Жаһандану, ғаламдану деп айдарланған қазіргі заманда ел әлеуетін арттыруда теміржол орны ерекше.
Осы аптаның сейсенбісінде өткен кезекті Үкімет жиынында теміржол саласын дамыту бойынша Президент тапсырмасының орындалу барысы қаралды.
Үкімет басшысы О.Бектенов:
– «Мемлекет басшысы еліміздің теміржол желілерін барынша дамыту – айрықша маңызды міндет екенін атап өтті. Жаңа теміржол желілерін салу, вагондар мен локомотивтер паркін жаңарту, қолданыстағы жолдарды жаңғырту және вокзалдарды реконструкциялау бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша биыл бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаны аяқтау жоспарлануда» деп жиынды бастады.
Теміржол желілері бойынша жүк, жолаушы тасымалын қамтамасыз етуді жақсарту бойынша бірқатар жобалар жүзеге асып жатыр. Соның бірі “Дарбаза–Мақтаарал, “Мойынты –Қызылжар” жолдары алдағы қараша айында іске қосылғанда, биылғы транзиттік тасымал көлемі арта түседі. Жалпы теміржол қозғалысын жақсарту бір биылмен шектеліп қалмайды. Алдағы жылдары да жүзеге асатын жобалардың қаржыландыру көздері нақтыланып, техникалық құжаттамалары қазірден әзірлене бастайды.
Теміржол вокзалдарын жаңғырту, қайта салу бойынша біраз жұмыстар атқарылды. Осы жолғы жиында енді оны аяқтау талқы болды. Мәселен, қайта жаңғыртылған 30 вокзал 1 шілдеге дейін жолаушыларға қызмет көрсетуі керек. Ал қалған вокзалдарды жөндеу 1 қазанға дейін бітуі керек. Әр апта сайын өңір әкімдерінің жөнделіп жатқан вокзалдарды аралап, жұмыс сапасын тексеріп жүргені тек емес. Өйткені Үкімет тапсырмасы әкімдерден сұралады.
Бұл жиында Үкімет басшысы О.Бектенов жолаушылардың вагондарға қатысты сын-ескертпелерін тізбектеп, тиісті орындарға вагондарда сапалы қызмет көрсетуді тапсырды.
Бұл ретте ел үшін жақсы жаңалық та бар. Биылғы жылдың қыркүйегіне дейін отандық 500 жолаушы вагонын, 13 мың жүк вагонын сатып алудың бесжылдық бағдарламасы бекітіледі.
Сондай-ақ осы жыл соңына дейін 215 жаңа локомотив, 1,5 мың жүк және жолаушы вагоны желіге шығады.
Жалпы теміржол қозғалысында цифрландыру мен жасанды интеллект пойыз қозғалысын, жүк, жолаушы тасымалын жақсартады деген үміт бар.
Жиын қорытындысында теміржол қозғалысын жақсарту бағытындағы жұмыстарды үйлестіру Бектеновтің бірінші орынбасары Н.Нәлібаевқа жүктелді.
“Жолаушыларға қызмет те жаңа сапада болуы керек”
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында теміржол саласы мен инфрақұрылымын дамыту мәселесі қаралды. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты. Үкімет отырысынан кейінгі облыс әкімдігінің мәжілісінде өңірдегі теміржол қозғалысына қатысты мәселелер жан-жақты талқыланды.
Аймақ басшысы өңірде жаңғыртудан өтіп жатқан теміржол вокзалдарын коммуналдық меншікке қабылдауды заңнама талаптарына сәйкес уақытылы аяқтауды тапсырды.
–Теміржол вокзалдарының сыртқы келбеті ғана емес, жолаушыларға қызмет көрсетуі де жаңа сапаға көшуі тиіс. Қала, аудан әкімдіктерімен бірлесіп, вокзалдар аумағының абаттандырылуын, көгалдандырылуын, санитарлық тазалығын күнделікті қамтамасыз етіңіздер, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Облыс аумағынан 1051 шақырым теміржол желісі өтеді. Оның 83,4 шақырымын күрделі жөндеу басталды. Бүгінгі күнге дейін 50,4 шақырымы жөндеуден өткен, қалған 33 шақырымы жыл соңына дейін бітеді. Сексеуіл станциясында 18,7 шақырым теміржол салынып, 77 жиынтық бағыттамалы бұрма орнатылуда.
Қызылорда облысынан 15 жұп, облыс орталығынан Астана, Петропавл, Павлодар, Көкшетау, Семей, Түркістан қалаларына 6 жұп жолаушы пойызы қатынайды.
Осыдан екі жыл бұрын Қызылорда қаласындағы теміржол вокзалы күрделі жөнделіп, іргелес аумағы абаттандырылды. Бүгінде өңірдегі 7, атап айтқанда Жаңақорған, Шиелі, Жосалы, Төретам, Қазалы, Арал теңізі, Сексеуіл вокзалдарында, Тереңөзек пен Жалағаштағы қызмет көрсету пункттерінде, Жаңақорған ауданы Талап бекетіндегі жолаушылар платформасында күрделі жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Қазалы, Шиелі, Жаңақорған вокзалдары мен Талап бекетінде құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды.
Сондай-ақ мәжілісте жауапты басшыларға бір апта ішінде өндірістің жаңа бағыттарын дамыту және іске қосуға қатысты нақты ұсыныстар әзірлеу міндеттелді. Негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің оң динамикасы сақталуы тиіс.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы күзгі залалсыздандыру жұмыстарын сапалы әрі бекітілген кестеге сәйкес жүргізу мәселесі де талқыланды.
Облыс әкімі кенеге қарсы өңдеу шараларын ветеринариялық талаптарға сай ұйымдастырып, орындалуын қатаң бақылауды тапсырды. Аурудың алдын алудың және алғашқы белгілері байқалған бойда медициналық көмекке жүгінудің маңызы туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізілуі қажет.