«Отан – отбасынан басталады» дейді дана халқымыз. Ал «Отбасы – елдің тірегі, ана – отбасының жүрегі» деген сөз отбасы құндылығының қоғамдағы маңызын айқындай түседі. Себебі отбасы – адамға күш-қуат беріп, қиындықта сүйеу болатын, қуанышты бірге бөлісетін ең қымбат мекен.

Қызмет пен отбасы – өмірдің екі үлкен жауапкершілігі. Бірі – ел алдындағы міндет болса, екіншісі – отбасы алдындағы парыз. Осы қос міндетті қатар алып жүрген жандардың қатарында Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №68 мекемесінің режим және күзет бөлімінің қызметкерлері Кутыбаева Алия Әділқанқызы мен Жадырасын Бағдат Ғаниұлы бар.
Кутыбаева Алия Әділқанқызы – режим және күзет бөлімінің бақылаушысы, әділет қатарындағы қызметкер. Қызмет барысында өз ісіне ұқыпты, тиянақты әрі жауапкершілігі жоғары маман ретінде танылып келеді. Ал отбасы үшін Алия Әділқанқызы – бес бүлдіршіннің аяулы анасы, сүйікті жар, отбасының берекесін кіргізіп отырған жан.

Ана үшін әр күн – бала қамынан басталып, отбасының тыныс-тіршілігімен жалғасады. Балаларының тәрбиесі мен қамын ойлап, сонымен қатар қызметтік міндетін абыроймен атқару – үлкен төзімділік пен күш-жігерді талап етеді. Алия Әділқанқызы осы жауапкершіліктің барлығын қатар алып, отбасы мен қызметтің тепе-теңдігін сақтап келеді.

Ал Жадырасын Бағдат Ғаниұлы – режим және күзет бөлімінің аға бақылаушысы, әділет сержанты. Қызметте қырағылық пен тәртіпті басты орынға қоятын Бағдат Ғаниұлы үйінде үш ұлдың арқа сүйер әкесі, шаңырақтың берік қорғаны.

«Әке – асқар тау, ана – бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» дегендей, әкенің әрбір ісі – балаға өнеге. Үш ұлына қамқорлық танытып, ер азаматқа тән жауапкершілік пен адалдықты бойларына сіңіріп, олардың болашағына бағыт-бағдар беріп келеді.

Бірі – бес баланың анасы, бірі – үш ұлдың әкесі. Екеуін біріктіретін ортақ қасиет – қызметке адалдық пен отбасына деген жауапкершілік. Күнделікті қызметтің қарбаласына қарамастан, бала тәрбиесіне көңіл бөліп, отбасының берекесін сақтауға ұмтылу – үлкен еңбектің нәтижесі.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген халық даналығы ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлін айқын көрсетеді. Баланың бойындағы жақсы қасиеттер ең алдымен отбасындағы тәрбие мен ата-ананың өнегесінен қалыптасады.

Отбасы – тек бір шаңырақтың астында өмір сүру емес. Ол – бір-біріне сүйеу болу, қуанышты бірге бөлісу, қиындықта қолдау көрсету, сыйластық пен түсіністікті сақтау.

Әр күніміз бірге, әр сәтіміз бақытқа толы болсын! Әкелер отбасының қорғаны, аналар шаңырақтың шырағы, балалар ата-ананың қуанышы болып, әр үйде береке мен бірлік, мейірім мен махаббат салтанат құрсын

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған