауалды кездесулерде айтылған ұсыныстар мен берілген уәделердің бар­лығы кейін нақты нәтижемен бағалануы тиіс. Өйткені мәслихат депутатының мін­деті тек сайлау кезінде халықпен кездесіп, бағдарлама таныстырумен шектелмейді. Ол сайлаушылардың мүддесін билікке жеткізіп, өңірдегі өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал етуі керек.

Алдағы 29 қарашада тұрғындар өз таңдауларын жасап, өңірдің өкілді органы­ның жаңа құрамын айқындайды. Бұл науқанның басты нәтижесі кандидаттардың саны немесе сайлауалды уәделердің көптігімен емес, халық сеніміне ие болған азаматтардың сайлаудан кейінгі нақты жұмыс жүйелерімен бағаланады.

Мойындау керек, осыған дейін саны көп депутаттың арасында шән мәнінде ха­лыққа жанашырлық танытып, олардың толғандырған сауалдарын ортаға салып, соның шешімін табудан тыс, аймақтың әлеу­меттік-экономикалық дамуына тікелей ықпал еткен халық қалаулылары көп емес. Бүгін­де халық бос уәделі сөз бен толымды тірліктің де аражігін ажырата біледі.  Бас­тысы, облыс үшін шын болысары, әр бас­тамасы берекеге толы депутаттар сай­ланса игі. Халықтың қалауы да тілегі де сол.

Айдана Әлиарыстан

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған