Бүгін Сырдария ауданында мемлекет және қоғам қайраткері Елеу Көшербаевты еске алуға арналған волейболдан ХХVII халықаралық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай, генерал-майор, Ауған соғысының ардагері Әлімжан Ерниязов, ардагерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Елеу Көшербаевтың ұрпақтары мен спорт саласының өкілдері қатысты.

Турнирдің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары сөз сөйлеп, Елеу Көшербаевтың аймақтың әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық дамуына қосқан үлесіне тоқталды. Сонымен қатар облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының құттықтау хатын табыстады.

Жиында генерал-майор, Ауған соғысының ардагері Әлімжан Ерниязов сөз сөйлеп, жас ұрпаққа спортта биік белестерді бағындырып, ел абыройын асқақтатуға тілектестігін білдірді. Сондай-ақ Қызылорда облысының Құрметті азаматы Айтбай Көшербаев сөз алып, дәстүрлі турнирдің жыл сайын жоғары деңгейде ұйымдастырылып, мемлекет және қоғам қайраткерінің есімін ұлықтауға, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге үлес қосып келе жатқанын атап өтті.

Биылғы жарысқа 2012–2013 жылдары туған жасөспірім ұлдардан құралған 22 команда қатысуда. Халықаралық додаға еліміздің барлық өңірлерінен, Астана, Алматы, Шымкент және Байқоңыр қалаларынан, сондай-ақ Өзбекстан Республикасынан командалар келіп қатысуда. Жалпы, турнирге 400-ге жуық жас спортшы өзара бақ сынауда.

Е.Көшербаев Тереңөзек, Сырдария аудандық атқару комитеттерінің төрағасы, Қармақшы, Қазалы аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болған. Зейнетке шыққан соң да облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде игі істер атқарған.

Мемлекет және қоғам қайраткерінің есімін ұлықтауға арналған дәстүрлі турнир жас спортшылардың волейболға қызығушылығын арттырып, спорттық шеберлігін шыңдауға бағытталған. Жарыс барысында жас волейболшылар өзара сынға түсіп, үздік командалар мен ойыншылар анықталады.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған