Қызылордада спорт саласын дамытуға және заманауи инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Соңғы жылдары пайдалануға берілген жаңа нысандар бұқаралық спортты дамытуға, жас спортшылардың шеберлігін шыңдауға және өңірде жоғары деңгейдегі жарыстар өткізуге мүмкіндік ашты. Осы бағыттағы ауқымды жобалардың бірі – құрылысы аяқталуға жақын қалған «Қызылорда Арена» көпфункционалды спорт кешені.
Бүгінде қалада заманауи үстел теннисі орталығы, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған инклюзивті спорт орталығы және «Қайсар Арена» стадионы жұмыс істейді. Сонымен қатар болашақ футболшыларды даярлауға бағытталған «Қайсар Академиясының» құрылысы жүргізілуде. Жаңа нысандардың қатарға қосылуы спортпен айналысуға қолайлы жағдай қалыптастырып қана қоймай, жергілікті спортшылардың кәсіби деңгейін көтеруге де негіз болады.
«Қызылорда Арена» кешені осы инфрақұрылымдық дамудың маңызды жалғасына айналмақ. Тоғыз дербес блоктан тұратын нысан халықаралық талаптарға сәйкес жобаланған. Оның мүмкіндіктері әлем және Азия чемпионаттары секілді ірі жарыстарды ұйымдастыруға, сондай-ақ отандық спортшылардың оқу-жаттығу жиындарын өткізуге бағытталған.
Кешеннің басты ерекшеліктерінің бірі – ұзындығы 50 метрлік жүзу бассейні. Бұл нысан кәсіби жүзушілердің дайындығын жетілдіруге және ұлттық құрама командаларының жаттығу процесін ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек шамамен 2 500 көрерменге арналған спорт залы қарастырылған. Мұнда футзал, баскетбол және волейбол бойынша түрлі деңгейдегі жарыстар өткізуге жағдай жасалады. Бұл өңірде командалық спорт түрлерін дамытуға және жанкүйерлер үшін қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді.
Кешеннің қызметі тек спорттық іс-шаралармен шектелмейді. Мұнда 150 орындық заманауи конференция залы қарастырылған. Ол форумдар, семинарлар, кездесулер және басқа да қоғамдық-мәдени шараларды өткізуге пайдаланылады.
Жалпы «Қызылорда Арена» өңірдің спорттық әлеуетін кеңейтіп, түрлі жарыстар мен бұқаралық іс-шараларды бір алаңда ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Мұндай инфрақұрылымның дамуы жас спортшылардың кәсіби өсуіне жағдай жасап, тұрғындардың салауатты өмір салтына деген қызығушылығын арттыруға да қызмет етеді.
Жаңа кешеннің іске қосылуы Сыр өңірінің спорт саласындағы мүмкіндіктерін кеңейтіп, Қызылорданың республикалық және халықаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталықтарының бірі ретінде қалыптасуына жол ашпақ.