Қызылорда бүгінде аумағы ғана емес құрылыс қарқыны, инженерлік инфрақұрылымы мен қоғамдық кеңістіктері қатар жаңарып жатқан сәулетті қала. Осындай қарқынды даму кезеңінде шаһардың келе­шектегі келбетін алдын ала жоспарлау, құрылыс талап­тарының сақталуын қамтамасыз ету және сәулеттік шешімдерді біріздендіру өз маңызын жойған емес.

Бұл туралы Қызылорда қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Д.Сырлыбаев брифинг барысында мәлімдеді.

Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің мәліметіне сәйкес 2026 жылдың алғашқы алты айында осы бағыттар бойынша бірқатар жұмыстар атқарылған. Брифингте айтылған мәліметтерге қарағанда есепті кезеңде негізгі назар жаңа бас жоспарды әзірлеуге, құрылыс нысандарына мониторинг жүргізуге, мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсетуге және қаланың сәулеттік келбетін жақсартуға бағытталыпты.

Бас жоспар – даму кепілі

Брифингте көтерілген ең маңызды мәселелердің бірі Қызылорда қаласының жаңа бас жоспарын қалыптастыруға баса мән берілді. Бұл ретте қолданыстағы бас жоспардың мүмкіндіктері мен қазіргі қаланың даму қарқыны сөз болды.Осы арқылы жаңа тұрғын аудандарды қалыптастырып, инженерлік желілер мен әлеуметтік инфрақұрылымға деген қажеттілікті арттыру мүмкіндіктері қозғалды.

Бөлім басшысының айтуынша қазіргі уақытта жаңа бас жоспар әзірленіп жатыр.Жобаны әзірлеуге 2024 жылы қалалық бюджеттен 300 млн. теңге бөлінген. Мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша жобалаушы ұйым ретінде Алматы қаласының «Казгипроград»1 Жобалау институты» ЖШС белгіленіп, 2024 жылғы 18 қыркүйекте келісімшарт жасалған.

Жаңа жоба бойынша қаланың аумағын 20 700 гектарға дейін ұлғайту қарастырылған. Атап айтқанда, «ПМК-66» немесе «Обводнитель» саяжай массивінің 172 гектар аумағын қала құрамына енгізу көзделіп отыр.Сонымен қатар «Эдельвейс», «Орбита», «Сабалак», «Ягодка», «Еңбек», «Обводнитель» саяжай массивтерінің жер санатын елді мекендер жерінің санатына ауыстыру мүмкіндігі қарастырылған.Бұл шешімдер болашақтағы тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылымдық жобаларды жоспарлауға тікелей әсер етеді деп күтілуде.

Негізінен жаңа бас жоспардың ерекшелігі – оны әзірлеу барысында бірқатар сараптамалық және қоғамдық рәсімдердің жүргізілуінде болып тұр. Жоба 2025 жылғы 24 желтоқсанда қоғамдық талқылауға жарияланған.

Соның негізінде 2026 жылғы 28 сәуірде Сырдария өзенінің су қорғау аймағын нақты өзен арнасына сәйкестендіру бойынша жоба бекітілген. Бұдан бөлек қала аумағындағы 12 су алу құрылысының санитарлық қорғау аймақтарының жобалары әзірленген.

Сол сияқты қала бойынша 20768 гектар аумақта топографиялық түсірілім жүргізіліп, 1 сәуірде «Мемқалақұ­рылыскадастры» РМК-ның келісімі алынған.Стратегиялық экологиялық бағалау рәсімдері де жүргізіліп, министрліктің тиісті келісімі келген.Ал 13 шілдеде Қызылорда қаласының жаңа бас жоспары бойынша қоғамдық тыңдау өткізіліпті.

Ендігі кезекте жобаны мемлекеттік сараптамаға ұсынып, жыл соңына дейін бекіту көзделіп отыр.Жоғарыда айтып өткеніміздей,  жобаның жалпы құны 300 млн. теңгені құрайды. Келісімшарт құны 299 млн. 733 мың теңгені құраса,  оның 260 млн. 141 мың теңгесі игерілген.

Құрылыс сапасына бақылау қатаң

Негізінен бөлім тарапынан 2026 жылдың алғашқы алты айында жеке және заңды тұлғаларға барлығы 12 017 қызмет көрсетілген. Оның ішінде тоғыз мемлекеттік қызмет бойынша 4 826 өтініш қаралған.

Атап айтқанда 772 сәулет-жоспарлау тапсырмасы беріліп, 648 эскиздік жоба келісілген. Сондай-ақ, 1270 мекенжай анықтамасы беріліп, 382 объектіні бұзуға қатысты қызмет көрсетілген. Бұған қоса жер учаскесіне құқық алу бойынша 1380, жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту бойынша 284, кент пен ауыл жерлерінен жер учаскесін беру бойынша 90 қызмет көрсетіліпті.Брифинг барысында бұл қызметтер бойынша мерзімдерді бұзу фактілері орын алмағаны да атап өтілді.

Жер қатынастары саласында тағы 1543 қызмет ел игілігіне ұсынылған. Оның ішінде қосымша жер алу бойынша 648, жерді жалға алу мерзімін ұзарту бойынша 226, жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобаларын келісу бойынша 574 өтініш қаралған.Бұл көрсеткіштердің әрбірі сәулет және қала құрылысы саласының тұрғындардың күнделікті мәселелерімен қаншалықты тығыз байланысты екенін аңғартады.

Жалпы қалада жаңа нысандардың бой көтеруі бірінші кезекте қарқынды дамудың негізгі өлшемін білдіреді. Алайда құрылыс жұмыстарының заң талаптарына сай жүргізілуі назардан тыс емес. Бұл тұрғыда 2026 жылдың алты айында қала аумағындағы құрылыс нысандарына мониторинг жүргізу барысында 99 нысан бойынша құжат Қызылорда облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасына жолданған.Нәтижесінде басқарма тарапынан 24 млн. 431 мың 576 теңге көлемінде айыппұл салынған.

Қазіргі таңда 2 нысан бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясынан құжаттар сұратылып, 6 нысан басқарма тарапынан қаралуда. Сол сияқты 54 нысан бойынша шара қолдануға негіз жоқ деп танылса, 37 нысан бойынша айыппұл салыныпты. Осы арқылы заң бұзушылықты анықтап қана қоймай, қала аумағындағы құрылыстың белгіленген талаптарға сай жүргізілуін қамтамасыз ету назарға алынып отыр.

Ауылдарға да жаңа жоспар қажет

Келесі кезекте қалаға қарасты Тасбөгет кенті, Қызылжарма ауылдық округі және Досан ауылының бас жоспарларын әзірлеу жұмыстары да назарға алынды.

Бұған дейін Үкіметтің 2019 жылғы қаулысымен Тасбөгет кенті мен Қызылжарма ауылдық округі Қызылорда қаласының бас жоспарынан шығарылған болатын.Осыған байланысты аталған елді мекендердің жеке бас жоспарларын әзірлеу қажеттілігі туындады. Бұл тұрғыда жобалау жұмыстарына «МПК-Проект» ЖШС демеушілік ретінде ұсыныс білдіріп, тиісті жұмыстар басталған.

Үш елді мекен бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізіліп, жобалар мемлекеттік сараптамаға ұсынылғанымен,  экологиялық бағалау бойынша бірқатар ескертулер берілген.Қазіргі уақытта жобалаушы мекеме министрлік берген ескертулерді қарастыруда дейді бөлім тарапынан.

Негізінен қаланың сәулеттік келбеті тек жаңа ғимараттардың салынуымен қалыптаспайды. Бұл тұрғыда көшелердің безендірілуі, ғимараттардың қасбеті, жарықтандыру, көше жиһазы, навигация, көгалдандыру және шағын сәулеттік нысандар да біртұтас орта қалыптастыруда маңызды рөл атқаратыны белгілі.Осы бағытта Қызылордада бірнеше эскиздік жоба әзірленген.

Олардың қатарында сауда объектілерін орналастыру, орталық көшелердегі аллеялар мен скверлерге шағын сәулеттік нысандар орнату көзделген. Сонымен қатар Әбілхайыр хан көшесін абаттандыру, Н.Назарбаев даңғылы бойындағы тұрғын үйлердің қасбеттерін әрлеу, А.Байтұрсынов көшесіндегі әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарды жарықтандыру жобалары бар.Сондай-ақ қала аумағында жаңа аллеялар орналастыру да көзделіп отыр.Бұл жобаларда жаяу жүргіншілерге арналған кеңістіктерді ұлғайту, балалар және спорт алаңдарын орналастыру, көгалдандыруды күшейту, жарықтандыру жүйесін жаңарту және көше жиһаздарын біріздендіру жұмыстары да қарастырылған.

Сол сияқты Қызылорданың алдағы дамуында урбанистика бағытына басымдық беру қажеттілігі де байқалады.Осы мақсатта қала бойынша 2 мың гектар аумақта ландшафттық шеберлік-жоспар әзірлеу, шағын сәулеттік нысандарға, навигацияға, жарықтандыруға және көше жиһазына бірыңғай талаптар енгізу жоспарланып отырса керек.Сонымен бірге қаланың көгалдандыру сапасының стандартын, бірыңғай сәулеттік келбетті қалыптастыру стандартын және жарықтандырудың шеберлік-жоспарын әзірлеу ұсынылған.

Бұл жұмыстарға 2026 жылға облыстық бюджеттен 550 млн. теңге қарастыру жөнінде бюджеттік сұраным жолданған.Егер бұл бастамалар жүзеге асса, Қызылорданың әр ауданындағы сәулеттік шешімдерді бір жүйеге келтіруге мүмкіндік артатыны айтылды.

Тұрғын үйлер қатары толықты

Қала құрылысының қарқынын тұрғын үй статистикасынан да көруге болады. Брифингте 2026 жылдың алғашқы алты айында  жалпы ауданы 158 479 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға қабылданғаны мәлім болды. Сонымен қатар әлеуметтік, коммерциялық және инженерлік инфрақұрылым бойынша құрылысы аяқталған 323 нысанның қабылдау актілері қаралып, оның 237-сі есепке алынғаны жарияланды.Бұл жұмыстар Қызылордада құрылыс қарқынының жоғары екенін тағы бір мәрте айқындап отыр.

Осы орайда тұрғын үй санының өсуімен қатар қала инфрақұрылымын дамыту мәселесі де назардан тыс емес.Бұл тұрғыда жаңа үйлермен бірге мектеп, балабақша, жол, инженерлік желі, қоғамдық көлік, демалыс орындарын салып, жасыл желекпен қамтуға басымдық бар.

Қай кезде де қала көркі оның тазалығы, абаттандырылуы, жарнамалардың реттелуімен  маңызды.Бұл ретте 2026 жылғы 12 наурыздан бастап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабы бойынша 107 хаттама рәсімделген. Оның 61-і ескерту болса, 46 жағдайда жалпы сомасы 4 млн. 501 мың 525 теңге көлемінде айыппұл салынған.

Брифингте сыртқы жарнама саласында да жұмыстар атқарылып жатқаны айтылды. Бұл тұрғыда алты ай ішінде бөлімге 104 өтініш түсіпті.

Бүгінде қала бойынша 8 жарнама агенттігі жұмыс істейді.Жарнама нысандарын ретке келтіру жұмыстарының нәтижесінде қала бюджетіне 47 млн. 753 мың 666 теңге түскен.Бұл бағыттағы жұмыстардың барлығы қаланың сыртқы келбетін жүйелеуге бағытталып отыр.

Алдағы міндет ауқымды

Бөлімнің алғашқы жартыжылдықтағы жұмысына қарап, Қызылордада қала құрылысы саласының бірнеше бағыты қатар дамып жатқанын аңғаруға болады.

Біріншіден тұрғын үй және коммерциялық нысандар құрылысы қарқынды жүргізіліп жатса, екінші жағынан, осы құрылысқа құқықтық және сәулеттік тәртіп орнату міндеті басты назарда тұр. Сондай-ақ қаланың болашақ дамуын айқындайтын жаңа бас жоспар әзірленіп жатыр.

Осы ретте жаңа бас жоспар өз  тиімділігін көрсетіп,  сәулеттік стандарттар қабылданғанда ғана қаланың өзіндік келбеті қалыптасады деген үміт зор. Ал абаттандыру, көгалдандыру және қоғамдық кеңістіктерді дамыту жүйелі түрде жүргізілсе, қала келбеті одар бетер айшықтала түсері анық.

Жалпы Қызылорда аумағында атқарылар жұмыстардың ауқымдылығы аңғарылады. Осы арқылы Сыр шаһарының аумағын ұлғайтып қана қоймай, оның өмір сүруге қолайлы ортасын қалыптастыру негізгі міндет ретінде қарастырылып отыр.

Бір сөзбен айтқанда  Сыр бойындағы бас шаһардың ертеңгі сәулеттік келбеті бүгінгі қабылданатын шешімдерге байланысты болып тұр. Сондықтан жаңа бас жоспардағы әрбір көше, ғимарат, қоғамдық кеңістік пен инженерлік нысан Қызылорданың ұзақ мерзімді даму логикасына сай болуы қажет.

Е. Тағыберген

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған