Мектеп формасын сақтамаған айыппұл төлейді
Оқушылар мектеп қабырғасында тиесілі сабақ үлгерімінен тыс өзге де талаптарға мойынсұнғаны абзал. Себебі, білім ордасындағы басшылық ата-аналар мен қамқоршылық кеңестің пікірлерін қаперге алып, білім алушыларға тиесілі талаптарды күшейтуі бек мүмкін. Бүгінде оқушы қыз балалар білім беру мекемесіне макияжсыз келуі тиіс деген заң жоқ. Алайда жасөспірім қыздардың опа-далапқа қызығушылық танытатын кезеңдерінде тікелей заң болмаса да, әр мектеп ішкі тәртіп ережелеріне өзгеріс еңгізіп, сабаққа кірпік қосып, бет әрлеп келуге тыйым салуы мүмкін. Мәселен, мектеп формасына қатысты ережені ескермеген оқушының ата-анасына ескерту жасалады. Орындалмаса 5 АЕК көлемінде, нақтырағы 21 625 теңге айыппұл салынады. Сол себепті, тәртіпке бағынған дұрыс.
Сондай ақ, әр мектептегі өзін-өзі басқару органдары, қамқоршылық кеңес және ата-аналар жан-жақтан бірлесіп балалардың мектеп формасына таңдау жасайды. Көпшіліктің талғамы жергілікті климатка, мектептегі температураға сәйкес келуі міндетті. Ер және қыз балаларға арналған мектеп формасы мерекелік, күнделікті және спорттық бағытта болуы тиіс. Форманы білім беру мекемесі белгілі бір дүкен, не тігін цехынан алуға мәжбүрлей алмайды. Егер аталған фактіге сәйкес өрекескел оқиғалар орын алса, Оқу-ағарту министрлігіне, болмаса Білім саласында сапаны қамтамасыз ету аумақтық департаментіне шағым түсіруге болады.
Смартфонға тыйым…
Министрліктің мәлімдеуінше, оқу барысында оқушылардың ойы жан-жаққа алаңдамаулары үшін смартфон қолдануға тыйым салынбақ. Нақтырағы 1-7 сынып оқушылары сабақ барысында ұялы телефондарын ұстаздарға тапсыруы, немесе сөмкесінен шығармауы қажет. Әйткенмен, үзіліс кезінде телефон қолдануға құқылы екендерін ескерген жөн. Жоғары сынып білім алушыларының оқу форматына бұл ретте сәйкес талап басқаша болады.
Оқушылар жаңа оқулықтармен оқиды…
Елімізде осы оқу жылындағы жаңа ережелер мен талаптар барысында жаңалықтар орын алуда. Мәселен, оқушылар үшін қолданыстағы оқулықтар жаңартылмақ. Жоспарға сәйкес, 3-і сыныптың жаңа оқулықтары келер айдың соңына дейін қолданысқа беріледі. Осы үрдіспен сәтін салса келер жылдың басына дейін 4 және 9 сыныптарға, сәуір айына дейін 8-ісыныпқа арналған оқулықтарға өзгерістер еңгізіледі. Айта кету керек, басымдық қазақ және орыс тілдері, математика, дүниетану, әдебиеттік оқу, музыка, дүние жүзі тарихы пәндеріне беріледі.
Мектептегі ас мәзірінде өзгеріс бар
Көпшіліктің көкейіндегі күп болып жүрген ыстық тамаққа қатысты аса өзгеріс жоқ. Әдеттегідей әлеуметтік осал топтағы балалар мен бастауыш сынып оқушылары толықтай тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Ал ас мәзіріне және ондағы құрамға қатысты талап күшейді. Балалардың денсаулығына пайдалы құнарлы тағам түрлерін қолдана отырып, ас әзірлеуге басымдық беріледі. Қант пен иодталған тұз да белгілі мөлшерде қолданылады. Көкөніс, жеміс, жарма, жаңғақ, жидек түрлері мен бұршақ тұқымдастар міндетті түрде ас мәзірінің басты қоспа түрлері болады. Осы арқылы өскелең ұрпаққа үздік білім берумен қатар, олардың дендерінің саулықтарына да басымдық берілуде.
Медициналық тексеруден өткізуде өзгеріс бар
Елімізде балаларды профилактикалық медициналық тексеруден өткізу енді жаңа әдіспен жүргізілмек. Медициналық тексеру нәтижелерін цифрлық жүйелер мен мобильді қосымшалар арқылы қарауға мүмкіндік бар. Медицина мамандары бүлдіршіндерден жасөспірімдерге дейін реттілік бойынша бой және салмақтан бастап, деннің саулығын жан-жақты тексеруге міндетті. Сонымен бірге, алты жасқа дейінгі балаларды міндетті түрде лор, хирург, офтальмолог, стоматолог және невролог мамандарына қарату қажет. Өзгерістерге сәйкес медицина мамандары баланың терісінен жара, не күйік тыртығын көрсе, немқұрайлылықпен қарамай, оның қауіпсіздігі үшін арнайы күтім мен көмек көрсетуі тиіс. Балаларға плантография жасалады, қандағы оттегі деңгейі тексеріледі. Сәйкесінше жүрек қағысын ЭКГ аппараты арқылы анықтайды. 10, 14, 15, 16 жастағы балалар кардиограмма арқылы тексерістен өтеді. Он жастан асқан балалардың жыныстық даму деңгейіне зер салынса, қыз балалардың жетілуі 12, 14 және 16 жаста қаралады.
Ұстаздардың дайындығын ЖИ анықтайды…
Жоспарға сәйкес министрлік жасанды интеллект құралын алдымен Павлодар және Қызылорда облыстарындағы 10 мектепте тестілеуден өткізіп, қолдану аясын 500 шағын жинақты мектепке дейін кеңейтуді көздеуде. Сәтін салса, болашақта еліміз бойынша тіркелген 2600 шағын жинақты мектепке енгізуді негізге алуда. Айта кетейік, ел мектептеріне жасанды интеллектті енгізудегі басты мақсат – қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасын теңестіріп, ЖИ-репетиторларды да қолданысқа еңгізу.
Әскери өтілі жоқтар АӘД-тан сабақ бермейді…
«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңға енгізілген өзгертулерге сәйкес, осы оқу жылында АӘД жаңа бағыт бойынша оқытылмақ. Яғни “Алғашқы әскери дайындық” пәні қолданбалы, тәжірибелік сипатқа ие болуынан бөлек ұстаздардың әскери өтілі болуы да басты назарда болады.
Бірінші сынып көбейді…
Соңғы жылдары сұранысқа сәйкес мектеп саны да артуда. Қуантарлығы соңғы алты жылда елімізде 1200-ден астам жаңа мектеп бой көтеріп, үш ауысымда жұмыс істейтін білім ордаларының саны төрт есеге азайған. Жалпы білім беретін 8048 мектепке қосымша осы жылы 101 жаңа мектептің іргетасын қалау министрліктің жоспарына еңгізілген. 2026-2027 оқу жылында бірінші сыныпқа қабылданған оқушылар саны 380 мыңнан асты. Мемлекеттік мектепке 296 мыңы барса, 23 мыңға жуық оқушы мен ата ананың таңдауы жекеменшік мектептерге түскен. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар 4 мыңға жуық бала білім беру ұйымдарына қабылданды. Айта кету керек, облыс орталықтарындағы білім ордаларына 191 мыңға жуық, ауылдық мектептерге 128 мың оқушы бірінші сыныпқа қабылданған.
Қандай өзгерістер бар?
Жаңа оқу жылы басталды. Енді 2-4 сыныптарда формативтік бағалау тәртібі өзгерді. БЖБ мен ТЖБ-ның орнына аралық бағалау енгізілді. Формативтік бағалау арқылы оқушының бір ғана тапсырмасын емес, сабақ басталғаннан аяқталғанға дейінгі барлық оқу әрекеті тұтастай ескеріледі. Әр пән бойынша бір тоқсанда 30 сабақ өткізілсе, оқушы кемінде 9 сабақта формативтік балл алуға тиіс. Бұл – ең төменгі талап.
Аралық бағалау белгілі бір бөлім немесе бөлімдер аяқталғаннан кейін сол кезеңде меңгерілген білім мен дағдыларды қорытындылайды. Оны диктант, бақылау жұмысы, шығарма және мазмұндама арқылы бағалайды.
Аралық бағалаудың ең жоғары баллы: 2-ші сыныпта 12 баллға дейін; 3-ші сыныпта 14 баллға дейін; 4-ші сыныпта 16 баллға дейін.
Мектептерде жаңа пәндер мен міндетті курстар да енгізілуде.
5–7-ші сыныпта «Конституция негіздері» пәні; 8–11-ші сыныптарда «Заң мен тәртіп» міндетті курсы; 5–11-ші сыныптарда «Жеке қауіпсіздік» міндетті курсы оқытылады.
Келесі оқу жылынан бастап 8–9-сыныптарда «Қазақстан географиясы» пәні қайта енгізіледі.
Клубтар, үйірмелер мен әскери-патриоттық сыныптар «Жас айбын» бірыңғай мәртебесімен біріктірілді. Жоба қатысушылары үшін келісімшарт бойынша әскери қызметке және әскери оқу орындарына түсу кезінде ынталандыру шаралары қарастырылды.
Сондай-ақ мектептерде профилактикалық медициналық тексерулер мен мектеп медицинасының цифрландырылған жүйесі кезең-кезеңімен енгізіледі.
Балаларды тексеру кезінде цифрлық электрокардиографтар, фонендоскоптар, пульсоксиметрлер, отоскоптар және басқа да заманауи диагностикалық құралдар пайдаланылады.
Баланың денсаулығына қатысты мәліметтер цифрлық жүйелерде жинақталады. Бұл медициналық тексеру нәтижелерін, қауіп факторларын және мамандарға жолдамаларды бір жүйеде бақылауға мүмкіндік береді.
* * *
Қыркүйектің 7-нен бастап Бірыңғай зейнетақы қорында жиналған ақшаны толығымен сенімгерлік басқаруға беруге болады. Бұған дейін тек 50 процентін аударуға рұқсат еді.
Зейнетақы жинағын сенімгерлік басқаруға беру үшін өтініш жазылады. Ал өтініш жіберілмесе, жинақ бұрынғыдай қорда қалады. Оны ұлттық банк басқара береді.
Әлеуметтік кодекске «Зейнетақы активтерінің инвестициялық портфельдері» атты жаңа бап енгізілді.
* * *
15 қыркүйек – биылғы жыл бойынша кірістер мен мүлік туралы 270.00 нысандағы декларацияны тапсырудың соңғы күні. Декларацияны мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары, заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, жеке практикамен айналысатын азаматтар, цифрлық актив иелері және өз бетінше салық төлеуге міндетті табыс алған адамдар тапсырады.
Бір жылдың ішінде жалпы құны 20 000 АЕК-тен, яғни шамамен 86,5 млн теңгеден асатын ірі сатып алулар да декларацияда көрсетіледі. Бұған жылжымайтын мүлік, автокөлік, арнайы техника, ЖШС-дегі үлес, бағалы қағаздар, тұрғын үй құрылысына қатысу үлесі және инвестициялық алтын жатады.
Ал декларацияны тапсырудың нәтижесінде жеке табыс салығын төлеу міндеті туындаса, оны 2026 жылғы 25 қыркүйекке дейін төлеу қажет.
* * *
Қыркүйек айынан бастап мемлекеттік және жалға берілетін тұрғын үйді, сондай-ақ жеңілдетілген ипотекалық қарыздарды бөлуге қатысты жаңа талаптар күшіне енеді. Қолжетімді тұрғын үйдің кемінде 70%-ы жеңілдік санатына жататын азаматтарға беріледі. Оның ішінде кемінде 20%-ы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, тағы кемінде 50%-ы әлеуметтік осал топтарға қарастырылады.
Алайда жеңілдік мәртебесінің болуы жеткіліксіз. Үміткер тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұруы керек. Сонымен бірге отбасының табысы, құрамы және кезектілігі ескеріледі.
Ауылдық елді мекендердегі мемлекеттік жалдамалы тұрғын үйді бөлу тәртібі де өзгереді.
Тұрғын үйге мұқтаждар кезегінде тұрған азаматтарға өз ауданы аумағындағы қолжетімді жалдамалы баспананы өз бетінше таңдау мүмкіндігі беріледі. Өтінім қабылдаудың алғашқы кезеңі 1-7 қыркүйек аралығында «Отбасы банк» платформасы арқылы жүргізіледі. Өтінім беру үшін электрондық цифрлық қолтаңба қажет.
* * *
Қыркүйектен бастап шетелде жүрген Қазақстан азаматтары үшін кейбір консулдықтарда паспорт рәсімдеу мерзімі үш айдан 40 күнге дейін қысқарады.
Құжатты рәсімдеу мерзімі дипломатиялық өкілдіктің цифрлық жүйеге қосылғанына, қосылмағанына қарай 40 жұмыс күнінен 90 күнтізбелік күнге дейін болуы мүмкін.
А.Әлиарыстан