Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында автомобиль жолдарын дамытуға, көлік-логистика әлеуетін арттыруға және жол сапасына ерекше назар аударылды. Осы орайда автомобиль жолдарын жаңғыртуға қажетті қаржыландыру көздеріне қатысты алғышарты да жасалып үлгерді. Астанада «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы мен үш ірі отандық банк арасында өзара келісім бекітілді. Мақсат – Президент Жолдауына сәйкес жол саласын қаржыландыру және инфрақұрылымдық жобаларға екінші деңгейлі банктерді тарту.

Жиын барысында Halyk Bank, Банк ЦентрКредит және Еуразиялық банк тарапынан құжатқа қол қойылды. Келісімнің қаржылық көлемі 700 миллион АҚШ долларына дейін жетеді. Бұл қаражат ұлттық компанияның Қазақстанның Даму Банкі алдындағы бұрын қалыптасқан берешегін қайта қаржыландыруға бағытталады.

Айта кету керек, бұған дейін «ҚазАвтоЖол» республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу және жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін Қазақстанның Даму Банкінен қаржы тартқан. Енді осы міндеттемелерді коммерциялық банктердің қатысуымен қайта қаржыландыру көзделіп отыр.

Премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің мәлімдеуінше:

– Бұл жерде сөз жол құрылысына жаңа қарыз алу туралы емес, коммерциялық банктердің қаражаты есебінен ҚДБ алдындағы қолданыстағы міндеттемелерді қайта қаржыландыру туралы болып отырғаны аса маңызды. Бұл банк секторының инфрақұры­лым­­ды қаржыландыруға қатысуын артты­рып қана қоймай, даму институ­тының ресурстарын жаңа жобаларды іске асыруға бағыттауға мүмкіндік береді.

Әлбетте,коммерциялық банктердің жол құрылысы мен инфрақұрылымдық бастамаларды қаржыландыруға қатысуы ел ішіндегі инвестициялық әлеуетті тиімді пайдалануға жол ашпақ. Бұл тәсіл ірі стра­тегиялық жобаларды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік бюджетке түсетін қаржылық салмақты азайтып, өзге де әдіспен қаржы көздерінің үлесін арттыруға мүмкіндік береді.

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған