Құрылысы қарқынды дамып, экономикалық әлеуеті артып жатқан заманауи шаһардың бірі – Қызылорда қаласы. Соңғы жылдары қала келбеті әдеттегіден де жаңарып, заманауи үлгіде әлеуметтік нысандар бой көтеріп, бірнеше қабатты тұрғын үйлер тұрғызылуда. Сәйкесінше инфрақұрылым да дамуда. Қала көшелері абаттандырылып, саябақтар мен демалыс орындары көбейіп келеді. Біршама ескі ғимараттар жаңаланып, халықтың сұранысына сәйкес соңғы үлгідегі қоғамдық орталықтар да бой көтерді. Тұрғындар ғана емес, қала қонақтары да таңданыспен қарайтын келбетті мекенге айналды.
Облыс орталығының тек сырт келбеті ғана емес, ішкі ахуалы да тұрақталып келеді. Экономикалық өсім де оң бағытта. Салалық жылжулар да жоғары деңгейде. Кіші және орта бизнестің дамуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік беруде. Қала орталығы ғана емес, қалаға қарасты ауылдық округтер мен кенттер де көркейіп, ондағы өзекті мәселелер ретімен шешім де табуда.
Әлбетте, қуантарлық көрсеткіштің артында тынымсыз еңбек пен жүйелі жоспар жатыр. Соны жүзеге асыратын қала әкімі мен оның командасының ықпалы деуге негіз бар. Қала басшысы Нұржан Ахатов әкім болғалы оның бастамасымен орындалып, нәтижесін көрсетіп жатқан ауқымды жобалардың қатары да аз емес. Қаладағы қарқынды жақсылықты көре алатын көзі бар жанға небір зәулім ғимараттар, әлеуметтік нысандар, еңсесі биік тұрғын үйлер жетістіктерді жеткізіп тұрғандай. Бастысы, жергілікті жұртшылықтың тұрмысына қолайлы, тіршілігіне ыңғайлы мекен болуында. Ол үшін қай бағытта да кемшілік болмауы тиіс. Бұл облыс орталығының дамуын ілгерілету үшін тынымсыз еңбек етіп жүрген қала әкімі Ахатовтың ақ армандарының бірі делік… Оның қаланы қайтсем де қарқын алған, әлеуеті артқан, халқының халі жетілген, бүгіні берекелі, келешегі келісті мекенге айналдырсам деген мақсаты бар. Бұл ретте қалалық мәслихат депутаттарына жақында берген есебінде өзі былай дейді…
– Бүгінде Қызылорда қаласының нағыз құрылыс кластеріне айналғаны баршаға аян. Сүйікті шаһарымыздың ажарын ашқан зәулім, заманауи ғимараттар бой көтеріп, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар сәтті іске асуда. Ел игілігіне арналған инвестиция көлемі еселеп артып, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес салаларында тың серпіліс қалыптасты.
Мұның барлығы – мемлекет тарапынан көрсетілген жүйелі қолдаудың, елдегі саяси реформалардың оң нәтижесінің және әрбір Сыр тұрғынының туған өңірді өркендетуге қосқан ортақ үлесінің жемісі.
Ең басты міндетіміз – әрбір тұрғынның, отбасының өз шаңырағында қауіпсіз, жайлы әрі бақытты өмір сүруіне шынайы жағдай жасау.
Сол мақсатта барлық шаралар қарастырылады, мүмкіндігімізді кеңейтуге күш саламыз. Жасампаз жұмыс үздіксіз жалғасуға тиіс.
Осы межеленген мақсаттарға тек сындарлы серіктестік, бірлескен қажырлы еңбек және ел алдындағы ортақ жауапкершілік арқылы ғана қол жеткізе алатынымыз айқын.
Олай болса, қала басшысының бастамаларына тоқталайық. Жыл басынан бүгінге дейінгі қаланың тыныс-тіршілігіне көз жүгіртіп, әлеуметтік- экономикалық қарқынын сарапталық. Сандарды сөйлетелік…
Әлбетте, жасалып жатқан жұмыстар легі мен алдағы жоспарлардың жүзеге асуы тікелей қаржыға келіп тіреледі. Сөз басын қала әкімінің қаржылық мүмкіндікті арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстарынан бастаған жөн болар.
Қала бюджеті қуантарлық…
Айта кету керек, өткен жылы қаланың бюджеті 73 млрд. 100 млн. теңге көлемінде бекітіліп, жыл соңына дейін 154 млрд. 200 млн. теңгеге жеткен болатын. Бюджет көлемінің осындай деңгейге көтерілуі қаланың даму бағыттарын кеңейтіп, бірқатар маңызды мәселелерді шешуге мүмкіндік берді. Жыл басынан бүгінге дейін де аталған көрсеткіш артпаса, кеміген емес. Яғни биылғы жылдың басында қала қазынасына тиесілі қаржы көлемі 94 млрд. 200 млн. теңге болып бекітіліп, облыстық бюджеттен бөлінген трансферттерді ескергенде қыркүйек айына дейін 230 млрд. теңгеге жетіп отыр. Бұл қаражат қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды жобаларды жүзеге асыруға бағытталуда.
Инвестиция – жаңа жобалар…
Қала экономикасының тұрақты дамуына республикалық бюджеттен тыс бөлінетін инвестицияның қосар үлесі мол. Жаңа қаржы көздерінің тартылуы өндірісті кеңейтіп, құрылыс пен басқа да салалардың дамуына мүмкіндік береді. Қала әкімінің баяндауынша, осы жылдың қыркүйек айына дейінгі көрсеткішті қаперге алсақ, инвестиция көлемі 244 млрд. 385 млн. теңгені құраған. Оның ішінде жеке инвестиция көлемі 180 млрд. 224,1 млн. теңгеге тиесілі.
Сондай ақ, қаланың құрылыс саласында орындалған жұмыстардың көлемі 113 млрд. 570 млн теңгеге жеткен. Ал пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы 364 601 шаршы метрді құрады. Одан өзге ауыл шаруашылығы бойынша өндірілген өнім көлемі 7 млрд. 130 млн. теңге. Айта кету керек, саладағы өсім мұнымен шектелмейді.
Қаладағы экономикалық ахуалды бағалауда өндіріс пен сауда көлемінің көрсеткіштері маңызды орын алады. Биылғы көрсеткішке мән берсек, өнеркәсіп кәсіпорындарында 377 млрд. 296 млн. теңгенің өнімі өндірілген.
Қаланың сауда инфрақұрылымын жаңарту бағытындағы жұмыстар да кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Мәселен, жоспар аясында «Сұлтан» әмбебап базарының жаңғырту жұмыстары толық аяқталып, нысан бүгінде толығымен пайдалануға берілді. Оған 794 млн. теңге инвестиция бағытталған. Сонымен бірге, 2,8 млрд. теңгені құрайтын «Асбол» базарында, 710 млн. теңгенің «Сыбағада» және 1,5 млрд. теңгенің құнын құрайтын «Талғат» базарында құрылыс жалғасып жатыр. Бұл жұмыстар сауда орындарының жағдайын жақсартып, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Өйткені, тіршіліктің қайнаған ортасы базар болса, онда халық базарды қолайлы жағдайда аралауға тиіс.
Мұнай өндіру төмендегенімен өңдеу өнеркәсібі төмендемеді…
Қала экономикасы сөз болғанда алдымен мұнай-газ өнеркәсібі ойға оралады. Қазіргі таңда облыста өндірілетін өнімнің жартысына жуығы Қызылорда қаласының еншісіне тиесілі.
Мұнай саласының даму динамикасына тоқталсақ, 1990 жылы шикі мұнай өндіру көлемі 492,4 мың тоннаны құраса, 2007 жылға қарай бұл көрсеткіш 11 706,4 мың тоннаға жетті. Алайда кейінгі жылдары кен орындарындағы қорлардың сулануы мен біртіндеп сарқылуы өндіріс қарқынына әсер етті. Соның нәтижесінде 2010 жылғы 11 155,6 мың тоннадан мұнай өндіру көлемі 2025 жылы 2 385,3 мың тоннаға дейін қысқарды.
Мұнай секторындағы осындай өзгерістер қаланың өнеркәсіптік әлеуетіне де өз ықпалын тигізді. Атап айтқанда, 2013 жылдан бастап өндірістің жалпы көлемінде төмендеу үрдісі байқалып, 2025 жылдың қорытындысы бойынша салыстырмалы кезеңге шаққандағы көрсеткіш 87 пайызды құрады.
Дегенмен, мұнай өндірісіндегі кері көрсеткіш басқа бағыттардағы өсім арқылы өтеуге басымдық беріліп отыр. Осы мақсатта жылу энергетикасы мен өңдеу өнеркәсібінде жаңа жобалар іске қосылып, өндірістік қуаттарды ұлғайтуға баса мән берілуде. Нәтижесінде 2026 жылдың бірінші және екінші тоқсандарының қорытындысы бойынша қала өнеркәсібінің негізгі көрсеткіші 100 пайыздық деңгейге жетті. Әсіресе өңдеу секторында оң динамика қалыптасып, өсім 145,9 пайызды құрады.
Бұл бағыттағы жұмыстар жыл басынан бері де оң нәтижесін көрсетіп келеді. 8 айдың қорытындысымен қаланың өнеркәсіп кәсіпорындары 377,3 млрд теңгенің өнімін шығарды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі деңгейден 0,4 пайызға жоғары.
Осы көрсеткіштер мұнай өндіру көлемінің азаюына қарамастан, экономиканың өзге секторларын дамыту арқылы өнеркәсіптік базаны сақтап, жаңа өсім көздерін қалыптастыруға мүмкіндік бар екенін көрсетеді.
600 жаңа жұмыс орны ашылады…
Жақсы жаңалықтар мұнымен шектелмейді. Қаланың басшысы әлемдік компаниялармен бірлескен жобалардың жүзеге асуы қалаға жаңа технология мен өндірістік тәжірибенің келуіне жол ашып, экономиканың жаңа деңгейге көтерілуіне мүмкіндік беретінін алға тартуда. Осы бағыттағы маңызды қадамның бірі биыл мамыр айында жасалған болатын. Жалпы құны 104,1 млрд. теңгені құрайтын екі инвестициялық жобаның құрылысына тиесілі жұмыстар жүргізілуде. Оның бірі – испаниялық инвестор «Рока Қазақстан» ЖШС-нің санитарлық-техникалық жабдықтар өндіретін зауыты. Жобаның құны – 44,1 млрд. теңге.
Екінші жоба – «Seven Rivers Technologies» ЖШС-нің неміс технологияларын қолдана отырып шыны ыдыстар шығаратын зауыты. Оған 60 млрд. теңге инвестиция салынады. Қазіргі таңда екі нысан бойынша да құрылыс жұмыстары басталды.
Қуантарлығы, жобалар толық іске қосылған кезде қалада 600 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Қызылорда – қонақжай мекен…
Сондай – ақ, Қызылорданың туристік әлеуетін арттыру үшін заманауи қызмет көрсету нысандарын көбейтуге басымдық берілуде. Қаланың сәулеттік келбетін жаңартып, келушілерге қолайлы орта қалыптастыру да осы бағыттағы маңызды міндеттердің бірі. Құрылыс жұмыстары тек қала тұрғындары үшін ғана емес, сырттан келген қонақтар үшін де жүзеге асуда. Осы орайда, халықаралық деңгейдегі озық технологияларды тартуға қала әкімдігі тарапынан басымдық берілуде.
Қазір бұл салада бірнеше ауқымды жоба жүзеге асуда. Президент саябағы маңында бес жұлдызды және комфортты «Ibis» және «Rana» қонақ үйлерінің құрылысы жүріп жатыр. Жаңа нысандардың іске қосылуы қаладағы қонақжайлық қызметтердің сапасын арттырып, туристерге көрсетілетін сервисті жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік беретіні тағы бар. Себебі, Қызылорда – қонақжай мекен.
50 центнер өнім алынуда
Ауыл шаруашылығына тиесілі атқарылған жұмыстар әдеттегідей. Оның нәтижесін көретін мезгіл де жетті. Жалпы, биыл қолайсыз ауа райы мен аяқ су тапшылығына қарамастан, алқаптардағы Сыр несібесі де аз емес. Қала бойынша 7 859 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде күріштің үлесі 2 681 гектарды құрайды. Қазіргі таңда 694 гектар күріш орылып, бұл 25,9%-ға жетті. Сонымен бірге 475 гектар алқаптың өнімі бастырылып, әр гектардан орта есеппен 50 центнер өнім алынуда.
Сыр елінің символына айналған күріштің мол әрі қолайлы әдіспен өндірілуі үшін жаңа бастамаларға да қаржы бөлінбек. «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» күріш өнімділігін көтеру, ауыспалы егісті әртараптандыру және материалдық-техникалық базаны жаңарту мақсатында институтқа 4,1 млрд. теңге бөлетін болады. Бұл қаржы ғылыми орталықтың әлеуетін арттырып, күріш шаруашылығын дамытуға жаңа мүмкіндік береді деген үміт бар.
Жаңа тұрғын үйлер – халық игілігі
Жаңа жұмыс орындарының көбеюі мен еңбек табысының өсуі қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға әсер ететіні белгілі.
Халықтың тұрмыс сапасын арттырудың маңызды көрсеткіштерінің бірі – баспанамен қамту. Осы бағытта қалада тұрғын үйлердің құрылысын көбейтіп, баспанаға мұқтаж азаматтардың мәселесін шешуге бағытталған жұмыстар жалғасуда.
Биыл тұрғын үй құрылысы мен жеке салушылардан баспана сатып алуға бюджеттен 103 млрд. 618,6 млн. теңге қарастырылды. Бұл қаржы есебінен жалпы 4 919 пәтерді қамтитын 172 үй алу жоспарланған. Аталған тұрғын үйлердің жалпы ауданы 318,4 мың шаршы метрді құрайды.
Жоспарланған баспаналардың бір бөлігі ипотекалық бағытқа тиесілі. Атап айтқанда, 1 113 пәтері бар 17 көпқабатты үй қарастырылған. Қалған тұрғын үйлер әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды баспанамен қамтуға бағытталуда.
Қазіргі уақытта Президент саябағының маңында жаңа тұрғын үйлер салынып жатыр. Жобаның жалпы құны шамамен 22 млрд. теңгені құрайды. 8,2 гектар аумақта 15 көпқабатты үй және 945 пәтер салынуда. Құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын.
Сонымен қатар саябақтың қарсы жағындағы «Еңбек» саяжайының аумағында да жаңа үйлер бой көтеріп жатыр. Мұнда 9 қабатты 22 тұрғын үй салынып, барлығы 1 936 пәтер қарастырылған. Алдағы уақытта бұл аумақтар жаңа тұрғын аудандарға айналып, қала аумағының кеңеюіне мүмкіндік береді.
Қалада жаңа тұрғын аудандардың бой көтеруімен қатар, оларды қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету де маңызды. Сондықтан жаңадан салынып жатқан үйлерге су, электр, жылу және басқа да коммуникациялар тартылып жатыр.
Бұл жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізілуде. Атап айтқанда, Президент саябағы аумағындағы 15 көпқабатты тұрғын үйдің инженерлік коммуникацияларын жүргізуге 9 млрд. 957 млн теңге бөлінген. Бұл жаңа үйлердің тұрғындарға қолайлы әрі толыққанды жағдаймен берілуіне мүмкіндік береді.
Ауыл мен кент
Көркейту, көгалдандыру, өзгеріс енгізу мен жаңашылдық немесе ондағы тұрғындарға қолайлы жағдай жасау тек облыс орталығына ғана тиесілі бастамалар емес. Қалаға қарасты ауылдық округтер мен кенттер де жоспармен және қажеттіліктерге сәйкес жаңа өзгерістерге қол жеткізуде.
Қала әкімі облыс орталығының ғана емес, кент тұрғындарымен де тілдесіп, ондағы жұртшылықтың да жағдайын қаперге алуда. Нәтижесінде, қала орталығына ғана емес, шет аймақтарға да ерекше басымдық берілуде. Қуантарлық бір ақпарат, кенттер мен ауылдық округтердің 32 көшесінде жол жөндеу жұмыстары қызу жүруде.
Сонымен бірге Титов, Әл-Фараби, КБИ, Шанхай, Саяхат, Арай және Сабалақ, Эдельвейс саяжайларындағы 27,2 шақырым болатын 65 көшеге асфальт, 21,9 шақырым болатын 54 көшеге қиыршық тас төселмек. .
Сондай-ақ Гагарин, Титов, Қызылжарма және Әл-Фараби аудандарында су құбырлары желісінің құрылысы басталады.
Жақында ғана Торайғыров көшесінен «Қызылорда–Құмкөл» автожолына дейінгі Сағымбаев көшесінде қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып, ел игілігіне табысталды.
Тасбөгет кентіндегі Иманов, Бозғұл-1, Наурыз, Ш. Есенов көшелеріне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді.
Қаланың орталық бөлігіндегі желілер ауыстырылып Ақжарма ауылдық округіне қарасты Талдыарал елді мекеніне қосымша скважина орнатылуда.
Көлік инфрақұрылымы жаңаруда
Қызылорда қаласының көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі — Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін теміржол өткелінің құрылысы. Осы негізде екі жолақты теміржол өткелі, көпір, тіреу қабырғалары, жаяу жүргіншілер жолы және заманауи жол жабыны салынады. Жаңа жоба қаланың екі бөлігін байланыстырып, көлік қозғалысын жеңілдетуге және теміржол өткелдеріндегі кептеліс мәселесін азайтуға мүмкіндік береді.
Осындай мақсатта қала орталығында тағы бір көпірдің негізі қаланды. Сол жағалау мен қаланы байланыстыратын автокөпір арқылы көлік қозғалысы жеңілдеп, тұрғындардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік арта түседі. Иса Тоқтыбаев көшесінен Сырдария өзені арқылы өтетін автожол биылғы жылдың басты жоспарларының бірі болғаны белгілі.
Спорт пен денсаулық егіз ұғым…
Спортпен айналысамын дейтін қала тұрғындары үшін қолжетімді спорттық жаттығу алаңдары тұрғызылып келеді. Мәселен, балалар ойын алаңдары, шағын футбол алаңдары мен воркаут алаңдары салынуда. Ресми мәліметке зер салсақ, бүгінде 26 көпқабатты тұрғын үйдің ауласына құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сәтін салса, алдағы жоспарда осы құрылыс жұмыстары қалаға қарасты шет аймақтарда жүргізілмек.
Жақында Қазақстан Халқына қоғамдық қорының ықпал болуымен “Инклюзивті спорт орталығы” бой көтерді.
Сол жақ жағалауға тиесілі қуанышты тағы бір жаңалықты жаңа емханалардың бой көтеруімен байланыстыруға болады. 500 орындық емхана, Президент саябағы аумағында 200 орындық перинаталдық орталық салынуда. Қалаға қарасты Титов және Тасбөгетте 400 орындық емхананың құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Қалалықтар қуансын…
Қалаға қарасты қуанышты жаңалықтарды өзге де құрылыс нысандары толықтыра алады. Еліміз бойынша алғаш рет бой көтерген «Құзыреттілік» орталығындағылардың да мақсаты айқын. Одан өзге Президент саябағы мен Тәуелсіздік көшесінің бойын жалғайтын жаяу жүргіншілер көпірі де тұрғызылмақ. Президент саябағына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Тіпті, алғашқы астанада бүгінде Президенттік кітапхана мен жаңа драма театрдың іргетасы қаланды. Жақында «Қызылорда Арена» спорт кешені қолданысқа беріледі деп күтілуде. Осындай ғимараттарымен көрікті қала үшін тұрғындар әлі де қуануға негіз бар, себеп көп. Себебі, қала күні мерекесі де кең көлемде атап өтілуде.
Қаладағы “Эдельвейс” саяжайында “Балалар мен жасөспірімдер спорты мен белсенді демалысты дамытуға арналған көпфункционалды орталықтың” құрылыс жұмыстарын жүргізу де қала әкімінің басты назарында.
Тойлансын, қала күні!
Сыр елінің бас шаһарына деген сүйіспеншілік пен мақтанышты айшықтайтын ерекше мереке – қала күні. Жыл сайын бұл күн қала тарихына көз жүгіртіп, бүгінгі жетістіктерді бағалап, келешекке жаңа мақсаттар белгілеуге мүмкіндік болып табылады.
Айтулы мереке Қызылорда қаласының көлемінде ғана емес, республика кеңістігінде атап өтіледі. Биыл да солай. Қала әкімі Нұржан Ахатов тиісті сала басшыларына қала күнін тойлауды екі-үш күн қатарына үйреншікті шаралармен өткізумен емес, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше әсер мен жарқын эмоция сыйлайтындай жаңашыл бағытта мерекелік кештер ұйымдастыруды тапсырған болатын. Сондай-ақ, тек қала орталығында емес, қалаға қарасты ауылдық округтер мен кенттердің аумақтарында да концерттік бағдарламалар мен түрлі жобалар ұйымдастырылуда.
Ресми жоспар бойынша мерекелік бағдарлама қыркүйектің ортасынан басталып, қазан айына дейін жалғасуда. Бағдарламаға мәдени, спорттық, шығармашылық, отбасылық шаралар, өнер, жастар және ұлттық құндылықтарды қамтитын түрлі жобаларға ұласуда.
Сонымен бірге қала күні аясында поэзиялық дуэль, жастар кеші, кітап көрмелері, республикалық ақындар айтысы, жас суретшілер байқауы, вокалды-аспапты ансамбльдер фестивалі секілді мәдени шаралар өткізілуде. Бұған қоса спорттық жарыстар, интеллектуалдық сайыстар, отбасылық квиздер, тазалық акциялары және ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылуда.
Мерекелік бағдарлама ұлттық өнер мен салт-дәстүрді дәріптеуге де басымдық береді. Шығармашылық байқаулар мен театрландырылған қойылымдар қала күнінің мазмұнын байытып, Сыр өңірінің мәдени мұрасын кеңінен танытуға мүмкіндік беруде.
Қала әкімінің айтуынша, бұл – Қызылорданың тарихын ұлықтап қана қоймай, бүгінгі тыныс-тіршілігін, өнерін, спортын және тұрғындарының өз қаласына деген сүйіспеншілігін көрсетуге бағытталған мереке.
Айдана ӘЛИАРЫСТАН